Заңсыз құрылыс зар қақтырады | arainews.kz

Заңсыз құрылыс зар қақтырады

252

Өткен жылдан бері құрылыс нормалары сақталмаған нысандар сот шешімімен сүріліп, «қызыл сызықты» көзге ілмегендермен нәтижелі күрес жүргізілуде. Шаһардағы құрылыс заңдылығына қырын қараған осындай нысанның бірі–Желтоқсан-Қазыбек би көшелерінің қиылысында орналасқан екі қабатты сауда павильоны. Бүгінде аталған ғимаратты иесі сот шешімі бойынша өз еркімен бұзуды қолға алды.

Тараз қаласы әкімі аппаратының құқық қорғау органдарымен жұмыс және құқықтық қамтамасыз ету бөлімшесінің басшысы Ержан Жолдыбай ғимарат иесіне жер телімінің 2003 жылы нысанды жеңіл құрылыс материалдарымен салу талабымен берілгенін айтады. Алайда кәсіпкер жергілікті биліктің бұл талабына құлақ аспаған.
– Бұл ғимарат «Пико» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің меншігінде. Әуел бастағы талап бойынша ғимарат құрылысына құрылыс материалдарының жеңіл түрлері қолданылуы керек болған. Алайда нысан иесі құрылыс кезінде бұл талаптарды ескермеген. Нәтижесінде сот ғимарат құрылысын заңсыз деп танып, оны бұзуға шешім шығарды, – дейді ол.
Білуімізше, облыс орталығында жер телімін заңсыз иемденіп, «қызыл сызықтан» асып кеткен 20 нысан бар екен. Бүгінде оларға қатысты істер сот қарауында жатқан көрінеді. Облыстық әділет департаменті сот актілерін орындау бойынша №1 Тараз қалалық аумақтық бөлімінің басшысы Ғалымжан Ниетбаев аталған сауда нысанын бұзу туралы сот шешімі осыдан екі жыл бұрын шыққанын сөз етті. Бірақ оның иесі күні бүгінге дейін аппеляциялық шағым түсірумен келген. Десе де, оның арызы қанағаттандырылмапты.
– Облыстық экономикалық ауданаралық соттың нысанды кәсіпкердің өз еркімен бұзуы туралы шешімі шықты. Бүгінде серіктестік өкілдері ғимаратты бұзу жұмыстарына кірісті. Бұл жұмыстар бір аптаның ішінде аяқталады деп күтілуде. Сот шешімі шыққаннан кейін оны иесі өз еркімен бұзуға ниеттенбесе, бұл мәжбүрлі түрде жүзеге асады. Негізінен соттың шешімі орындалмаған жағдайда алдымен әкімшілік іс, одан кейін қылмыстық іс қозғалады, – дейді Ғалымжан Жеңісбекұлы.
Біз куә болғандай, аталған кәсіпкер ол ғимаратты сақтап қалуға тырысып баққан. Дегенмен тәртіп баршаға ортақ екенін ұмытуға болмайды. Ал біліп тұрып көз жұма қарау, пайда табу мақсатында рұқсатсыз құрылыс жүргізу шығынға батырып қана қоймай, заң алдында жауап беруге бастайтыны анық.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.