Жаңа ғимарат – оқырманға жайлы мекен | arainews.kz

Жаңа ғимарат – оқырманға жайлы мекен

185

Бүгін Тараз қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесіне кіретін №4 кітапхана жаңа ғимаратқа көшірілді.
Бұған дейін кітапхана денсаулық сақтау басқармасына қарасты «Бөбек» сауықтыру орталығында небәрі 36 шаршы метрде орналасқан болатын.

Жаңа ғимарттың жалпы көлемі 165 шаршы метрді құрайды. Кітап қоры 12 500 дана, сондай-ақ оқырманға абонемент, оқу залы, коворкинг орталығы бар. Кітапханаға келушілердің бос уақытын тиімді әрі пайдалы өткізуіне бар жағдай жасалған.

Жаңа ғимараттың ашылу салтанатында сөз алған қала әкімі Бақытжан Орынбеков ұлт руханияты мен мәдениетінің мәйегі – кітапхана екендігін айтты.
– Бүгінгі қоғамымыздың даму деңгейі өздеріңіз білетіндей, тікелей білімге байланысты. Қазіргі саяси-экономикалық додада көш бастап, әлемдік аренада жетекші орын алу үшін – білім мен ғылымға қолайлы орта керек.
Бүгінде Тараз қаласы «Орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде 8 кітапхана халыққа қызмет көрсетеді. Мұндағы жалпы кітап қоры – 404 998 дана кітапты құрайды. Жылына 58 216 оқырманға қызмет көрсетеді.
Мұндай қалың оқырманы бар қаламызда кітапханалардың мәртебесіне ерекше мән берілуде. №4 кітапханасының «Бәйтерек» шағын ауданынында жаңа ғимаратқа көшуі – соның дәлелі.
Сондықтан барша оқырман қауымды жаңа әрі жанға жайлы ғимаратқа қоныстануымен шын жүректен құттықтаймын! Рухани азық алар дүниелеріңіз көп болғай!
Ойлы оқырман жиылатын құтты ордаға айналсын!

Жиында жазушы, драматург, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Елен Әлімжан кітап және кітапхана маңызына ерекше тоқталды.

Шаһарда мәдени-көпшілік іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.