Жамбылдық пошташылар төл мерекелерін атап өтті | arainews.kz

Жамбылдық пошташылар төл мерекелерін атап өтті

1 711

Биыл қазақстандық пошта қызметі 25 жылдық мерейтойын атап өтуде. «Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» пошта қызметі заман қанша жерден қарыштап дамып, адамзаттың аяғы ай бетіне із салса да ақпараттанған қоғамда өз маңыздылығын жойған жоқ. Керісінше заманауи техникалық тәсілдер арқылы қарбалас тіршілігі қыза түсуде. 9 қазан – дүниежүзілік пошта күніне орай «Қазпошта» АҚ Жамбыл облыстық филиалының мәжіліс залында «Жазылушы күні» мерекелік іс-шарасы өтті.

Есте жоқ ескі заманалық аңыз-дастандардағы хат тасушы көгершіндердің өмірде расымен болғандығын қарт тарихтың өзі мойындап отыр. Бұл жазу-сызу пайда болғалы бері адамзат өркениетімен бірге біте қайнасып дамып келе жатқан пошта қызметінің тамыр-тарихы тым тереңде жатқандығын аңғартса керек. Осылайша ақпарат арнасына айналған пошта қызметі Ұлы Далаға да ене бастады. Ел тәуелсіздігін алғаннан кейін  1993 жылдың 5 сәуірінде тәуелсіз Қазақстан Республикасында алғашқы қазақ поштасы құрылып, ресми түрде мемлекеттік мәртебе алды.

Биыл қазақстандық пошта қызметінің құрылғанына 25 жыл толып отыр.  Осы 25 жыл бойы Қазақстан поштасы бір миллиардтан астам пошта жөнелтілімін өңдеп, пошташылардың  25 жылдағы  бағдарларының ұзақтығы  3 миллиард  695 миллион шақырымға  жеткен. Қазірдің өзінде Қазпошта ел аумағында әр сағат сайын 3000-нан астам сәлемдеме қабылдап, жөнелтеді екен. Сонымен қатар пошта қызметі мерзімді басылымдарды, газет-журналдарды дер кезінде оқырманға жеткізу ісінің де шебері атанды.

Осы орайда сала мамандарының салтанатты шарасына облыстық «Ақ жол» газетінің директор-бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы, аймақтық «Знамя труда» газетінің ұжымы, облыстық «Арай» жастар газетінің директор-бас редакторы Дәулет Төлендіұлы, облыстық «Ғұмыр-Дария» ардагерлер газетінің бас редакторы Жаңабай Миллионов, облыстық «Балалық шақ – Детство» газетінің бас редакторы Гүлнар Есмаханова, сала ардагерлері қатысты. Аталмыш басылымдар шара барысында өз оқырмандарымен жүздесіп, газеттерінің әр жылдардағы нөмірлерімен, жаңа өзгерістерімен таныстырды.

Ең алдымен сөз сөйлеген «Қазпошта» акционерлік қоғамы Жамбыл облыстық филиалының директоры Пірәлі Болысбек әлем бойынша қазақстандық пошта қызметі үздіктердің арасынан 27 орынға тұрақтағанын, ал ағымдағы жылдың есепті мерзімінің қорытындысы бойынша ел аумағында жамбылдық пошташылар ең үздік сапалы қызмет көрсетіп, 1-орынға ие болғандығын мақтанышпен жеткізді. Сөз соңында ұжым басшысы осындай жетістіктер әріптестерінің қалтқысыз қазметінің, адал еңбегінің арқасында екендігін атап өтіп, жергілікті баспасөз қызметтеріне, бас редакторларға рухани іскерлік әріптестігі үшін алғысын білдірді.

Облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Жорабек Сансызбаев жамбылдық пошташылардың мінсіз қызметін тілге тиек етіп, мерекелерімен құттықтап, пошта қыметінің сонау ерте ғасырлардан бері жалғасып келе жатқан көне кәсіп екенін, Ұлы Отан соғысы жылдары әр ауылдың көз қуанышына айналғандығын айта келе, сый-сияпат жасады.

Ғасырға жуық тарихы бар облыстық «Ақ жол» газетінің директор-бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы пошташылардың жеделдігін ерекше атап өтіп, жергілікті баспасөздің жәрмеңкесіне айналып, басылымдардың мақсат-мүддесін ортақтастырған шараны ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді. Сөз соңында пошта һәм халық пен билік арасындағы алтын дәнекер болып отырған баспасөздердің бірлестігі негізінде ардагерлерді газетке тегін жазуды ұйымдастыру қажеттігін жеткізді. Шара барысында пошташылар ән мен жырдан шашу шашып, өнерден де кенде емес екендерін көрсетті.

Ал оншақты газет-журналдың тұрақты жазылушысы болып келе жатқан Нұрмахан Төлегенов ұжым басшысына пошташылардың айлық жалақысы көтерілсе деген ұсыныс лебізін айтты. Шара соңында «Қазпошта» акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры мамандар арасындағы байқауда «үздік пошташы» атанған, салада жиырма жылдық еңбек өтілі бар Хадиша Тілеумаханова мен 1 орын иегері Гүлнар Нұрымбаеваны және жұмыс барысында әрдайым белсенді әріптестік байланыс орнатып жүрген жергілікті баспасөз басшыларын, кітапханашыларды алғыс хатпен марапаттап, алғысын айтты.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.