Төл теңгеміздің тұғыры тегеурінді | arainews.kz

Төл теңгеміздің тұғыры тегеурінді

215

Қазақ даласында ықылым заманнан ақшаның айналымда болғанын растайтын археологиялық дәлелдер де, тарихи деректер де баршылық. Яғни, бүгінгі теңге қазақ даласындағы алғашқы ақша емес. Ол кезеңдегі ақша сауда-саттықтың дамуымен қолданысқа дендеп енгенімен, саудагерлердің төлем құралы ғана болудан арыға аса алмады. Сондықтан, жиырмасыншы ғасырдың соңында өзіндік саясаты мен классикалық экономикасы қалыптасқан ел үшін табан астында төл валютасын айналымға қайта енгізу оңайға соқпағаны анық. Қайткен күнде де дербес экономикалық саясат жүргізіп, әлемдік өркениет көшіне ілесу үшін өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары еліміздің алдында небір тағдыршешті таңдаулар тұрды. Солардың бірі – ұлттық валютамызды айналымға енгізу.

Қазақстан 1991 жылы төл Тәуелсіздігіне қол жеткізгенімен экономикалық саясатында, әсіресе валюта нарығында рубль аймағына деген тәуелділіктен бірден арыла қоймады. Оның өзіндік себептері бар еді. Ең бастысы КСРО тарап, орнына жаңадан әріптестік аралас-құралас мақсатында Тәуелсіз мемлекеттер достастығы ұйымы пайда болғанда мемлекет басшылары әзірге аяққа тұрып алғанша рубльдің валюталық аймағында қала тұруға уағдаласқан. Ресей де анау айтқандай қарсылық таныта қоймаған еді. Бірақ, кейін рубль аймағында қалған елдерге КСРО мұрагері ультиматумға пара-пар талап қойды. Яғни, рубльді пайдаланғаны үшін Қазақстан Ресей құрамына субъективті ел болып қайта қосылу керек, оған қоса, үйтіп-бүйтіп жиған-терген бар алтын-валюталық қорын Ресей Орталық банкіне тапсыруы тиіс екен. Анығын айтқанда, олар өз рублін Қазақстан тәуелсіздігімен алмастыруды ұсынды. Міне, жоғарыда айтқан тәуелсіз Қазақстан алдында тұрған тағдыршешті таңдаудың бірі осы сәт еді. Ол тұста көрші ел жағдайының да оңып тұрғаны шамалы-тын. Рубльдің инфляциялық өсімі бүгінгідей саусақпен санарлық қана емес, 2900 пайыздан асып, сабанға айналған ақшасын жұрт қалтаға емес, қапқа салып жинай бастады. Қысқасы, ұлттық валюталық аймақ қалыптастырып, төл ақшаны айналымға енгізіп жіберуге әсер етуші факторлар табыла кетті. Сөйтіп, Елбасы 1993 жылдың қарашасында дереу Жарлығын шығарып, артынша көпке ұзамай төл теңгеміз дүниеге келді.
Табандылықпен дүниеге келген ұлттық валютамыз – төл теңгеміздің тарихына үңілсек, ресейлік рубльдің аймағынан шығу, ақшаға ат қою, оның дизайнын жасау, купюраларды Англиядан басып шығарып, оны ұшақпен елге жасырын жеткізіп, дәл осындай тәсілмен облыс орталықтарына жөнелту сынды әр қайсысы өз алдына бір төбе үлкен шаруалар атқарылды.
Әрине, айтпағымыз теңгенің тарихы емес. Бірақ, ұлттық валюталық аймақ қалыптастырудың, оны ары қарай алып кетудің соншалықты оңайға соқпағанын бүгінгі буын білуі тиіс. Оның үстіне кезінде КСРО-ның шикізат қоры болып келген елімізде тоқырау жылдары қиындықтан алып шыға қоятын жібі түзу зауыт-фабрика да болмады. Барының өзі тұрақты сұраныс пен инвестицияның болмауынан жабылып тынды. Ұлттық экономика жүрмеген жерде ұлттық валютадан да тұрақтылық таяды. Шикізат экспортына, әсіресе минералды ресурстарға, оның ішінде мұнайға тәуелді болып қалған Қазақстан экономикасы жағдайында валюталық саясат та қазір шиеленісіп тұр. Дегенмен, теңгенің долларға шаққандағы бағамының соңғы жылдары нашарлап келе жатқаны жұртты қатты алаңдатуда.
Осы орайда экономист сарапшылардың да пікіріне құлақ түрсек. Еліміздің әрі облыс экономикасына қатысты біраз ғылыми еңбектер мен мақалалардың авторы, социология ғылымдарының докторы, облыстық мәслихаттың депутаты Бақтияр Алдашов ұлттық валютаның қолданысқа енгізілуін жас мемлекетті зардабы зор үлкен қауіптен құтқарған қадам болғанын айтады.
– Ұлттық Банктің мәліметіне сүйенсек, 1993 жылдың 15 қарашасы күні таңғы сағат 8.00-ден бастап ескі рубльді жаңа валютаға ауыстыру басталды. Сол кездегі курс бойынша 1 доллар – 4,75 теңгеге, ал 1 теңге – 500 рубльге бағаланды.
Ал, бүгінгі жағдай күрт өзгерген. 1000 теңгеге небәрі 2,68 АҚШ долларын немесе 179,5 Ресей рублін ғана сатып аласың. 2017 жылы елімізде төлем құралдары арқылы орта есеппен күніне 3,5 триллион теңгенің 149,2 мың транзакциясы, ал, жалпы, жыл бойы 844,2 триллион теңгені құраған 15,1 миллион төлем транзакциясы жүргізілген. 2018 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша 17 қазақстандық жүйе бойынша жүргізілген электронды ақша айналымының динамикалық өсімі арта түскен. Ал, 2018 жылдың қазанындағы ақпар бойынша айналымдағы қолма-қол ақша массасының көлемі 1 триллион 380 миллиард теңгеге жеткен, – дейді ғылым докторы Б.Алдашов.
Рас, ұлттық валюта бағамының тепе-теңдігін ұстап тұру үшін интервенциялық шараларды қолға алып, шығынданып отырған ел Қазақстан ғана емес. Түрлі геосаяси ахуалдар мен АҚШ бастаған Батыстың алпауыт елдерінің Ресей, Түркия, Қытай, Иран, Аргентина сынды бірқатар елдерге қыр көрсетіп отырған санкциялық соққыларынан осы елдермен іргелес, интеграциялық одақтас елдері де зардап шегіп отыр.
Қысқасы, теңге бағамының түсіп кеткені бұл ұлттық валютаның тығырыққа тірелгенін немесе экономиканың құрдымға кетіп бара жатқанын білдірмейді.
Сарапшылардың соңғы ақпараты бойынша теңгенің долларға қатысты бағамы нығайып келеді. Қаржы саласының мамандарының айтуынша, теңге рубльмен бірге нығая түскен. Бірақ, сарапшылар теңгенің дәл рубльдің ізімен жүруін құптамай отыр. Яғни, Қазақстан Ресейден келетін импортқа рубльмен аз төлейді. Бірақ, тәуелділік көп байқалады. Бір сөзбен айтқанда теңге рубльдің соңынан ермегені жөн. Дегенмен, Ұлттық Банк мамандары мұнымен келіспей отыр. Олар теңгенің рубльмен бірге нығайып келе жатқанын теріске шығаруда. «Теңгенің нығаюы түріктердің лирасымен, евромен байланысты, яғни, тек қана рубльға қатысты емес. Көпшілік рубль туралы ғана айтады. Сондай-ақ, көп елдің Орталық банкі пайыздық мөлшерлемені көтерді. Осылайша, дамушы елдердің валютасы нығайды, олардың арасында рубль мен теңге де бар, – дейді ҚР Ұлттық банк төрағасының кеңесшісі Айдархан Құсайынов.
Қалай десек те, теңгенің бүгінгі курсы KASE қор биржасының сейсенбі күнгі таңғы саудасында долларына шаққанда 374,84 теңге, максимал құны — 375,8 теңге деңгейінде. Сауданың жалпы көлемі 44,55 миллион долларға жетті. Ал, Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 71,31 доллар шамасында қалыптасып отыр.
Ақша айналымына тоқталсақ, 2018 жылдың қаңтар-тамыз айлары аралығында ақша аударым жүйесі арқылы Қазақстанның жеке тұлғалары шетелге аударған қаржының көлемі 380,1 миллиард теңгеге жеткен. Бұл көрсеткіш 2017 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 27,5 пайызға жоғары. Былтырғы жағдайды 2016 жылмен салыстырғанда көрсеткіш 25,2 пайызға жоғары болған.
Тауарлар экспортында да қуантарлық жағдай. 2018 жылғы 1-жартыжылдықтың қорытындылары бойынша тауарлар экспорты өткен жылғы осындай кезеңмен салыстырғанда 24,9 пайызға немесе 5,9 миллиард долларға ұлғайып, 29,4 миллиард АҚШ долларын құраған. Ал, инвестициялық импорттың өсуіне бизнес кірістерінің қалпына келуі және ірі ауқымды инвестициялық жобалардың, көбінесе, мұнай-газ секторында іске асырылуы себепші болып отыр.
Соңғы деректерді тектен-текке мысалға келтіріп отырған жоқпыз. Өйткені бұдан ел экономикасында алға жылжудың байқалып отырғанын көреміз. Бұл тұрғыда ширек ғасырдан бері қолданыста келе жатқан ұлттық валютамыздың да стратегиялық маңызы зор. Ендеше, төл теңгеміз де тұғырынан таймай, тәуелсіздігімізбен бірге нығая берсін деп тілейік.

Жасұлан Сейілханов

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.