Жамбылда 2 мектеп пайдалануға берілді | arainews.kz

Жамбылда 2 мектеп пайдалануға берілді

56

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында 2025 жылға дейін 1000 мектеп салуды тапсырған болатын.
Бүгінде бұл тапсырма Жамбыл облысында жүйелі түрде орындалуда. Облыс мектептерінің материалдық-техникалық базасы нығайып, жаңа мектептер салынып, апатты, үш ауысымды, орын тапшылығы бар мектептердің мәселесі рет-ретімен шешімін табуда.
Тараз қаласы «Бурыл» алқабында 200 орындық жаңа мектеп-гимназиясы пайдалануға берілді. Оқу ордасының ашылу рәсіміне Тараз қаласы әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов, қалалық мәслихаттың төрағасы Кенжебек Олжабай қатысып, ақжарма тілектерін арнады. Заманауи үлгіде жабдықталған мектепке 1-4 сынып аралығындағы оқушылар қабылданады. Мұнда 9 оқу сыныбы, интернет жүйесімен, заманауи құрылғылармен толық қамтамасыз етілген.
Сондай-ақ , Жамбыл облысы Меркі ауданы Ақ жол ауылында 80 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Бұған дейін 1931 жылы іргесі қаланған ескі ғимаратта біліп алып келген ауылдық оқушылар енді жаңа нысанда бір ауысымды оқитын болады.Мектептің құрылысына облыстық бюджеттен 452 млн. теңге бөлінген. Құрылыс жұмыстары жоба бойынша, өткен жылдың мамыр айында басталып, өз мерзімінде аяқталып отыр. Құрылысты мердігер мекеме – «ТемирСтрой Сервис и Ко» ЖШС жүргізген.Мектеп 17 оқу кабинеті, зертхана, шеберхана кабинеттерімен, асхана, кітапхана, лингафон кабинеті, мәжіліс және спорт залдарымен қамтылған. Жылу жүйесі газбен жабдықталған.
Айта кетейік, өткен жылы облыс бойынша 5 мектеп пен 1 мектепке жапсарлас құрылыс пайдалануға берілді.Сондай-ақ, 17 білім нысанына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.Сонымен қатар, 2023 жылы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында соғылатын 12 мектептің 7-нің құрылысы басталды.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.