Жамбыл облысынан «Nur Otan» партиясының атынан ҚР Парламенті Мәжілісіне партиялық тізімге енетін 5 үміткер анықталды

13

Тараз қаласындағы «Шахристан» тарихи-мәдени кешенінің Көрме павильонында «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалының кезектен тыс XXVII конференциясы өтті.

Конференцияның күн тәртібінде Жамбыл облысы бойынша партияның Сайлауалды бағдарламасын бекіту, Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне пікірсайыс қорытындысы бойынша кандидаттарға дауыс беру және «Nur Otan» партиясынан Жамбыл облыстық мәслихатының депутаттарын сайлау бойынша партиялық тізімді бекіту мен партияның кезектен тыс ХХVІІ съезіне делегаттарды сайлау мәселелері қаралды. Конференцияны партия Жамбыл облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ашып, жүргізді.

Кезектен тыс конференцияның жұмысы «Nur Otan» партиясының жұмысын атқарып, еңбегі сіңген өмірден өткен партия облыстық филиалы төрағасының орынбасары болған Шәбден Тілеумұратты, Саяси кеңес мүшелері Сайрамбай Дөненбаев пен Жандар Кәрібайұлын, партия Тараз қалалық филиалының бұрынғы басшысы Қаржаубай Бекболатовтарды бір минуттық үнсіздікпен еске алудан басталды.

Партияның Праймеризіне қатысып, аумақтық филиалдардың кезектен тыс конференцияларында дебатқа түсу арқылы үздік шыққан  15 партия мүшелерінің арасынан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидаттар анықталды. Партия облыстық филиалының кезектен тыс конференциясында әр қайсысы өз сайлауалды бағдарламаларын таныстырып, бір-бірімен пікірсайысқа түсті. Конференция делегаттары электронды дауыс беру арқылы ҚР Парламенті Мәжілісіне кандидат болып баратын 5 үздікті анықтады. Делегаттардың дауыс беру қорытындысы бойынша Жамбыл облысында тізімге партия Мойынқұм аудандық филиалының төрағасы Мәден Мұсаев, аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің өкілі Мейрамбек Төлепберген, денсаулық сақтау саласының өкілдері Гүлдар Нұрымова мен Гулам Омаров, сондай-ақ Байзақ ауданынан жас мектеп директоры Сұлтан Өсербаевтар енді.

Айта кетейік, республика бойынша қорытынды тізім 25 қарашада партияның XX Съезінде бекітіледі.

Конференцияның күн тәртібіндегі мәселелері бойынша партия облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Балабек Нарбаев пен төрағаның орынбасары Мәди Мәтен хабарлама жасады.

Сондай-ақ, конференция барысында аймақтық сайлауалды бағдарлама бекітіліп, «Nur Otan» партиясының XX Съезіне Жамбыл облысынан қатысатын 25 делегат сайланды. Олардың қатарында  партия облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, төрағаның бірінші орынбасары Балабек Нарбаев, «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің мүшелері – «Казфосфат» ЖШС бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров, жүзуден халықаралық дәрежедегі Қазақстан Республикасының спорт шебері Зульфия Габидуллина, Қазақстан Республикасының экология геология және табиғи ресурстар вице-министрі Сергей Громов, партия аудандық филилы төрағасының бірінші орынбасары Анар Ахметова, партия ардагерлері Масат Берік, Қасымхан Төлендиевтер бар.

Облыс бойынша барлық деңгейдегі 206 мәслихаттық орынға 391 адамнан тұратын партиялық тізімдер жасалып, партия облыстық және аумақтық филиалдарының конференцияларында бекітілді.

Еске сала кетсек, Праймеризге қатысқан кандидаттардың 270-і (35,2%) әйелдер, 221-і (28,8%) 35 жасқа дейінгі жастар, 28-і (3,6%) көп балалы аналар, 29-ы (3,8%) қандастар және 8-і (1,0%) мүмкіндігі шектеулі жандар. Кандидаттардың 111-і (14,5%)  бастауыш партия ұйымдарынан ұсынылса,  656-ы (85,5%) өзін-өзі ұсыну мүмкіндігін пайдаланды.

Электронды дауыс берудің нәтижелерін және кандидаттар тізімін primaries.kz. сайтынан қарауға болады.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.