Ж. Айтақов тұрғындарды қабылдады | arainews.kz

Ж. Айтақов тұрғындарды қабылдады

280

«Nur Otan» партиясы Шу аудандық филиалының мәжіліс залында аудан әкімі Жарылқасын Айтақов қоғамдық қабылдау өткізді. Оған бірқатар тұрғындар жазылып, аудан басшысына жеке мәселелерімен қайырылды.

Ең әуелі Бірлікүстем ауылдық округінен келген Айдана Байбатша жас маман ретінде жұмысқа орналасқысы келетіндігін жеткізді. Ол жарты жыл бойы ауыл әкімдігінде жастар практикасы бойынша жұмыс істеген. Бағдарламаның мерзімі аяқталуына байланысты әкімдіктегі бос орынға жұмысқа орналасуды қалайтынын айтады. Өз кезегінде аудан әкімі Жарылқасын Әбдіғапарұлы жас маманды заң аясында жұмысқа орналастыруға ықпал ететіндігін айтты. Сондай-ақ, жас маман Темірлан Қазақбайдың жұмысқа орналасу туралы мәселесін шешуді «Nur Otan» партиясы Шу аудандық филиалы төрағасының орынбасары Найман Сұлтанбаевқа тапсырды. Келесі кезекте Шу қаласының тұрғыны Анжела Адрейченко атаулы әлеуметтік көмекке қатысты туындаған мәселесін жеткізіп, аудан әкімінен көмек сұрады. Бұл ретте аудан әкімдігінің Жұмыспен қамту орталығының мамандары аталмыш тұрғынның сәуір айынан бастап атаулы әлеуметтік көмек алып келгендігін және заңда көрсетілген талаптарға байланысты 13 қарашада тағы да құжат өткізгендігін тілге тиек етті. Сондықтан бүгінгі күнге дейін алып келген мемлекеттің көмегін алдағы уақытта да ала бермек.

Айта кету керек, қоғамдық қабылдауға қатысқан тұрғындардың арасында жеке бастың қамынан бөлек, күн тәртібіндегі әлеуметтік түйткілдерді қаузағандар да болды. Мәселен, аудан орталығында тұратын Өміркүл Масакова көшедегі кәріз жүйесінің жұмыс істемеуіне байланысты суды арнайы құрылғы арқылы жеткізіп отырған көрінеді. Соның салдарынан ауыз суға деген тапшылық орын алып отыр. Оған қоса, көгілдір отынға қосылуда да бірқатар мәселелер туындаған. Осыған байланысты Ж.Әбдіғапарұлы Төле би ауылдық округінің әкімі Ербол Дәберов пен «Nur Otan» партиясы Шу аудандық филиалы төрағасының орынбасары Найман Сұлтанбаев және аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бақытжан Есеевке аталған мәселені жуық арада шешуді жүктеді.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.