«Жамбыл – адалдық алаңы» жобасы таныстырылды | arainews.kz

«Жамбыл – адалдық алаңы» жобасы таныстырылды

1 482

Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында «Сыбайлас жемқорлықтан ада өңірлер» жобасы аясында Астана қаласының жемқорлыққа қарсы тәжірибесін барлық өңірлерге енгізу тапсырылған болатын. Осыған орай облыс әкімдігінің мәжіліс залында «Жамбыл – адалдық алаңы» жобасының таныстырылымы өтті.

Жиынды облыс әкімінің орын­басары Мұратхан Шүкеев ашып, ең алдымен жобаның мақсаты мен міндетіне тоқталды.
– Өткен жылғы 10 желтоқсанда ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы мен облыс әкімі «Жамбыл – адалдықтың алаңы» жобасының жарғысына қол қойған болатын.
Жобаның міндеті – облыс азамат­тарының мемлекеттік билік институт­тарына сенімін арттыру, жем­қорлық деңгейін төмендету және сыбайлас жемқорлықты қабыл­дамаудың қоғамдық ахуалын қалыптастыру болып табылады. Бүгін бас қосып отыруымыздың себебі осы жобаны таныстырып, сіздердің ұсыныстарыңызды тыңдау, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Бұдан кейін ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы іс-қимыл агент­ті­гінің облыс бойынша депар­та­мент басшысының орын­басары, «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Даурен Каипов жобаның басты бағыттары мен қандай салалар бойынша жұмыстар жүргізілетіндігі жайында баяндама жасады.
– Жобалық кеңсе үш сала бойынша жұмыс атқарады. Олар тұрмыстық жемқорлықты жою және қолайлы орта құру, қоғамдық бақылауды жүзеге асыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру. Оның ішінде тұрмыстық жемқорлықты жою және қолайлы орта құру үшін білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамтамасыз ету, сәулет, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, ауыл шаруашылығы, жер қатынастары салалары, мемлекеттік кіріс, сот және құқық қорғау органдарының лауазымды тұлғалары қатарынан жобалық жұмыс топтары құрылды.
Жекелей айтсақ, білім беру бағыты бойынша мектептердегі ақша жинауды жою, білім ордаларына бөлінетін бюджеттік қаражаттың ашықтығын қамтамасыз ету сынды тұрмыстық жемқорлықты жоюға бағытталған шаралар қолға алынады.
Денсаулық сақтау саласына келсек, ауруханаларда емделушілерге қолайлы жағдай туғызуға негізделген ортаны құруға басымдық берілмек. Яғни, бұл бағытта денсаулық сақтау ұйымдарында ақпараттық дүңгір­шектер ашу және электронды карта­ларды енгізу арқылы медициналық қызметтің сапасын арттыру көзделуде. Сондай-ақ тегін медициналық қызмет пен міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінде де сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу жағы жіті бақылауға алынбақ.
Осы сынды өзге салалар бойынша да атқарылатын жұмыстар жоспары бекітілуде, – деді Даурен Айтасұлы.
Ал жиын соңында сөз алған
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігі облыс бойынша департаментінің басшысы Мақсұт Нәлібаев агенттік тарапынан бұған дейін «Адал ұрпақ», «Адал жол» сынды жобалар жанданғанын, ал «Жамбыл – адалдық алаңы» жобасы соның бәрін бір арнаға тоғыстырған бастама екенін айта келе, өңір тарихындағы тың тірлікке көп болып үн қосуға шақырды.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.