Тараздықтар байрақты бәсекеде топ жарған толағайын күтіп алды

Италияның Неаполь қаласында өткен Дүниежүзілік ХХХ жазғы Универсиада ойындарында ел қоржынын алтын медальмен толықтырған жерлесіміз, дзюдошы Ғалымжан Қырықбайды жанкүйерлері Тараз қаласының шығыс қақпасы алдында күтіп алды, – деп хабарлайды «Arainews» ақпарат агенттігі.

Жанкүйерлерді облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков бастап барып, чемпионға деген ыстық ықыласын білдірді.
– Бұл – ел тарихында бұрын-соңды болмаған айтулы оқиға. Олай дейтінім, Ғалымжан Қазақстаннан шыққан дзюдо спортынан тұңғыш Универсиада чемпионы атанып отыр. Сондықтан жерлесіміздің жеңісімен жамбылдықтар ғана емес, барша қазақстандықтар мақтанады. Ғалымжанға алдағы байрақты бәсекелерде де жеңісті жорығы жалғаса берсін деп тілеймін. Ел үшін туған ердің ерлігі сөзсіз тарихта қалары хақ, – деді Бекболат Серікбекұлы.

Бұдан кейін сөз алған М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков Универсиадаға аттанған қос спортшының жеткен жетістігі туралы айта келе, екеуіне бірдей оқу орнының шәкіртақысын тағайындады.

Бұдан кейін жанкүйерлер қос спортшыны гүлге көмкеріп, естелік суретке түсті.

Естеріңізге сала кетейік, 3-14 шілде аралығын қамтитын додаға облыстан 3 спортшы аттанған еді. Соның қатарында Ғалымжан Қырықбай қарсыластарын қоғаша жапырып, теңдессіз екенін танытты. Ол барлық бес белдесуде қарсыластарын алып та, шалып та ұрып, ақтық айналымда франциялық Хадриен Ливольсиді тізерлетті. Бүгінде Ғалымжан облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының Олимпиада жеткіншектерін даярлау орталығының тәрбиеленушісі, сондай-ақ М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Дене шынықтыру және спорт» мамандығының студенті. Бапкерлері – даңқты балуандар Ғалымжан Жылгелдиев пен Бақтияр Ақбергенов.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.