Тараз қаласындағы Ардагерлер үйінде облыстық ардагерлер кеңесі Төралқасының отырысы өтіп, онда қаралған күн тәртібіндегі мәселелер Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жуырда ғана шыққан «Ұлы даланың жеті қыры» атты кең көлемді мақаласы төңірегінде ой-пікір білдіріп, талдаудан басталды. Жиынға Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев пен кеңес төралқасының және кеңес мүшелері, аудандардағы ардагерлер кеңесі басшылық өкілдері, Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры, экономика ғылымдарының докторы Ержан Әмірбекұлы, облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Данияр Жұмабаев қатысты.
Жиынды ашып, жүргізген Е.Солтыбаев Президент мақаласына аз-кем тоқталып өтіп, сөз сөйлейтіндерге осы еңбекте айтылып өткен рухани құндылықтар және оны кейінгі ұрпаққа тәптіштеп жеткізу төңірегінде ой өрбітуге шақырды.
Мақалада келтірілген төл тарихымызға, ұлттық болмыс-бітімге қатысты өз ойын алдымен ТарМПУ ректоры Ержан Әмірбекұлы ортаға салды.
– Қазақ қашанда өзінің өткенін, түп тарихын, сананы жаңғыртуды ұлтымызға тән қасиеттерден, абыздардың әңгімесінен, қариялардың батасынан, үлкендердің өнегесінен іздеп өскен халықпыз. Тарих туралы сөз қозғай қалсақ, әдетте ең алдымен Абылайхан заманы, жалпы, жоңғар шапқыншылығы жылдарындағы қиын кезең, Ақтабан шұбырынды, одан бертіндегі ұжымдастыру, ашаршылық, Ұлы Отан соғысы, 1991 жылғы тәуелсіздік алған кездер ғана ойға түсе қалады. Ал, бірақ біздің ұлттық тарихымыз одан арыда жатыр емес пе? Осы ұлан-байтақ даламызда ат тұяғын дүбірлетіп сақтар да жүрді ғой. Жарты әлемді жаулаған ғұндар да біздің жерімізде өмір сүрген. Одан бергі түркі дүниесінің бесігі саналған Қазақстан түркі жұртшылығын да жұмылдырды емес пе? Біз өз жерімізде Әбунасыр әл-Фарабидің шыққанын да мақтан тұтамыз. Жалпы, адамзаттың көкейінде тұрған арман-мақсат – бақытты мемлекет құру. Егер әл-Фарабидің де, Қожа Ахмет Ясауйдің де ішкі дүниесіне, философиясына үңілсек бәрінің көксегені бақытты мемлекет қалыптастыру болған.
Қазіргі буынның ойдан шығарылған шетелдік Супермэн, Бэтмэн, Өрмекші адам сяқты жасанды кейіпкерлдерді пір тұтып, соларға еліктеп жүргені қынжылтады. Қай тарихымызды қозғасақ та ұрпаққа ұран болған жүректі де білекті бабаларымыз болды емес пе? Міне, Президент мақаласының басты ойы осы стереотипті бұзып, өз батырларымызды балаларымызға кеңінен насихаттап, үлгі-өнеге етуге үндейді. Түптеп келгенде төл тарихымызды танытуды айтады, – дейді университет ректоры Е.Әмірбекұлы.
Әлемдегі бәсекеге қабылетті отыз елдің қатарына кіру үшін не істеу керекпіз, қандай болу керекпіз деген мәселе төңірегінде ойын тұжырымдаған белгілі жазушы-драматург Елен Әлімжан да ұрпақ тәрбиесіне үлкен мән беру керектігін жеткізді.
Одан кейінгі сөз алған айтары бар ақсақалдар да Елбасы мақаласында баяндалған ұлтқа тән жеті қырымыздың қасиетін түсіндіруге тырысты. Мақаламен үндес, саналы ғұмырында көкейлеріне түйген келелі ойларын салмақтап жеткізді.
Қысқасы, ұрпақ тәрбиесі, болашақ буынның ел мен жерге деген сүйіспеншілігін арттыру жолында жергілікті қариялардың қам-қарекеті қандай болу керектігі төңірегінде пікір алмасқан отырыс соңы «Ғибрат» орталығында жалғасты. Онда облыстық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған «Атадан қалған асыл сөз» клубы мүшелері белгілі тележурналист, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, бүгінде облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Құрманғалидің құрастыруымен жақында жарық көрген «Алаш айтқан асыл сөз» кітабы мен Алаш арыстарының ұлт болашағы жолындағы төккен тері, қалтқысыз қызметі жайлы әңгіме-дүкен құрды.
Жасұлан Сейілхан