Тараздағы түзеу мекемесінде күніне 3,5 мың бөлке нан пісіріледі | arainews.kz

Тараздағы түзеу мекемесінде күніне 3,5 мың бөлке нан пісіріледі

128

Сотталғандарды түзетудің бірден-бір құралы – еңбек екені белгілі. Еңбек олардың  бойларындағы жалқаулық, салғырттық пен өзімшілдік  сияқты мінез дертінен арылтады. Құқық бұзып, қылмыскер атанған ересек адамдарды осылайша еңбекке тарта отырып, қайта тәрбиелеп, түзелу жолына бағыттауға болады. Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментіне бағынысты ЖД-158/2 мекемесінде бұл тәжірибе кеңінен қолданыс тапқан. Мәселен мекеме аумағында жұмыс істейтін «Еңбек-Тараз» РМК-ның наубайханасы жазасын өтеушілердің еңбек етуіне мүмкіндік берумен қатар өзге мекемелерді де нанмен қамтамасыз етіп отыр.

Наубайхана мекеменің өндірістік аймағында жұмыс істейді. Онда 30 сотталған жұмыспен қамтылған. Барлық қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген кәсіпорында күніне 3 500 бөлке нан пісіріледі. Ал жылдық қуаты 1 мың тонна ас атасын дайындауға қауқарлы. Жоғарыда айтылғандай өндіріс орнынан шыққан өнімдер облыс орталығындағы өзге 5 мекемеге жөнелтіліп, олардың нанға деген сұранысын өтеп отыр. Бұдан бөлек, мұнда жылына 40 тонна макарон өнімдері де әзірленеді.

Наубайхананың жұмысын «Еңбек-Тараз» мекемесінің шебері Болат Әміртаев басқарады. Өзі Қылмыстық-атқару жүйесінде ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, мекеме бастығы қызметіне дейін көтеріліп, осы жерден зейнет демалысына шыққан Болат Әбдімәжитұлы саланың қыр-сырын, жазасын өтеушілермен жұмыс істеудің жайын бес саусағындай меңгерген десек, артық айтқандық болмайды. Кәсіпорын жұмысын жүйелеп, шашау шығармай еңбек етіп келе жатқан ол сотталғандарды еңбек арқылы тәрбиелеп, түзу жолға түсіруге, адал еңбектің қадірін түсінуге бар күшін салып келеді. Қажет жерде ақыл-кеңесін аямайтын Б. Әміртаев олардың бостандыққа шыққанда қоғамға кедергісіз сіңісіп кетуін, ең бастысы қылмыс жолымен жүру қате екенін түсініп, түзеліп шығуын мақсат еткен.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.