Жаңа басшы журналистермен жүздесті | arainews.kz

Жаңа басшы журналистермен жүздесті

224

Жуырда ғана Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры қызметіне тағайындалған Ержан Әмірбекұлы республикалық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесті. Тілшілермен өткен емен-жарқын басқосу барысында Ержан Әмірбекұлы жоғары білім саласындағы жаңашылдықтарға сай алдағы уақытта оқу орнында қолға алынатын баянды бастамалар турасында кеңінен әңгімеледі. Сонымен қатар, медиа саласының мамандары да көкейлерінде жүрген орамды ойларын ортаға салып, бірқатар ұсыныстарын жеткізді.

Алдымен өзінің қызмет жолына тоқталған университет ректоры он сегіз жыл жырақта жүргенін, ендігі уақытта бойындағы бар қарым-қабілетін бүгінгі таңда өзі жетекшілік етіп отырған білім ордасының дамуына жұмсайтынын айтып өтті.
– Қазақстандық бренд ұғымын қалыптастыруда педагогика саласының мамандарына артылатын жауапкершілік жүгі салмақты. Сондықтан, Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің басты миссиясы жоғары білікті педагог қалыптастыру болып отыр.
Бұл орайда университетте бірқатар ауқымды жобаларды қолға алудамыз. Мектеп мұғалімдерімен университет арасын жақындатып, академиялық кеңістік құрып жатырмыз. Жуырда облыс әкімдігінің білім басқармасымен келісімге келдік. Келісім аясында университет оқытушылары мектепке, мектеп мұғалімдері университетке келіп, сабақ өткізбек.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Орталық Азиядағы білім хабына айналсын» деген тапсырмасы аясында жүйелі түрде жұмыстар атқарылуда. Бүгінде университет әлемнің 60 мемлекетімен келісімшартқа отырған. Сондай-ақ, мұғалімдердің біліктілігін арттыру, тәжірибие алмасу мақсатында педагогтардың да белгілі мерзімге шетелдік университетте жұмыс атқаруына жол ашылған. Алдағы уақытта Германия, АҚШ, Англия, Сингапур, Франция, Жапония сынды мемлекеттердің алдыңғы қатарлы оқу ордалары келісімшартқа отыруға мүдделі. Бұл қадам мамандардың бір-бірімен тәжірибе алмасуына зор мүмкіндік береді.
Бізде Түрікменстан, Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан, Қырғызстанның мектеп түлектері оқиды. Мәселен, университетімізде биыл ТМД елдерінің 700-ге тарта азаматы тәлім алуда, – деді Ержан Әмірбекұлы.
Университет басшысы өз сөзінде жоғары білім беру ісінде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің де ұтымды пікірлері, ұсыныстары назардан тыс қалмайтынын атап өтті.
Сондай-ақ, Е.Әмірбекұлы Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлауда сапалы білім беруге, шет тілдерін үйренуге, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге, халықаралық ғылыми байланысты нығайтуға айрықша көңіл бөлетінін тілге тиек етті. Айта кетерлігі, келесі жылы оқу орнында екі жатақхананың құрылысы басталмақшы екен.
Кездесу соңында БАҚ өкілдері өздерінің ұсыныстарын айтып, ойларымен бөлісті.

Шынболат Күзекбаев

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.