Есіңе мені алғайсың | arainews.kz

Есіңе мені алғайсың

435

Нұр жауып тұрған көктемде,
Гүл тере барсаң бөктерге,
Қоңыраулатқан аспанды
Найзағай шаншып өткенде,
Есіңе мені алғайсың!

М.Мақатаев

Әлім жасы қырықтар шамасына келсе де отбасын құрмаған бойдақ жігіт. Қашан көрсең қолынан қоңыр домбырасын тастамай той-томалақ, үлкенді-кішілі жиындарда қоңыр үнімен құлақ құрышын қандырып жүрер еді. Әлімсіз бұл ауылда бір де бір қуаныш өтпейтін. Жайшылықта жалғыз отырғанда да, мал бағып жүргенінде де қоңыр домбырасына қосылып, ыңылдап үнемі «Есіңе мені алғайсың» әнін айтып отырады. Басқа кезде әнді елдің қалауымен орындаса, өзіне ерік берілгенде, не жападан жалғыз отырғанда «Нұр жауып тұрған көктемде…» деп, басын сәл жоғары көтеріп, көздерін жұмып жіберіп, әсем даусымен әуелете жөнеледі.
«Соқа басың сопайып қашанғы жалғыз жүресің? Шәй қайнатар бір шүйкебасты жар етіп алмаймысың?» – дегендерге: «Қара домбырам барда, қара қатынды қайтем? Қатын құлақты жейді, ал домбыраның құлағын мен жеймін», – деп әзілге айналдыратын. Расында да, ауыл малын бағып күнелтетін, үнемі ашық-жарқын жүретін, бірсыдырғы әзілі бар Әлімнің неге үйленбей жүргені көпшілікке жұмбақ еді. Ауыл арасында Әлімнің әніне елітіп, жүрегі селт етер бойдақ қыздар да жоқ емес-тін. Жиын-тойларда қыз-қырқынмен ашық әзілдескені болмаса, артық ауыз сөз, жөнсіз қимыл Әлім тарапынан болмайтын. Бірақ, ешкім Әлімнің бар ойы, бар әні Сәнімгүлде екенін білмеуші еді. Әр ән айтқан сайын қос бұрымды, қиғаш қасты Сәнімгүлдің наздана қараған бейнесі көз алдында көлбеңдеп тұра қалатын. Әлім сол бейнені көру үшін де ән салатын. Әсіресе, жауын жауып тұрғанда сол үйреншікті әнін айтпай қоймас еді. Ауыл арасында бұл ән – «Әлімнің әні» аталып кеткен.
Бүгін де Әлім әдетінше таң қылаң бере қоңыр домбырасын құшақтап, домбырадан кейінгі жан серігі – ақ тұлпарына мініп, ауыл малын айдап тау жаққа беттеген. Таңғы ауадан салқын леп білінбей біртүрлі жылымшы боп тұрғанына қарап, «Бүгін күн жанатын болды-ау» деп болжап қойды. Айтқандай-ақ, түс ауар-аумастан күн қатты ысып кетті. Айнала бұлыңғыр сағым. Сол сағым арасынан анандайда Сәнімгүл ақ көйлегі желбіреп бұған қарап тұр. Бұл оған қарап, жас балаша қуанып қолын жоғары көтеріп бұлғап: «Сә-ә-н-і-і-м, Сә-ә-н-і-і-м, бері кел!» деп қарсы жүгіре айқайлайды. Бірақ, Сәнімі сол ақ көйлегі желбіреп, тұрған орнынан қозғалар емес. Қызық, шөп басы қозғалар жел жоқта көйлегі қалай желпініп тұр деп ойлап қойды. Кенет ойына бірдеңе сап ете түскендей маңдайынан алақанымен шарт ұрып, ақ боз атына қарай жүгірді. Атына мініп шауып келеді, шауып келеді… Жаңағы бейне не жақындап, не алыстамайды. Бұл одан сайын шабуын үдете түседі. Көзіне сорғалаған ащы терді сүртіп тастап, ағараңдаған бейнеден көз алмай келеді. Шауып келеді, шауып келеді… Ат аяғы сүрініп аунап түскенде ғана, есін жаңа жиғандай жан-жағына барлай қарады. Жаңағы бұлаңдаған елес бейнені таба алмады. Өзінің әумесер қылығына қарқылдап кеп күледі. Күлген сайын жаны рахаттана түсетіндей. «Ақымақ!» дейді өз-өзіне, «Сәнім сені қайдан іздеп келсін?!».
Аспанға қараса қақ төбе тұсында бір шөкім қою бұлт пайда болыпты. «Шіркін, жаңбыр жауар ма еді» деп тілеп қойды іштей. Маңайына барлай қараса, бағып жүрген малдары қараңдап қана көрініп, біршама алыстап кетіпті. Аяңдай басып, қалың ойға шомып келеді. «Осыдан ауылға барғанда Аққозы кемпірге бір лақ атап оқытылмасам ба?» деп те ойлап қойды.
Аспанға қараса жаңағы бір шөкім қою бұлт біршама жайылып үлгеріпті. Межелеген жеріне жетіп қалғанда алғашқы тамшылар да тама бастады. «Құдай тілеуімді берді!» деді шын қуанып. Әп-сәтте аспанды қара бұлт торлап, жаңбыр жаууын үдете түсті. Сол қаптаған қалың бұлттан демі тарылғандай, аспан қатты күрсінді. Әлім әдетінше қолына домбырасын алып, тамағын бір кенеп қойып, үйреншікті әніне басты. Аспанның қоңыраулы күркірі мен найзағай жарқылы кезек-кезек бұлдана түскендей.
Нұр жауып тұрған көктемде,
Гүл тере барсаң бөктерге,
Қоңыраулатқан аспанды
Найзағай…
Бұл жолы ән бірінші және соңғы рет аяқсыз қалды. Көлеңке тартқан жер мен бұлт торлаған қара аспан әлемі алып найзағай күшінен жап-жарық болып кетті. Дүние жарқырап кеткендей. Жырға қосып жүрген жасыл жарқылы бұл жолы жігіттің өзін жұтып кетті…
Сәнімгүл Әлімді есіне ала ма, жоқ па, белгісіз. Алайда, ауыл тұрғындары көктен нұр жауған сайын әнші Әлімді есіне алатын болған.
Содан бері бұл ауылда ол әнді ешкім шырқамаған…

 

 

 

Нұршат ЕРСАЙЫН,
Т.Рысқұлов ауданы,
Қызылшаруа ауылы

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.