Жамбылда «Тізгінді бердік жастарға, Ел жайын айт жасқанба» атты облыстық айтыс өтті | arainews.kz

Жамбылда «Тізгінді бердік жастарға, Ел жайын айт жасқанба» атты облыстық айтыс өтті

213

Айша бибі ауылында Жамбыл ауданы әкімдігінің, аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Тізгінді бердік жастарға, Ел жайын айт жасқанба» тақырыбында облыстық жас ақындар айтысы өтті. Жамбыл атындағы «Руханият» орталығы да айтыстың жоғары деңгейде өтуіне өзіндік үлестерін қосқанын айта кеткеніміз ләзім.

Жамбыл облысының 80 жылдығы және Жастар жылы аясында өткен жыр додасына 12 ақын қатысып, жүзден жүйрігін анықтады. Ақындар аламанын құттықтау сөзбен ашқан Жамбыл ауданының әкімі Бақыт Қазанбасов сөз маржаны, ой тұнығы молынан ақтарылатын төл өнерімізге ауданда айрықша көңіл бөлініп отырғанын, жыл сайын түрлі деңгейдегі ақындар айтысын ұйымдастыру дәстүрге айналғанын тілге тиек етті.

Ақындардың өнеріне айтыскер ақындар Айтмұханбет Исақов (қазылар алқасының төрағасы), Ербол Қамбатыров, Ахметжан Өзбеков, Есет Досалы және Дархан Әбдіманат төрелік жасады. Сонымен қатар бұл жолғы айтыстың ең басты ерекшелігі-тәуелсіз сарапшының тағайындалуында болды. Тәуелсіз сарапшы Алик Бекмұсаев әр жұптың айтысынан кейін ақындардың басым түскен немесе ағат кеткен тұстарына тоқталып, сараптап отырды. Тіпті кейбір сәттерде түрлі себептермен төмен ұпай алып қалған ақындарға араша түсіп, лайықты бағасын алуға ат салысып отырды.

Сонымен көрермен тағатсыздана күткен ақындар айтысын Нұржан Манатбек (Талас ауданы) пен Мұқағали Балтабаев (Меркі ауданы) бастады. «Қол бастау қиын емес, сөз бастау қиын емес» демекші алғашқы екі жас ақынның жаңылысқан тұсы көп болып, тиісінше қазылар алқасы тарапынан да төмен бағаға ие болды. Мұнан кейін сахна төріне көтерілген Ернұр Бейсенов (Байзақ ауданы) пен Әділет Медетқұл (Шу ауданы) да көрермен күткендей айтыс жасай алмады. Себебі орысша сөздерді бей-берекет пайдаланып, «артық қыламын деп тыртық қылып» алған сәттері көп болды.    Тіпті тәуелсіз сарапшы бұл жұптың өнеріне «Лақпа айтыс» деп өз бағасын берді.

Ал Шапағат Сәбитқызы мен Елібек Нұрмағанбетов ә дегеннен ауыздығымен алысқан арғымақтар секілді кең көсіліп сала берді. Ой жүйріктігі мен көркем тілге шешендіктерін байқатты.  Екі ақында жалын атқан отты жырларымен, ұтқыр шумақтарымен, өткір ойларының өрнегімен көрерменді баурап алды. Қос жұпқа көрермен тік тұрып, зор қошемет көрсетті.

Сол секілді Мұхтар Қонарбаев пен Мерейхан Райымбаев жұбы да жып-жылы шумақтарымен халықтың көңілін тәтті сезімге бөледі. Бірін-бірі әзіл-қалжыңмен қағытып, суырыпсалмалық қабілеттерін сынап, елдің жетістігін өткір тілмен айшықтай жеткізді. Екі жас ақынның әлі талай аламанда облысымыздың намысын абыроймен қорғайтынына сенім мол.

Сонымен қатар Медеу Мырзатай мен Ербол Елшат  жұбының айтысы көрермен есінде ұзаққа сақталатыны сөзсіз. Қос ақын сөзді әріден қозғап, тереңнен ой толғады. Қоғамдағы жағымсыз көріністерді түйреді. Замандастарының ұлттық болмыстан ажырап бара жатқандығына қынжылды. Қалжыңның көрігін қыздырды. Алғашқы айналымды түйіндеген Дидар Аббасов пен Айым Көшербай қыз бен жігіт айтысының ерекше үлгісін көрсетті.  Қазақы қара сөздің құнарында қанып өскендігі жұп-жұмыр шумақтарынан анық көрінген екі ақын бір-бірімен үзеңгі қағыстырып жүрген жүйріктер екендігін танытты.

Айтыстың көркін қыздырған соңғы төрт жұп ақынға қазылар алқасы жоғары баға берді.

Қазылар алқасының ұйғарырымен ақтық айналымға сегіз ақын жолдама алып, нағыз шаппа-шап айтыстың үлгісін көрсеттіМұхтар-Елібек, Ербол-Шапағат, Мерейхан-Айым, Медеу-Дидар жұптарының қай-қайсысы болмасын жанартаудай атқылаған жалынды жырларымен жұртшылықтың жүрегіне жол таба білді.

Айтысты қорытындылаған қазылар алқасының төрағасы, айтыскер ақын Айтмұханбет Исақов сыншыдай көреген көздерімен ақындардың өнерін сарапқа салып, жанашыр болып отырған көрерменге, айтыстың жоғары деңгейде өтуіне ұйытқы болған аудан басшылығына және де Нұрлыбек Құрмановқа риясыз алғысын білдірді.

Жеңімпаз ақындарды марапаттамас бұрын Жамбыл аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры Махамбет Рақымжанов айтысқа демеуішілік жасаған азаматтарға Жамбыл ауданы әкімінің Алғыс хатын табыс етті. Айтысқа «Әулиеата Трансс Пасс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі демеуішілікжасаған. Сонымен қатар Айша бибі орта мектебінің директоры Бақыт Шертаева барлық ақынға арнайы сый-сияпат табыс етіп, құрмет көрсетті.  Сондай-ақ бірқатар ақындарға Нәби Момынов атындағы арнайы жүлде, «КазТрансГаз Аймақ» тағайындаған арнайы жүлде табыс етілді. Сол секілді Әлия Арзымбетова Тимур Арзымбетов атындағы арнайы жүлдемен екі ақынды марапаттады.

Ал жүлделі үшінші орынға қазылар алқасының шешімімен Айым Көшербай мен Медеу Мырзатай (50 мың теңге) лайық деп танылды. Ал екінші орынға Шапағат Сәбитқызы ие болып, ақынға 60 мың теңгенің сертификаты табыс етілді. Қынаптан суырылған қылыштай жарқылдаған Ербол Елшат бірінші орынды (80 мың) қанағат тұтса, дара шапқан Дидар Аббасов (100 мың теңгеге) бас жүлдеге ие болды.

Осылайша жырға сусындаған айтыссүйер көрерменде, құрмет-қошеметке бөленген ақындар қауымына рия пейілмен тарқасты.

Талғат Нұрханов

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.