Жамбыл облысының XI-ші азаматтық форумы өтті | arainews.kz

Жамбыл облысының XI-ші азаматтық форумы өтті

45

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев «Мемлекет, қоғам, бизнес
Әділетті қазақстанды құрудағы әріптестік» атты Жамбыл облысының XI-ші азаматтық форумына қатысты.
Форумға Астана, Алматы, Шымкент қалаларының, сондай-ақ Қызылорда, Түркістан, Алматы, Жетісу облыстарының қоғам белсенділері қатысты.

Бүгінгі таңда облыста 878 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Азаматтық форум ҮЕҰ-ды одан әрі дамыту және азаматтық сектор мен билік органдарының өзара іс-қимылын нығайту үшін стратегиялық міндеттер қалыптастырылатын негізгі диалог алаңы болып табылады.

Жиынға қатысқан аймақ басшысы аталған форум жергілікті атқарушы органдар мен үкіметтік емес сектор арасындағы жаңа форматтағы ынтымақтастықтың бастауы болатынын атап өтті.
– Үкіметтік емес және коммерциялық емес ұйымдардың күш-жігерін біріктіру «Естуші мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асырудың маңызды тетіктерінің бірі болып табылады.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында азаматтық қоғамды ең өзекті мәселелерді талқылап оны шешуде қолдау керектігін баса айтты.
Үкіметтік емес сектор елімізде демократиялық принциптерді нығайтуда және әлеуметтік мәселелерді шешуде өз үлесін қосуда. Алдағы уақытта да облыс тұрғындарының игілігі үшін бірлесе жұмыс істейтінімізге күмәнім жоқ», — деді Ербол Қарашөкеев жиынға қатысушылар алдында.

ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрінің міндетін атқарушы Данияр Қадыров форум қатысушыларына мемлекетіміз әлеуметтік бастамаларды әрқашан қолдайтынына сендірді.
Сондай-ақ Қазақстанның Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева, «SHEBER SHANYRAQ» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Анар Бексұлтанова, «Жамбыл облысының Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Исламбек Дастан да сөз сөйледі.
Шара соңында салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Еріктілер, қоғамдық бірлестіктердің жетекшілері мен өкілдері «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісімен, Құрмет грамоталарымен, Жамбыл облысы әкімінің Алғыс хаттарымен, Қазақстанның Азаматтық Альянсының Алғыс хаттарымен марапатталды.

Сондай-ақ форум барысында үкіметтік емес ұйымдарға қолдау көрсету шараларын, соның ішінде гранттарды қаржыландыру және маңызды жобаларды жүзеге асыру мақсатында өңірдегі бірнеше ірі кәсіпорындармен үшжақты меморандумға қол қойылды.
Үкіметтік емес бірлестіктердің қоғамдағы рөлін талқылау панельдік секцияларда жалғасты. Қатысушылар «Тараз – қолөнершілер қаласы» көрмесін де тамашалады.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.