Тараздағы теңбіл доп тойы | arainews.kz

Тараздағы теңбіл доп тойы

217

Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері арасында Жамбыл облысы әкімінің кубогы сарапқа салынды. Облыс әкімдігі Ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен «Тараз-Арена» спорт кешенінде өткен дүбірлі доп додасына республика көлеміндегі телеарналар мен басылымдардан құралған 11 команда қатысып, өзара кім мықтыны анықтады.

Өңірде тұңғыш рет өткізіліп отырған айтулы аламанның ашылуында облыс әкімдігі Ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Уәли мен облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков мерекелік лебіздерін білдіріп, барлық қатысушы командаларға сәттілік тіледі.
Бұдан кейін ойын көркі қыза түсті. Жүлде қоры қомақты жарыстың жеңіс тұғырынан көріну үшін астаналық «Хабар» телеарнасы, алматылық «Апорт» және «Тұран» командалары, Түркістан облысы мен Шымкент қаласының құрамалары, «Ернияз», сондай-ақ, қызылордалық «Ақ мешіт» командалары «жан алысып, жан берісті». Ал, Жамбыл облысының намысын «Jambyl» телеарнасы, «Тараз-Пресс» және блогерлер командалары қорғады.
Ең алдымен топтық кезеңдегі іріктеуден іркілмей өткен сегіз құрама ширек финалға жолдама алды. Бұл айналымда «Ақ мешіт», «Тұран» және «Хабар» командалары турнирдің сөзсіз фавориттері екендерін бірден танытты.
Бірінші ширек финалдық кездесуде «Ақ мешіт» пен Түркістан облысының командалары өзара күш сынасты. Кездесу қызылордалық жігіттердің айқын басымдығымен өтті. Өз қақпаларына төрт бірдей гол жіберіп алған түркістандықтар тек бір мәрте мергендіктерімен көзге түсіп, қорытынды есеп 4:1 болып аяқталды. Бұдан кейін «Хабар» мен «Апорт» командалары жартылай финалдың жолдамасына таласты. Бірінші минуттан ойын тізгінін өз қолдарына алған астаналықтар келесі кезеңге өтетіндей көрінген. Алайда, «Хабар» командасы қақпашысының қателігінен кейін алматылықтар екі бірдей голды қарсыластар қақпасында тулатты. Нәтижесінде «Апортттың» айы оңынан туып, келесі айналымның жолдамасына қол жеткізді.
Ал, «Тұран» мен «Ернияз» командалары арасын­дағы кездесу тартысқа толы болды. Алма-кезек шабуылдармен өрбіген ойынның қорытындысы 2:2 есебімен тең аяқталып, жеңімпаз пенальтиде анықталды. Футбол «лотореясында» шымкенттіктерге сәттілік жолдас болып, қызылорда­лықтар жарыс жолынан шығып қалды.
Жартылай финалдың соңғы жол­да­масын жерлес­теріміз «Тараз-Пресс» пен блогерлер құрамасы өзара сарапқа салды. Өңірдің екі командасы бір-бірімен күш сынасқанымен ұпай жолында ешкім аянып қалған жоқ. Десе де, қарсыласынан біршама басым болған «Тараз-Пресс» жартылай финалда ойнауға лайықты екенін танытты. Қорытынды есеп 3:2.
Ақтық айналымға таяқ тастам жер қалғанда командалар үлкен футболдың терминімен айтсақ «эконом режимге» көшті. Ең алдымен алаңға «Ақ мешіт» пен «Апорт» командалары шығып, негізгі уақытта жеңімпазды анықтай алмады. Ойыншылар шабуылдан гөрі қорғанысқа көп көңіл бөлуімен өрбіген кездесу 1:1 есебімен тең аяқталды. Ал, ойыннан кейінгі пеналь­тиде ал­ма­ты­лық коман­даның асығы алшысынан түсіп, қызыл­ор­да­лықтар сан соғып қалды.
Екінші жартылай финалдық ойын нағыз драмаға ұласты. Кездесу бойы бір гол басымдықпен алда келе жатқан шымкенттіктер жерлестеріміз «Тараз-Пресс» командасына еш мүмкіндік бермеді. Десе де, ойынның аяқталуына 5 минут қалғанда жамбылдық жігіттер шабуылдарын үсті-үстіне үдетіп, есепті теңестіріп кетті. Алайда, артынша шымқалалықтар тағы бір гол соғып, қайта алға шықты. Осы сәтте жолдама қолдан сусып кеткендей көрінген. Бірақ, Сарысу ауданы әкімі баспасөз қызметінің жетекшісі Нұржан Туғанбай талантын танытып, допты шиыра теуіп, есепті қайта теңестірді. Осылайша, жүйкеге ши жүгірткен кездесудің нүктесі пенальтиде қойылды. Бұл сында жігіттеріміз білгенінен жаңылмай, 2:3 есебімен финалдық жолдаманы қарсыласынан жұлып алды.
Сонымен көптен күткен ақтық айналымның айқасы да жақындай түсті. Ең алдымен қола жүлде үшін таласқа түскен «Ақ мешіт» пен «Ернияз» командалары арасындағы ойында екінші құрамаға сәттілік жолдас болып, үздік үшіктен көрінді.
Ал, финалда алматылық «Апорт» командасы жер­лес­терімізді еш қиналмай ұтып кетті. Жігіттеріміз бар күшін жартылай финалда сарп етіп қойды ма, әлде қонаққа құрмет көрсетті ме, ол жағы белгісіз, әйтеуір қақпаларына жауапсыз үш гол жіберіп алып, турнирдің күміс жүлдегерлері атанды.
Жарыс қорытындысында жеңімпаз «Апорт» коман­да­сына Жамбыл облысы әкімінің кубогы мен 700 мың теңгенің сертификаты табыс етілсе, жерлестеріміз «Тараз-Пресс» командасы 400 мың теңге сыйақыға ие болды. Үздік үштікті түйіндеген «Ернияз-Шымкент» 200 мың теңгенің сертификатымен марапатталды.
Бұдан бөлек, турнирдің «Үздік қақпашысы» номи­на­циясына «Тұран» ойыншысы Ілияс Сейсенбайұлы лайық деп танылса, «Үздік қорғаушы» атағына Түркістан облысының футболшысы Еркеғали Балажан қол жет­кіз­ді. Жарыстың «Үздік шабуылшысы» «Ақ мешіт» командасының форварды Әділбек Жаханов болса, турнирдің «Ең үздік ойыншысы» номинациясы «Хабар» командасының капитаны Нұрсұлтан Құрманға берілді. Аталған үздік ойыншыларға ұйымдастырушылар тарапынан 25 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлық табыс етілді.
Осылайша, Әулиеата жерінде әуелете доп тепкен журналистер жұмыстан бөлек, жасыл алаңда да шын шебер екендіктерін байқатты.

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.