Тоғыз айдағы тындырымды тірлік | arainews.kz

Тоғыз айдағы тындырымды тірлік

201

«Өңірлік коммуникациялар қызметінің» алаңында облыс әкімдігі Ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Құрманғали баспасөз мәслихатын өткізіп, соңғы тоғыз айда атқарылған жұмыстарды баян етті. Сондай-ақ, алда тұрған межелі міндеттерді айқындап, журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Қоғамдық-саяси ахуал басты назарда

Жалпы, Берік Уәлиұлының сөзіне сүйенсек, қазір облыстағы қоғамдық-саяси ахуал тұрақты. Оған дәлел, әлеуметтік зерттеу үлгісінде жүргізілген сауалнаманың қорытындысында респонденттердің 93,55 пайызы қоғамдық-саяси жағдайға көңілдері толатындықтарын айтқан.
– Облыстың бүгінгі дамуына бірінші кезекте саяси тұрақтылықтың үлкен әсер ететіні ақиқат. Өйткені, Елбасы Н.Назарбаев ұсынып отырған мемлекеттік идеология – мемлекеттің тұтастығын сақтау мен көпұлтты Қазақстан халқының бірлігімен айшықталуда.
Ең бастысы, облыста азаматтық қоғам мен билік арасындағы өзара берік байланысы орныққан. Өңірде 80-нен астам этнос өкілдері тұрып жатса, солардың арасында ұлтаралық қатынасты дамытуға үлкен мән берілуде.
Сонымен бірге, өңірдегі тұрақтылықтың сақталуына экономикалық өсім, төзімділік пен келісімнің жоғары деңгейі, билік органдарының әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси сипаттағы мәселелерге жедел әрекет етуі ықпал етуде.
Бүгінде халық пен билік өкілдерінің байланысын нығайтып, барынша ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында басқарманың мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы шеңберінде «Жамбыл облыстық жастар ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігімен «J-RECEPTION» интернет қабылдау сайты жұмыс істеуде. Яғни, «Интернет-қабылдау» сайтында азаматтарды алаңдататын өзекті мәселелерді тіркеу және қарау бойынша «интернет-қабылдау» сайтының модулі әзірленіп, азаматтардың билік органдарымен кері байланысы ұйымдастырылды.
Ал, «Жергілікті өзін-өзі басқаруды және қоғамдық бақылауды дамыту бойынша ақпараттық орталықты ұйымдастыру» жобасы аясында облыстық, Тараз қалалық, аудандық Қоғамдық кеңестері жұмыстарының ашықтығын көрсету мақсатында «Q-KENES.KZ» сайты жұмысын бастады.
Келесі жылы да осы сайттарды өзектендіру және ілгерілету бойынша жұмыстар жалғасатын болады, – деді Берік Уәлиұлы.

Мәдени шаралардың маңызы зор

Бұдан кейін басқарма басшысы биылғы жылдың негізгі қоғамдық-саяси тақырыбы Елордамыз – Астана қаласының 20 жылдығына арналғанын тілге тиек етіп, өзге де мәдени шараларға тоқталды.
– Жыл ішінде бірқатар қоғамдық-мәдени көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылып,
29 маусымда «Астана – аймақтар арқауы» атты облыстық форум өтті. Бұдан бөлек, Елбасының Жарлығымен шілде айының алғашқы жексенбісі «Ұлттық домбыра күні» болып белгіленіп, Жамбыл Жабаев ескерткішінің алдында 300-ден астам домбырашылар ұлттық күйлерді орындады. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында басқарманың ұйытқы болуымен халықты рухани тұрғыда байыту мақсатында республикалық деңгейдегі танымал азаматтар мен зиялы қауым өкілдері облысқа шақырылып, кездесулер мен ауқымды шаралар өткізілді. Атап айтсақ,
29 тамызда «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Берік Әбдіғалиұлы мен археолог Айман Досымбаеваның қатысуымен «Тараз – тарих айнасы» ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылса, 7 қыркүйекте ҚР Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет және одақ мүшелері жамбылдық жұртшылықпен жүздесті. Сондай-ақ, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде партизан жазушы, Халық қаһарманы Қ.Қайсеновтің
100 жылдығына арналған әдеби кеш те қыркүйек айындағы шаралар қатарын толықтырды. Ал, өткен айдың аяғында Кеңес Одағының Батыры, даңқты қолбасшы Б.Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова облысқа арнайы сапармен келіп, ата аманатын арқалаған ана, ұрпаққа рухани азық болар тағылымды ойларымен бөлісті. Осы сынды айтыскер ақын Әзімбек Жанқұлиевтің өмірден өткеніне 15 жыл толуына орай өткен әдеби еске алу кеші де игі бастамаларымыздың бірі болды. Ал, «Мерейлі отбасы — 2018» республикалық байқауында жерлестеріміз Ниязқұловтар отбасы жүлделі бірінші орынды жеңіп алуы жамбылдықтарды үлкен қуанышқа бөледі, – деді Б.Құрманғали.

Ең бастысы – ақпараттың ашықтығы

Жалпы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру бойынша биыл 3 миллиард 50 миллион теңгеге 119 кіші жоба мен 73 іс-шара өткізу жоспарланса, оның 350 миллион теңгесі жергілікті бюджеттен, 2,7 миллиард теңгесі меценаттар есебінен қаржыландырылған. Басқарма басшысы осы қаралған қаржы мен демеушілер есебінен де талай дүние бітіп жатқанын баяндай келе, мекеменің негізгі жұмыстарының бірі – түсіндіру және ақпараттық саясатты жүргізу екеніне тоқталды.
– Бүгінде облыста 59 бұқаралық ақпарат құралы қызмет етеді. Биыл жаңадан 4 БАҚ тіркелді. Оның ішінде біреуі журнал болса, үшеуі ақпараттық агенттік. Осы негізде қазір өңірде 40 бұқаралық ақпарат құралдары мемлекеттік тапсырыс шеңберінде ақпараттық саясатты жүзеге асыруда. Сонымен бірге, ақпараттық саясаттың тиімділігін арттыру мақсатында әлеуметтік желілердегі жұмыстарды жүйелендіру үшін облыс әкімінің өкімімен басқармалар, Тараз қаласы және аудан әкімдіктерінің интернет желісіндегі ақпараттық жұмыстарын жандандыру Ішкі саясат басқармасына жүктелді.
Осыған байланысты басқарманың бастамасымен барлық аудандар мен Тараз қаласында «Ақпарат кеңістігінде жұмыс істеудің жүйесі» атты көшпелі оқу-семинары өткізілді. Нәтижесінде 10 аудан мен Тараз қаласы әкімдігінің «Facebook» және «Instagram» әлеуметтік желілерінде ресми парақшалары ашылды. Бұл жұмыстар жыл соңына дейін жалғасын табады.
Тағы бір айта кетерлігі, еліміздің «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңына сәйкес барлық мемлекеттік мекемелерде баспасөзге жауапты мамандар бөлінді. Олардың кәсіби біліктілігін арттыру жұмыстары басқарма тарапынан жүзеге асырылып келеді. Мәселен, 17 тамызда Меркі ауданы, «Тұран» демалыс аймағында облыстық, қалалық және аудандық әкімдіктердің 70-ке жуық баспасөз хатшылары, журналистер мен блогерлерге арналған «Ақпарат ағыны және біз» тақырыбында семинар-тренинг ұйымдастырылса, 24 тамызда «Баспасөз қызметі мен БАҚ арасындағы байланыстың тиімді жолдары» атты тағы бір үлкен семинар-тренинг өтті. Аталған шарада «Нұр сұңқар» байқауының «Ең үздік блогер» аталымының жеңімпазы Өркен Кенжебек пен саясаттанушы Жарқын Түсіпбекұлы дәріс оқыды, – деген Берік Уәлиұлы бұдан әрі жергілікті атқарушы органдардың ақпараттық ашықтығын қамтамасыз ету жағын сөз етті.
– Облыс әкімі Асқар Исабекұлы облыс әкімдігінің басқарма басшылары мен Тараз қаласы және аудан әкімдеріне кестеге сәйкес «Өңірлік коммуникациялар қызметі» алаңында аптаның дүйсенбі, сәрсенбі, жұма күндері брифинг өткізіп, баспасөз мәслихатынан кейін «JAMBYL» телеарнасының «1 студия» бағдарламасына тікелей эфирге шығуды тапсырған болатын. Облыстық Ішкі саясат басқармасы бекітілген кестеге сай брифинг пен тікелей эфирге мекемелердің бірінші басшысының қатысуын үйлестіріп келеді. Бұл мемлекеттік мекеме қызметтерінің транспаренттілік деңгейін арттырып, халықтың әкімдіктер мен басқармалардың атқарылып жатқан жұмысынан хабардар болуына септігін тигізуде.
Жалпы, жыл басынан бүгінгі күнге дейін БАҚ өкілдерімен 118 баспасөз конференциясы ұйымдастырылса, оның 45-і жоспарға сай, 48-і жоспардан тыс өтті.
Осы орайда айта кетерлігі, биыл басқарма үкіметтік емес ұйымдармен берік байланысты орнатып, қарым-қатынасты күшейтті. Бұл бағыттағы жаңалықтардың бірі – облысымызда алғашқы рет үкіметтік емес ұйымдарға арналған «Азаматтық орталық» ашылды. Аталған жобаға облыстық бюджеттен 8,9 миллион теңге қарастырылған. Орталықта үкіметтік емес ұйымдар үшін ақпараттық-әдістемелік, консультативтік, құжаттамалық және азаматтық бастамаларды қолдау бойынша қызметтер көрсетіледі, – деді Б.Уәлиұлы.

Жамбылда «Жерлестер» форумы өтеді

Өз баяндамасын басқарма басшысы алда тұрған жоспарлы жұмыстармен қорытындылады.
– Құрметті брифингке қатысушылар! Бүгін сіздерге басқарманың негізгі жұмысымен таныстырдым. Алдағы уақытта, қазан-қараша айларында Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Ұлы дала Рухы» фестивалі, «Латын әліпбиі – бүгінгі күннің өзекті мәселелері» тақырыбында конференция, «Жерлестер» форумы, ҚР Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеу институты сарапшыларының қатысуымен семинар-тренинг, Алаш Үкіметінің құрылғанына 100 жыл толуына арналған «дөңгелек үстел» отырысы, желтоқсан айында ҚР Тұңғыш Президент күніне арналған ғылыми-тәжірибелік конференция мен Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиналыс өткізу жоспарымызда тұр.
Өңірді өркендетіп, Әулиеатаның әлеуетін арттыруда бірлескен жұмысымызға сәттілік тілеймін!, – деп сөзін түйіндеді Берік Уәлиұлы.
Бұдан кейін басқарма басшысы журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Олардың дені «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында меценаттардың туған өлкесіне деген демеушілігі, аудан әкімдіктеріндегі сайттардың жұмысы, баспасөзге жазылу науқанына қатысты өрбіді. Сонымен қатар, Берік Құрманғалиды облыс әкімдігі Ішкі саясат басқармасының басшылық қызметіне келгеніне 100 күн толуына орай арнайы ізгі тілектерін жеткізгендер де болды.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.