«Тіл туралы заңға әлі де өзгерістер керек» | arainews.kz

«Тіл туралы заңға әлі де өзгерістер керек»

"Мемлекеттік тіл және БАҚ" байқауына

430

Саясаткер Досмахамбет Көшімнің есімі ел-жұртқа кеңінен таныс десек, артық айтқандық емес. Ол ұлт мұраты, ұрпақ болашағы үшін шырыл қағып, азаматтық пайымын білдіруден аянып қалған жері жоқ. Сондықтан да болар, қалың елі – қазағы қашанда құрметпен қарайды. Д.Көшімнің 2006 жылы «Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер» атағымен, ал 2008 жылы Тіл комитетінің «Қазақ тілінің жанашыры» төсбелгісімен марапатталуы да қоғам дамуына қосқан қомақты үлесімен тығыз байланысты. Саңлақ саясаткермен таяуда облысымызға келген сапарында жүздесіп, салиқалы сұхбат құрып едік. Соны оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдік.

– Досмахамбет Қалмаханұлы, қасиет­ті Әулиеата жеріне қош келіпсіз! Білуі­мізше, бірқатар аудандарда болып, «Қазақстан­ның болашағы – қазақ тілінде» атты республика­лық жобасы аясында семинар өткіздіңіз. Бұл сапардан қандай ой түйдіңіз? 
– Жамбыл облысы қазақы қаймағы бұзыл­ма­ған өңір екендігі әу бастан белгілі. Сондықтан, солтүстік, шығыс аймақтардағыдай мұнда мемлекеттік тілге қатысты мәселе жоқ. Жалпы, осында келгендегі мақсатымыз латын графикасына негізделген жаңа әліпбиге көшу жағдайын халыққа түсіндіру. Сондай-ақ, ономастика төңірегінде де ойласатын тірлік көп. Өкінішке қарай, халыққа барлығын билік істеп беретіндей көрінеді. Ескі, мағынасы өзгерген атауларды ауыстыру туралы ұсыныс жасау тұрғындардың міндеті. Дейтұрғанмен, оның да өзіндік тәртібі бар. Міне, осындай шаруалар бойынша жұртшылықпен кеңесіп, олардың талап-тілектерін тыңдадық.
– Тоқсаныншы жылдардан бері еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып келесіз. Саясатқа келуіңізге не себеп болды?
– Шыны керек, «саясаткер бол» деп ешкім мені үгіттеген жоқ. Дегенмен, анам өте ұлт­шыл жан еді. Ол кісінің қазақ тіліне деген жана­шыр­лық көзқарасы әрдайым есімде. Бір жолы анам Алматы қаласындағы дүкендердің біріне кіріп, қажетті тауарды сұрағанда саудагер орысша сөйлеуін талап етеді. Міне, осындай жағдайларға қатты қапаланған болуы керек, ең бірінші ана тілді құрметтеп, аялауды санама сіңірді. 1987 жылы Желтоқсан көтерілісінің басты қаһармандарының бірі Қайрат Рысқұлбековтің соты болды. Мен әуелі сол істің құжаттарын аударып берсем, кейіннен сотта тілмаш қызметін атқардым. Сол жерде жалған идеология мен сот жүйесіндегі әділетсіздікке көзім жетіп, тоталитарлық жүйенің не екенін түсіне бастадым. Осындай жағдайдан кейін саясатқа ойысып, кейіннен партия құрдым. Тағы бір тілге тиек ете кететін жайт, ол уақытта Кеңес Одағының аума­ғында белгілі бір деңгейде «саяси ояну» пайда болды. Оның шет жағасы Қазақстанға да жетті. Қозғалыстың бастауында өзімнің де болғанымды мақтан тұтамын. Мұғалімдер мен журналистердің белсенділігі жоғары болды. Барлығы көз алдымызда өтті. Жалпы, саясатқа келгеніме өкінбеймін. Қиын кезді бастан өткердік. Бұл – қиын да қадірлі еңбек. Бірақ, мұғалімдігім, бастаған ғылыми жұмысым аяқсыз қалды. Мүмкін, менен жақсы бір ғалым шығар ма еді? Алайда, өмірдің ағысы мені саясатқа әкелді.
– Сізді жұрт «Парламент Мәжілісінің депутаты болып отыратын азамат қой» деп те жатады. Ұзақ жылдардан бері саясатпен айналысып жүріп, қандайда бір жоғары лауазымды қызмет атқара алмағаныңызға өкінбейсіз бе? Әлде, ұсыныстар болды ма?
– Саясатпен айналыса бастағанымда алдыма еш уақытта атқарушы, сосын заң шығарушы билікке бармайтыным туралы мақсат қойған болатынмын. Тіпті, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болуға мүмкіндігім толық болған. Бірақ, барғым келмеді.
Негізінен менің істеп жүрген жұмысым саяси-ағартушылық бағытта. Мысалы, осы уақытқа дейін жеті кітап жазыппын. Оның алғашқысы «Демократия негіздеріне кіріспе» деген атпен жарық көрді. Қазір ұлтшылдықпен қоса, демократиялық принциптерді де түсіндірудемін. Осы арқылы жабық жүйеде қалған адамдарға демократиялық қоғамның қандай болатындығын айтып, көзін ашқым келеді. Ал, ұлттық бағыт тәуелсіздік үшін күресте көрінді. Кейіннен 7-8 жылдай тоқтап қалды. Неге? Себебі, біз бұрынғы тоталитаризм жүйесіне қызмет еткен билік алдымызға қойған мақсат-мұраттарымызды жүзеге асырады деп ойладық. Бірақ, олар асырмады. Бұл біздің кемшілігіміз болды. Сонымен біз қайталап ұлттық мәселені көтердік. Осыған қарап, өзімді демократ-ұлтшыл деген атқа лайықпын ба деп ойлаймын.
– Республикада алғаш рет 1988 жылы «Ана тілі» қоғамын құрушының бірісіз. Қазіргі таңда елімізде үш тұғырлы тіл саясаты мықтап қолға алына бастады. Жалпы, осы дүниеге көзқарасыңыз қандай?
– Менің негізгі мамандығым – филолог. Жалпы, үш тұғырлы тіл саясатына менің көзқара­сым дұрыс. Әрбір қазақ Шәкәрім сияқты сегіз тіл білсін, әл-Фараби секілді сексен тілді меңгерсін. Алайда, үш тілді бірінші сыныптан бастап үйретуге қарсымын. Мұның психологиялық және басқа да зиянды тұстары көп.
Алаш зиялыларының бағдарламасында бастауыш мектептің барлығы тек ана тілінде оқытуы керек делінген. Кеңестік кезеңнің өзінде 5-сыныптан соң ғана ағылшын тілі оқу бағдарламасына енетін. Бұл дүниежүзінде бар тәжірибе. Яғни, 12 жастан бастап қана екінші тілді үйрену керек. Ал, бізде тиісті министрлік үш тұғырлы тіл саясатын желеу қылып, асыра сілтеп жатыр. Мысалы, жоғары сыныптарға химия, биология, математика және IT деген негізгі төрт пәнді ағылшын тілінде оқыту ісі қолға алынып отыр. Бұл ұзақ уақыт пен көп күшті қажет ететін жоба. Себебі, жиырма мың мұғалімді АҚШ-тан ақшаға жалдап шақыруға болатын шығар. Бірақ, соны түсінетін оқушылар бар ма? Ауылдық жердегі жастар аталған пәнді ағылшын тілінде түсіне ме? Міне, басты мәселе осында. Бір сөзбен айтқанда, үш тұғырлы тіл саясатында әлі де болса толықтыратын тұстар бар. Осыған баса назар аударғанымыз абзал.
– Бүгінде жастардың жат ағымның жетегінде кетуі белең алуда. Бұған қалай тосқауыл қоюға болады? 
– Біз атеистік қоғамнан ашық қоғамға көштік. Осындай кезеңде Ислам дінінің негізгі бағыттарын түсініп, оқи бастадық. Дін негіздері әр жерде әртүрлі бағытта түсіндіріледі. Мысалы, Египетте түсіндіру басқаша. Сол секілді Пәкістанда өзгеше. Себебі, Ислам дінінің өзінде 72 тармақ бар. Барлығы бір Аллаға сеніп қасиетті Құран мен хадиске сүйенеді. Бірақ, түсіндірмелері алшақтау. Біздің азаматтар шет мемлекеттерде оқып келіп, дәстүрлі дінімізге белгілі бір «реформа» жасауға кірісе бастады. Қарап отырсаң, кейбіреуі орынды, екіншілері орынсыз. Ал, оларды қабылдайтын біздің қоғам оған дайын емес. Бүгінгі қоғам керек десеңіз, діннің негізін әлі меңгеріп болған жоқ. Яғни, өліара кезеңге табан тіредік. Шындығында, бұл да табиғи процесс. Одан бірден секіріп өте алмаймыз, уақыт керек.
– Бір сұхбатыңызда «Енді он-он бес жыл кешіксек, ұлт ретінде жойылып кетуіміз мүмкін» депсіз. Бұлай айтуға не түрткі болды?
– Мен бір ғана мысал айтайын. Менің Құдай қосқан қосағым Оралдың Тайпақты деген жерінен. Ол жақ Астраханьға жақындау. Қарап отырсам, сол ауыл азаматтарының есімдері өзгеріп бара жатыр. Мысалы, балдызымның аты Света. Ал, оның құжатында аты Светлана деп жазылған. Аталған ауылда Катя, Толя бар. Барлығы қазақтар. Сосын Өскемен өңірімен құдандаласқан болатынмын. Ол жақта да аталған мәселе күйіп тұр. Мәселен, Төлеубек деген кісіні барлығы Толя дейді. Осылайша солтүстік аймақтарда адам атының өзі бұрмаланып, дүбәраланып барады. Өзіміз білетіндей чукча, якут халықтарының барлығы Иван Петрович, Степан Бремеев болып кетіп, бүкіл аттары жоғалды. Меніңше, ең бірінші ұлт азаматтарының есімі жоғалатын секілді. Есім жоғалудың бір формасын Ганконгтан да көргенмін. Аталған аймақ Қытай мемлекетінің аумағына жатқанымен, адамдарының аттарының дені Джеки Чан, Брюс Ли. Аты америкалық, тегі қытайлық. Қысқасы, ұлт құрыған уақытта есімдер ауысады екен. Осылайша аттан кейін бірте-бірте тіл құриды. Шындығына келгенде, Одақтың құрамында тағы 10-20 жыл болғанымызда Ресеймен шекаралас аумақтардағы адам есімдерінің барлығы ауысып кетуі ықтимал еді. Біз дер кезінде тәуелсіздігімізді алып үлгердік. Тәубе дейік!
Жалпы, бір нәрсені ұмытпауымыз керек, бүкіл Одақ ішінде орыстандыру саясатының салқыны ерекше тиген аймақ – Қазақстан. Қазір мемлекеттік тіліміз дамымаған деп күмілжіп жүрміз ғой. Бірақ, бұған қарап билікті айыптамау керек. Себебі, орыстандыру саясаты сүйегімізге сіңіп, содан әлі арыла алмай жатырмыз. Тағы бір қырынан келсек, ана тіліміздің ақсап тұрғанына мемлекеттік қызметкерлердің тілге деген немқұрайдылығы себеп. Мемлекеттік қызметкерлер мемлекеттік тілді дамытушылар болуы керек. Тіліміздің дүдәмалдау болып жатқандығына солар кінәлі. Яғни, дамуды тежеп отыр. Себебі, олар орыстілді. Және депутаттар тілге қатысты түрлі заң шығарғанымен, оны айналып өтетін жүйесін де ойлап тауып қойған.
Мына қызықты қараңыз, осы уақытқа дейін орыстілді аудиторияға 167 кездесу өткіздік. Сол кездесулердің бірінде орыс әйелі маған «Сендер «нан» деп жазып, қасына «хлеб» деп қоясыңдар. «Абай көшесі» дейсіңдер де астына «улица Абая» дейсіңдер. Сонда сендер бізді ақымақ көресіңдер ме? Біз нанның орысша баламасы «хлеб» екенін білмейді дейсіңдер ме? Осылайша тілді мазақ қылып отырсыңдар, мүлде олай жазбаңдар» деді. Мен оған: «Кешіріңіз, біздің заңымызда солай жазылған» десем, «Ондай заңды неге алып тастамайсыңдар?» дейді. Міне, біз әлгіндей заңмен әлі отырмыз. Бұл– 1989 жылы Кеңес үкіметі бар кезде қабылданған заң. Бұған келесі жылы 30 жыл толады. Ал, осы аралықта Эстония мемлекеті тілге қатысты төрт рет жаңа заң жобасын жасап шықты. Өйткені, әр 5-10 жыл сайын тілдік ахуал өзгереді. Бергісін айтсақ, Тәжікстан мемлекетінің өзі екі заң қабылдап үлгерді. Бізге де осы секілді Тіл туралы заңға әлі де өзгерістер керек.
– Өзіңіз жетекшілік ететін «Ұлт тағдыры» қозғалысының қазіргі тыныс-тіршілігі туралы айтып өтсеңіз…
– Бұл қозғалыс 2005 жылы құрылғанымен, 2013 жылы жұмысымызды тоқтаттық. Неге? Себебі, сол уақытта Алматы қаласында құрылтай болып, бүкіл ұлтшылдардың басын қосатын Ұлттық кеңес өмірге келді. Төрағасы ретінде Мұхтар Шаханов сайланды. Өкінішке қарай, Ұлттық кеңес дұрыс жұмыс жасаған жоқ. Осыдан кейін қазір біз дүбәра күйде тұрмыз. Үш жыл жұмыс істемеген үкіметтік емес ұйымдардың әрекетін сот арқылы тоқтату туралы заңға қатысты қазір «Ұлт тағдыры» қозғалысын мәжбүрлеп жабу туралы облыстардан хат келіп жатыр. Сол себепті, бұл үкіметтік емес ұйымның жұмысы толықтай тоқтатылады. Бірақ, қозғалыстың мүшелері соңғы төрт жылдың ішінде солтүстік және шығыс облыстарда «Қазақстанның болашағы қазақ тілінде» деген ұранмен орыстілді аудиториямен көп жұмыстар жүргізді. Оның ішінде ономастика, көше атауларын өзгерту секілді мәселелерге атсалысты. Қазір осындай жұмыстармен шектелуімізге тура келіп отыр.
– Сізге 1994 жылы демократияны дамытуға сіңірген еңбегіңіз үшін АҚШ-тың «Техас штатының Құрметті азаматы» атағы берілсе, 2006 жылы «Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер», ал 2008 жылы Тіл комитетінің «Қазақ тілінің жанашыры» төсбелгісімен марапатталдыңыз. Осындай атақ пен даңққа пікіріңіз қандай?
– Мен үш нәрседен қашамын. Біреуі – байлық, екіншісі – лауазым, үшіншісі – атақ-даңқ. Ал, кейбір марапатқа ұсынғанда ешқашан одан қашқан емеспін. Себебі, оның кішкентай саяси қулығы бар. Мәселен, мені кейбір аудиториямен кездестірмеуге ілік іздегенде сол алған атағым көмекке келеді. Яғни, менің «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері» деген атағым оларды тежейді. Алайда, атақ-даңқ келеді, кетеді. Өз басым алған атақтарымның бірде-біреуін кеудеме таққан емеспін.
Шындығында, кейбіреулерін толық мойындаймын. Мәселен, «Тіл жанашыры» десе аламын. Ал, «Өнер қайраткері» десе алмаймын. Өйткені, өнерге сіңірген еңбегім жоқ.
– Сізді бүгінгі қоғамда не толғандырады?
– Мені екі нәрсе ойландырады. Біріншісі, әділетті қоғам құру. Қазіргі кезде өз басым ондай қоғам көріп отырған жоқпын. Екіншіден, біз ұлттық мемлекет құруымыз керек. Мен мұны әркез ашық айтамын. Ол – Қазақ елі. Осыдан 4-5 жыл бұрын Президенттің өзі де мемлекетті «Қазақ елі» деп атасақ қалай болады?» деп айтқан болатын. Шындығында, солай болуы керек. Себебі, Кеңестік кезеңдегі атауымыз «Қазақ Советтік Соцалистік Республикасы» деп аталған еді. Егер советтік пен социалистік деген ұғымдарды алып тастасақ, Қазақ Республикасы қалады. 1991 жылы осыны ауыстырып «Қазақстан» деген атау қойды. Бұл өз уақытында керек болған шығар. Саяси тұрғыдан. Бірақ, қазір етек-жеңімізді жинап, алпауыттармен тереземіз тең түсетіндай жағдайға жеткенімізде, ата-балаларымыз аңсаған және Елбасымыз әрдайым айтып жүрген «Мәңгілік Ел» Қазақ мемлекетін құруымыз қажет.
– Бір сұхбатыңызда «Біздің кемшілігіміз өзімізден мықты жастарды тәрбиелей алмауымыз» деп айтқан екенсіз. Осының сыры неде? 
– Бұл үлкен мәселе. Себебі, диалектиканың заңы бойынша сан сапаға айналуы керек. Біз 39-40 пайыз қазақ болған уақытта құрамында 500 мың мүшесі бар «Азат» қозғалысы дүниеге келді. Осы кезде коммунистерде 172 мың адам болды. Яғни, коммунистерден үш есе көп болдық.
Таңғалатыным, сол уақытта беделді саяси қоғам қайраткерлері пайда болды. Алайда, қазір олар жоқ. Неге ұлттық мәселені тілге тиек етсек, Мұхтар Шаханов, Қасен Қожахметовтер ғана ойға оралады. Бұл қатарға жас ретінде мені де қосса болады. Бірақ, менің жасым 63-те. Көріп тұрсыз ба, ең жас саясаткер мен болып тұрмын. Алайда, неге отыздағы жастар жоқ?! Рас, соңғы уақыттарда қырықтан асқан Айдос Сарым, елуді еңсерген Расул Жұмалы шығып келеді. Бірақ, бұларды да жас деп айтуға келмейді. Сондықтан, біз бүршік жарып келе жатқан жас саясаткерлерге бағыт-бағдар көрсетіп, әртүрлі қыспақтардан қорықпауға тәрбиелеуіміз керек. Сонда ғана елдің ертеңіне елеңдейтін ұрпақ қалыптастыра аламыз.
– Қаракөз қыздарымыз жыртық шалбар киіп, жігіттер шашын бояп, қасын теріп, сырға тағуы жиілеп кетті. Осы секілді мағынасыз «мутацияға» не айтар едіңіз?
– Иә, ондай адамдар тобы бар. Мұндай үрдіс біздің жас кезімізде де болды. Менің ойымша, бүкіл қазақтар ондай кейіпке түспейді. Олармен арнайы күрес жүргізіп, бас қатырудың қажеті жоқ. Себебі, елдің есін шығарған «91» тобы он жылдан кейін қолына домбыра ұстап, терме айтып жүруі мүмкін. Өйткені олар шоу-бизнестің шырмауына шырмалып, ақша үшін осындай әрекетке барып жүр. Ерте ме, кеш пе ондай топтар мен азаматтар сабасына түседі.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Шынболат Сейдуалиев

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.