Таразда жаңа кейіптегі қоқыс жинау алаңдары пайда болды | arainews.kz

Таразда жаңа кейіптегі қоқыс жинау алаңдары пайда болды

27

Бүгінде тұрғын үйлер аумағындағы қоқыс тастау орындары үлкен мәселеге айналғаны жасырын емес. Әсіресе, ауа райының құбылмалы күндері контейнерлердегі қоқыстар жан-жаққа шашылып, жұртшылыққа қолайсыздық тудыратын. Оның үстіне кейбір тұрғындардың құрылыс қалдықтарын бей-берекет лақтыра салуы да аталған мәселені одан сайын күрделендіре түсетін.
Тараз қаласының аумағын аралау барысында Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев осыған баса назар аударып, нақты тапсырма жүктеген болатын. Соған байланысты қала әкімдігі тарапынан арнайы пилоттық жоба қолға алынды.
Аталмыш жоба аясында мердігер «Құрылыс-2015» ЖШС-мен келісімшарт жасалып, қоқыс алаңдарын бетон бағаналармен қоршау жұмыстары басталды.
Айталық, бүгінде Ұлбике ақын көшесі, №115, «Қаратау» шағын ауданы, №44, «Алатау шағын ауданы», №1,2 және Төле би, №48 мекенжайындағы қоқыс алаңдары толығымен жаңартылса, «Аса» шағын ауданы, №15, 15б, 16, 17, 24 тұрғын үйлері маңындағы алаңдар бірер күнде аяқталады. Қазіргі таңда мұнда алаңдардың айналасын асфальттау секілді бірлі-жарым жұмыстар ғана қалған. Осылайша, биыл жалпы саны 20 қоқыс алаңын жаңғырту жоспарлануда.
Қазір шаһардағы 3 281 қоқыс алаңында 1 540 контейнер орналасқан. Егер пилоттық жоба жыл аяғына дейін өз тиімділігін көрсетсе, келер жылы тағы 200 қоқыс алаңын жаңалап, бюджет есебінен қосымша 1 000-нан аса контейнер сатып алу көзделіп отыр. Бұл өз кезегінде қала тазалығын сақтап қана қоймай, қоқыс салатын жәшіктерді көбейтіп, оны таситын көліктердің емін-еркін қатынауына да мүмкіндік береді.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.