«Тау самалындағы» тандем | arainews.kz

«Тау самалындағы» тандем

334

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында төл құндылықтарымызды төрге оздыру туралы терең ой қозғаған болатын. Сол қатарда тарихты тану, тұлғаларды дәріптеу, тілдің тынысын кеңейту, туған өлкені қастерлеу тұрғысындағы тұжырымдардың тағылымы мол. Әсіресе, бұл өскелең ұрпақ үшін баға жетпес байлық, баянды бағдар. Міне, осы орайда облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» дәстүрлі жастар лагерін «Жастар – рухани жаңғыру жолында» тақырыбымен өткізуді жөн санапты.

Жуалы ауданындағы «Тау самалы» сауықтыру лагерінде өткен шараға Тараз қаласы мен аудан­дық «Жастар ресурстық орталықтарының» қызмет­кер­лері, «Жас Отан» Жастар қанатының мүшелері және үкіметтік емес ұйымдардың белсенділері қатысты.
Лагерьдің ашылуында сөз алған облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасы «Жастар ресурстық орталығының» директоры Талғат Шайхиев басқосудың маңыздылығына тоқталып өтті.
– Бүгінде мемлекет тарапынан жастар­ға жаса­лып жатқан қолдау аз емес. Соның шарапатын өңіріміздің жастары да сезініп отыр. Ал, Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының мән-маңызы тіптен бөлек. Ұлы Даланың ұландары ұлттық құндылықтарды ұлықтай білуі тиіс. Бүгінгі лагерьдің де басты мақсаты осы. Біз қоғамдық сананы жаңғыртқанда заман көшіне ілесеміз. Сондықтан да ұлт мұраты, ұрпақ болашағына бағытталған ұғымдарды жас жеткіншектердің санасына сіңірудің маңызы зор. Осы тұрғыда біз 250-ге жуық жастың басын қосып, таным көкжиегін бір арнаға тоғыстырып отырмыз, – деді Т.Шайхиев.
Үш күнге созылған оқыту лагері барысында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы Уалихан Болатбек, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментінің бас маманы Ерболат Әмірбеков, «ASTANA PARK» кинотеатрының директоры Олжас Қуандықов, «Жастар Зерттеу» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, заң ғылымдарының магистрі Асқар Қадірқұлов түрлі тақырып­тарда дәріс оқып, жастармен пікір алмасты.
Жалпы, жастар жиынының бағдарла­ма­сы бойынша қонақтармен интерактивті сұхбаттар жүргізіліп, жеке тұлғаның дамуына және кәсіби шыңдалуына бағытталған тренингтер өткізілді. Сонымен қатар, күнделікті таңғы жаттығулар мен командалық ойындардың берері мол болды.
Сондай-ақ, оқыту лагерінің аясында V облыстық жастар спартакиадасы шымылдығын түрді. Жалын­ды жастар футбол, волейбол, арқан тарту, 60 метрге жүгіру, жүзу сынды спорт түрлерінен сайысқа түсіп, жарыс көркін қыздыра түсті. Нәтижесінде қарсыластарынан оқ бойы оза шапқан «НұрCITY», «ҚАЗМедиа» және «Ақ Орда» командалары жүлделі орындарды иеленіп, дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Ал, лагерь қорытындысында барлық қатысу­шы­лар­ға сертификаттар табыс етіліп, белсенді және үздік деп танылған жастарға ұйымдастырушылар тарапынан қосымша Алғыс хаттар мен сыйлықтар тапсырылды.

Жуалы ауданы

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.