«Ұстаздарыма мәңгілік қарыздармын» | arainews.kz

«Ұстаздарыма мәңгілік қарыздармын»

1 135

Шәкірт тәрбиелеуде, оны тұлға ретінде қалыптастыруда мұғалімнің еңбегі зор. Бұл тұрғыда алғашқы ұстаздың орны ерекше және ыстық. Осы орайда, біз елге белгілі азаматтардан өздерінің алғашқы ұстаздары туралы сұрап білген едік.

Берік Құрманғали,

облыс әкімдігі Ішкі саясат басқармасының басшысы

«Алты алаш бас қосса төрдегі орын ұстаздыкі», – дейді Мағжан Жұмабаев. Расында, әріпті танытып, білім нәрімен сусындатудағы ұстаздың орны ерекше. Бедел биігінен көріп, абыройы асқандардың барлығы дерлік осы бір ұлағатты жанның алдында бас иері анық. Өмірлік ұстанымдарды қалыптастырып, оң-солымды танытқан ұстаздарыма мен де мәңгілік қарыздар жанның бірімін.

1983 жылы бұрынғы Семей облысы Ақсуат ауданы, Ойшілік ауылындағы «Комсомол» орта мектебінің табалдырығын аттаған сәтте, алғашқы ұстазым Мәрия Ілиясова апай білім әлеміндегі алғашқы қадам жасауға ықпал етті. Бастауыш сыныптарда одан кейін дәріс оқыған ұстазым марқұм Салтанат Дәрібаеваға да алғысым шексіз. Қазақ тілі және әдебиеті пәнін тереңдете оқытатын класта білім берген ұстазым Зәйтуна Срайылова журналистік жолды таңдауыма себепкер болған жан. Қатарынан екі 45 минут тапжылай отырып қазақ тілі мен әдебиетінің теориясы мен практикасын түсіндіретін. Сондай талапшыл ұстаз еді.

Мектептегі балалық шағымдағы ұстаздардың ұлағаты дегенде осы бір оқиға еске түседі. Бастауыш сыныпта оқып жүрген кезім. Ол кезде бастауыш сынып оқушылары шашты ұстарамен тақырлатып алдырып тастайтын. 3 сынып оқып жүргенде шашымды қайырып, сулап тарап жүруге әуес болдым. Менің бұл «серілігім» сынып жетекшім Салтанат Дәрібаеваға ұнай қоймады-ау деймін өзге балалар сияқты шашымды алып келуді ескертті. Ал мен бұл ескертуді тыңдай қоймадым. Келесі күні сынып жетекшісі тағы ескерту жасады. Бұл жолы да құлақ аса қоймадым. Есесіне үшінші ескертуден кейін ұстазым тақтаға шығарып алып, оқушылардың көзінше қайшымен шашымды қиқалап тастады. Сол жолы менімен бірге екі-үш кластастарым да «жазаланды». Қоңырау соға салысымен елдің көзіне түспейін деп үйге тұра жүгірдім. Одан кейін мұғалімнен мұндай ескерту алмастай болдым. Осы оқиға есімде қатты сақталып қалыпты…

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.