Жалпыға бірдей декларация кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ

Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, көлеңкелі экономиканың мөлшерін қысқарту мақсатында жеке тұлғалардың кірістеріне салық салуды толық ауқымды әкімшілендіру мәселесін шешуге арналған маңызды шарт — халықтың кірістері мен мүлкін жалпыға бірдей декларациялау болып табылады.

Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментінің ЖД-158/4 мекемесінде өткен жиын барысында Тараз қалалық мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Ғазиз Рахимбердиев бұл жөнінде тарқатып айтып берді.

Ғазиз Қапанұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 3 шілдеде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын, микроқаржы қызметін және салық салуды реттеу мен дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылданғанын тілге тиек етті.

— Аталған заңға сәйкес жалпыға бірдей декларациялау 2021 жылдан бастап кезең-кезеңмен енгізілетін болады. Бірінші кезеңде 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік қызметшілер мен олардың жұбайларынан, сондай-ақ оларға теңестірілген адамдардан және олардың жұбайларынан декларациялауды бастау ұсынылады. Екінші кезеңде 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап – мемлекеттік кәсіпорындардың қызметкерлері (білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және т. б. саласын қоса алғанда) және олардың жұбайлары. Үшінші кезеңде 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап – заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайлары, дара кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары. Төртінші кезеңде 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап халықтың қалған санаттары, — деді Ғ.Рахменбердиев.

Бұл ретте әрбір кезеңнің қорытындылары талданып, проблемалық мәселелер анықталатынын және заңнаманы, әдіснаманы және ақпараттық жүйелерді жетілдіру бойынша шаралар қабылданатынын атап өту маңызды.

Қазіргі уақытта ҚР заңнамасына жалпыға бірдей декларациялауды кезең-кезеңмен енгізу бойынша түзетулер дайындалуда. Олар белгіленген тәртіппен ҚР Парламентінің қарауына енгізілетін болады.

Қорыта айтқанда, жалпыға бірдей декларациялауға көшудің мақсаты — көлеңкелі экономикамен және сыбайлас жемқорлықпен күрес үшін жеке тұлғалардың табыстары мен мүлкіне тиімді бақылау жүйесін құру, сондай-ақ салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді жинауды қамтамасыз етудегі мемлекеттің рөлін күшейту болып табылады.

Айда Мұсаева,
ЖД-158/4 мекемесінің кадр саясаты тобының қызметкері

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.