Тараздық «GOODZHEM» жемшөп шығаруда алдыңғы қатарда | arainews.kz

Тараздық «GOODZHEM» жемшөп шығаруда алдыңғы қатарда

261

Бұрнағы жылдары аймақтағы шаруашылықтардың көпшілігі өзге облыстардан немесе алыс-жақын шет мемлекеттерден жем сатып алуға мәжбүр болатын. Алайда Үдемелі индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында 2017 жылы Тараз қаласында «GOODZHEM» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ашылуымен агросаладағы ең бір өзекті мәселе шешімін тауып, мал азығын дайындауда экспортқа тәуелділік жойылды. Тіпті іске қосылғанына көп уақыт өтпестен құрама жем шығаратын зауыт тек өңірді ғана емес, көршілес елдерді де мал азығымен қамтамасыз ете бастады, – деп хабарлайды «Arainews» ақпарат агенттігі.

Құрылыс жұмыстарына 1 миллиард 200 миллион теңге жұмсалған зауыт қазіргі таңда сағатына 20 тонна, тәулігіне 480 тонна құрама жем шығаруда.

– Жалпы «GOODZHEM» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – өңірде құнарлығы жоғары мал азығын шығарумен айналысатын ірі кәсіпорын. Бұрын жем дайындайтын шағын зауыттардың облысымыздағы төрт түлікті, өзге де жан-жануарды азықтандыруға мұршасы жетпейтін. Анығы өнім жетпейтін. Ал қазіргі таңда аталған мәселе толықтай шешімін тапты.

Өндіріс толықтай автоматтандырылған. Адам күшін көп қажет етпейді. Қазіргі таңда үш ауысыммен 25-30 азамат жұмыс жасайды. Жұмысшылардың қауіпсіздігіне де айрықша назар аударылған, –дейді «GOODZHEM» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сату бөлімінің менеджері Мұхамед Үсенбаев.

Бүгінгі таңда серіктестік өнімі тек ішкі нарыққа емес, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан елдеріне де өткерілуде. Сонымен қатар мұнан өзге де бірқатар ТМД елдерінен де сұраныс түсіп жатқан көрінеді.  Ал, алдағы уақытта зауыт басшылығы мұнда жем ғана емес, мақсары, соя майын шығаруды да жоспарлап отыр.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.