Зауал | arainews.kz

Зауал

(жалғасы)

298

ІІ тарау

Бас дәрігер Сәкен Жұмашев орта жастан асса да әлі өңін бермеген, тығыз денелі, спортқа бейімделгендей бітімді кісі. Денсаулық сақтау ісінің озаты, көп жылдар бас дәрігер лауазымында отырған, облыстық мәслихаттың депутаты, қаладағы танымал тұлғалардың бірі. Әлгінде ғана таңғы жедел отырыста болған оқиғаны ойша талдап отыр. Кешегі аурухана жанынан табылған белгісіз науқастың бір тәулік ішінде осынша төтенше жұмбақ оқиғалардың туындауына себепкер болғанын көз алдынан өткізіп, бір жағы болашағынан үлкен үміт күттіріп жүрген өзінің шәкірті Ақылбайдың бүгінгі жедел отырыстағы шыр-пыр болған мінезіне қиналып та отыр. Бірақ, бұның қолынан не келеді. Кеше түнделетіп үйге телефон соққан қала прокуроры Аслан Дәрібекұлы өзімен жедел түрде жолығу керек екендігін айтып, қала сыртына шақырған.
Мәслихат отырыстарында үнемі қатар отырып, бір-бірімен ашық сырласатын, араларында шынайы достық қарым-қатынас орнап қалған Аслан Дәрібекұлының бұл шақыруына таң қалса да, одан себебін сұрауға батпады.
Уәде бойынша Ташкентке шығар күрежолдың бойындағы тау шатқалында орналасқан шағын шайханаға келген кезде оны қалалық прокуратура жүргізушісі Дастан қарсы алып, шайхананың артқы қақпасынан кіргізіп, үлкен қоңыр есікті нұсқады. Әдетте, бұл жерге бірнеше рет Асланмен келіп шай ішкені бар. Ол кезде көбіне жұмыстан кейін аздап демалып, кейде салқын сырадан да ұрттайтын еді. Оның үстіне бұл жерде үйректің төс етінен дәмді кәуап жасайтын.
Кіріп келгенде оны Асланмен бірге тағы бір бейтаныс кісі қарсы алды. Қала прокуроры бірден: «Дәлелхан Қаріпұлы, танысып қойыңыздар, Жұмашұлы, менің бұл кісіден ешқандай жасырын сырым жоқ. Біздер әрі дос, әрі қалалық мәслихат отырыстарында пікірлес әріптестерміз. Әзірге ой алшақтығы мен пікір қайшылығы орын алған емес, маған қалай сенсеңіз, Сәкен Жұмашұлына да солай сенуіңізді өтінемін», – деп өзін төрге шақырған.
«Сәкен Жұмашұлы, мына кісі республикалық ұлттық қауіпсіздік комитетінен Дәлелхан Каріпұлы ағамыз. Бұл кісінің сізге арнайы тапсырмалары бар, алдымен келісіп алуымыз қажет. Бұл жердегі әңгімелер еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне тікелей қатысты болғандықтан, аса құпиялылықты талап ететіндігін ескертпесем болмас», – деп Дәлелхан Каріпұлына қарап еді, ол басын изеп қоштағандай болды да, әңгімені ары қарай жалғастырды.
«Сәкен Жұмашұлы, мен сізбен сырттай жақсы таныспын, тазалығыңыз бен адамгершілігіңізге де қанықпын. Бұл оқиғаға сізді араластырмасақ та болғандай еді, алайда, төтен жағдай осыған мәжбүрлеп отыр. Аслан Дәрібекұлы кепілдік беріп отырған соң, менің сізден жасырын құпиям жоқ. Бәрі де біздің тәуелсіз еліміздің қауіпсіздігін қорғау үшін жасалып жатқан шаралар болғандықтан, азамат ретінде сіздің де бұл жұмыстан қалыс қалғаныңыз болмас деп ойлаймын.
Біз көп жылдан бері көршілес Өзбекстан елі арқылы өтіп жатқан трансұлттық есірткі сауда жолын бақылауға алып, оның негізгі бөлігі Ауғанстан жері арқылы келіп жатқанын анықтаған едік. Бұл жұмысқа халықаралық «Интерпол» ұйымы да араласып, көп жайттардың басы ашылған және шетелдік әріптестеріміздің жедел барлау деректері бойынша, біздің елде осы оқиғаға көптеген жоғары лауазымды кісілердің араласып отырғаны белгілі болып отыр. Әрине, ол адамдар туралы білу сізге аса қажет емес. Дегенмен, кеше сіздің ауруханаңыздың алдынан шала-жансар күйінде бейтаныс кісі табылып, қазір әл үстінде жатқаны белгілі. Таңертең оған ота жасалу керек, осы отаны өзіңізге ең сенімді деген оташыға табыстап, мүмкіндігінше аурудың өмірін сақтап қалуға күш салу керек. Себебі, ол кісінің отадан тірі шығуы екіталай, ал ота сәтті өткен жағдайда, бұл туралы ешкім білмеуі керек. Сәтсіз шыққан жағдайда, мәйіттің денесін тек сіздің аурухананың мәйітханасында аштыру қажет. Оны орталық мәйітханаға әкетуге тырысатын лауазымды кісілер бар. Олар біздің бақылауымызда болады. Сол үшін осы іске атсалысуыңызды сұраймын және бұл әңгіме үшеуміздің арамызда қалсын», – деп тұжырымдады Дәлелхан Каріпұлы.
Бұл әңгімелерді әрине, шәкірті Ақылбайға айта алмайды ғой, дегенмен аурудың өмірін сақтап қалуға бар күшін салатыны белгілі. Сол үшін де кеше Алматыдан өзінің курстас досы, атақты оташы, профессор Қабыл Сармантаевты да алдырған.

ІІІ тарау

Ауруханадан жүгіріп шыққан Бекзат жаңағы гүл күтушінің сұраққа алғанынан сезіктеніп қалды. Себебі, Құдияр аңдушы болуы мүмкін екенін, сондықтан көп кісілермен ашық әңгімелесуге болмайтынын ескерткен. Оның үстіне ауруханаға кіріп келе жатқан «Волга» автокөлігін алыстан байқап қалған. Мекеме қақпасынан шыға берген Бекзат қарсы келе жатқан «Волга» автомашинасынан жалт бұрылып, кішігірім көшеге сіңіп кетті де, шеткі үйдің бұрышынан сығалап, көліктің қайда бұрылатынын бағдарлаймын дегенше:
– Әй, көзіңе қарасаңшы алақтамай, – деп еңгезердей жігіт қолынан ұстай алды. Ә-дегенде не дерін білмей сасып қалған Бекзат:
– Ағатай, қалаға жаңа келіп едім, адасып қалдым, автобекетке қалай жетуге болады?, – деп сұраған. Еңгезердей жігіт ақкөңіл, сөзуар болып шықты.
– Ә, бәсе, өзім де солай ойлап едім. Көрмеген жердің ой-шұқыры көп болады ғой, өзің қайдан келіп едің? Не шаруамен жүрсің? Мен көмектесуге дайынмын. Тіпті, күтер болсаң бар болғаны бірер минутқа мына жердегі мәйітханаға кіріп шығайын. Содан соң өзім де автобекетке барғалы тұр едім, дініміз бір мұсылманбыз ғой, адасқанға жол сілтесек сауап болар, өзім-ақ апарып тастаймын. Анау тұрған менің көлігім, кілтпен ашып отыра тұр, – деп «Жигули» автокөлігінің кілтін ұсынды.
Не дерін білмей қалған Бекзат сөзінен тайқи алмай кілтті алып, көңілсіз күйі жол шетіндегі ақ «Жигулиге» қарай сылбыр беттеді. Кілтті қыса ұстаған Бекзат еңгезердей жігіттің ақкөңілділігіне бір жағынан риза болса, бір жағынан қараптан қарап бейтаныс кісіге тұтылып қалғанына қиналыңқырап, кетіп қалғысы келді.
Алайда, «көкенің» оған тапсырған ісі өте маңызды болған соң өзін-өзі әрең тежеп, машина есігін жайлап ашты да жолаушы орындығына жайғасып, ойға шомды.
«Апырай, мынау өзінен-өзі сәті түсіп тұрған іс болды-ау. Егер осы аңқау мәйітханада жұмыс істейтін болып шықса, көктен іздегені жерден табылып тұрған сияқты ғой. Махмедтің де жағдайын біліп, мына аңқауға да біраз ақша ұсынса, оның ішіндегілерін де алуға көмектесер», – деп дәмеленген. «Көкенің» тапсырмасын орындаса бір күнде өткен өмірін сызып тастап, қаладағы мен деген олигархтардың қатарына қосылып, жаңа өмір бастап кетер едім -ау, – деп қиялға берілді.
«Көкесі» осы тапсырмаға жіберерде қолына бір бума көк қағазды ұстата отырып, «Егер аман-есен жеткізсең, осындай тағы екі бума аласың және бұлардың бәрін аванс деп түсін, үлкен істер алда», – деп ақ жол тілеген.
Шындығында, «көкесі» ешқашан ақшаға таршылық жасаған емес, екі жыл көлемінде қаладағы ең қымбат автокөлікті мініп, біраз қаражаттың да басын құрастырып қойған, ендігі арманы анасына арнап, барлық жағдайы жасалған зәулім үй салу болатын. Содан соң анасының көңіліне жағатын жақсы келін түсіріп, бабын жасау. Анасын да аяйды. Көрмегені жоқ болса да әкесін жоқтатпай, өзін осы жағдайға жеткізді. Бір жағы өзі де кінәлі. Жолы да болмай-ақ қойды, үнемі бір жайсыз нәрселерге ұрынады да жүреді.
Бір сәт ұйқысы келгендей манаурап, өткен өмірі тізбектеліп көз алдынан өте берді.

Әбен ҚОНЫСБАЕВ
(Жалғасы бар)

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.