Жамбыл ауданында Д. Қонаевты еске алуға арналған турнир өтті | arainews.kz

Жамбыл ауданында Д. Қонаевты еске алуға арналған турнир өтті

175

Аса дайындық білім беру орталығында мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы Дінмұхамед Қонаевты еске алуға арналған шахматтан аудандық дәстүрлі турнир биыл да жалғасын тапты. Осымен 19-шы рет ұйымдастырылып отырған жарысқа 9 шахматшы қатысты. Турнирдің ашылуында сөз алған жарыстың бас демеушісі, жеке кәсіпкер Дархан Шоңбаев пен аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қайрат Ержігітов ұлы тұлғаның ұлтына жасаған жақсылығы жайында кеңінен сөз қозғады.
– Дінмұхамед Қонаев өз заманын­да қазаққа қарайласқан әрі қарапайымдылығы көпті таң­да­ндырған саясаткер бола білді. Ол билік басында болған уақыт қаншалықты күрделі болғаны­мен, елдің экономикасын, әлеу­меттік саласын, ғылымын, ұлт­тық мәдениетін дамыту ісіне айту­лы еңбек сіңірді. Біз осындай асылы­мызды әркез еске алып, рухына құран бағыштап, құрмет көрсетуге тиіспіз, – деді Дархан Рашидұлы.
Турнирдің бас төрешісі Сәрсенғали Жұбатқанов жарыстың ережесін түсіндіріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Күн бойына жалғасқан жарыстың қорытындысы бойынша бірінші орын Бауыржан Бейсембиевке (Бесағаш ауылы) бұйырса, екінші орынды Қозыбақ Ақмурзаев (Аса ауылы) жеңіп алды. Ал, жүлделі үшінші орынды Сәрсенғали Жұбатқанов (Аса ауылы) қанағат тұтса, арнайы сыйлықпен Дәурен Бабық (Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясы) марапатталды.
Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге диплом және медальдар табысталды.

Нұрасыл СҰЛТАНБАЕВ

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.