Тарихын танымағанның болашағы бұлыңғыр | arainews.kz

Тарихын танымағанның болашағы бұлыңғыр

39

Жиырмасыншы ғасыр – адамзат тарихына өшпестей із қалдырған сұрапыл оқиғалар мен катаклизмдерге толы қырғындардың, ұлы соғыстардың ғасыры. Өткен жүзжылдық – өрті мен дерті, өксігі мен серті иықтаса қатар өрбіген ғасыр. Бұл ғасыр әсіресе екі түрлі өркениет пен екі түрлі мәдениеттің өлара тұсына орналасқан Батыс, Шығыс дейтін ежелгі қос ұғымның күнгей-көлеңкесін қатар көру пешенесіне жазылған Ұлы Дала жұртын қандай ауыр сындарға салғаны, тауқыметі мол тағдырлы нендей қиындықтарға ұрындырғаны тарихтан белгілі…

Кеңес дәуіріндегі аштық, репрессия, Ұлы Отан соғысы қазақ халқының тарихында қайғылы іздер қалдырды. Өзге елдерге қоныс аудару орын алып, қазақ халқының саны күрт азаюына ықпал етті. Отаршылдық саясатқа халық бірнеше рет қарсы шығып, жеңіліске ұшырап отырды. Қазақ ұлтының мүддесін көздеп, өз өмірлерінен де елді жоғары қойған азаматтар қуғын- сүргінге түсіп, итжеккенге айдалып, атылып кетті. Алайда мыңжылдықтың соңында Қазақ елі ғасырлар бойы аңсаған азаттығына қол жеткізіп, егемен елдер қатарына қосылды.

Дегенмен, бұл қазақтың басынан өткен зұлмат заманды ұмытып кету керек деген сөз емес. Өйткені, өткен уақыт қандай да болса ұлтымыздың тарихы. Өткенін білмегеннің болашағы бұлыңғыр екенін ескерсек, бұл өте орынды іс.

Төл тарихымызды танып, өткеннен сабақ алып, келер уақытқа кемел жоспар құру мақсатында елімізде жас ұрпаққа мектеп қабырғасынан бастап сонау жылдар жайлы ілім-білім толық деңгейде берілуде. Бұл қатардан темір тордың арғы жағында жазасын өтеп жатқан азаматтар да шет қалып жатқан жоқ. Мәселен, күні кеше Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты №25 мекемесінің сотталғандары арасында «ҚР тарихы, совет үкіметінен бүгінгі күнге дейін» тақырыбында дәріс өткізілді. Түзету мекемесінің жанындағы №15 колледжі тарих пәнінің мұғалімі Б. Сариев жіргізген сабақ барысында бостандығынан айырылған жандарға тәуелсіз еліміздің ата-бабаларымыз аңсаған азаттығымызға жету жолындағы соқтықпалы-соқпақты тарихы жайында мол мағлұмат берілді. Дәріс барысында жазасын өтеушілер өздерін қызықтырған тақырыптарда сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптарын алды.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.