Таразда М. Жолдасбековпен кездесу өтті | arainews.kz

Таразда М. Жолдасбековпен кездесу өтті

455

Бүгін Жамбыл облысы әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен  Ш.Уәлиханов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында ҚР Мемлекет қайраткері, филология ғылымының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбековпен кездесу өтті.

Тәуелсіз мемлекет орнатуда, оны қалыптастырудағы және түріктану ғылымы мен қазақтың төл өнерін дамытудағы еңбегі зор Алаштың абызымен болған кездесуде Жамбыл облысының 80 жылдығына орай жарық көретін көптомдықтың дайындалу барысы әңгіме арқауына айналды.  Облыстың терең тарихы жан-жақты қамтылатын еңбекті шығаруда ескеруге тиіс мәселелерді ортаға салған ұлт зиялысы кездесу барысында елдің келешегі, тарихы, жас ұрпақтың жарқын болашағы турасындағы келелі әңгімелерін ортаға салды.

Облыстық мемлекеттік архивтің мұрағаттанушысы Мақұлбек Рысдәулеттің айтуынша облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен дайындалып жатқан 80 томдық кітаптың 30 томы дайындалып, баспаға жіберілген. Қалған томдары да қазан айына дейін яғни облыстың 80 жылдық мерейтойына дейін дайын болмақ.

Мырзатай Жолдасбеков көптомдықты әзірлеу барысында асығыстыққа жол беруге болмайтынын, асқан жауапкершілікпен қарау екенін жеткізді.

– Асқар Мырзахметов Оңтүстік Қазақстан облысында әкім болып тұрғанда «Қазыналы Оңтүстік» деген кітапты шығаруға ұйытқы болып, игі іс жасады. Себебі ұрпақ елдің, өңірдің тарихын, өзінің түп тамырын біліп жүруі тиіс. Сондықтан сіздердің де жасап жатқандарыңыз алғыс айтуға, құрмет көрсетуге тұрарлық ізгілікті іс.

Бірақ асықпау керек. Жан-жақты саралап, жеті рет өлшеп, бір рет кескен жөн. Мәліметттердің бұрмаланбауына назар аударыңыздар. Білмегенді сұраудың ешқандай да сөкеттігі жоқ. Білмегендеріңіз болса ақыл-кеңес айтып, көрген-түйгеніммен,  қолымда бар деректермен бөлісуге дайынмын, – деген Мырзатай Жолдасбеков өзінің бірқатар құнды еңбектерін Ш.Уәлиханов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының қорына сыйға тарту етті.

Айта кетейік, М. Жолдасбеков әр жылдары Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары, Қазақстан Республикасының Иран Ислам Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі жанындағы Дипломатиялық академияның ректоры қызметтерін атқарды. 2000 жылдан Астанадағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры. Жолдасбеков қазақ әдебиетінің алғашқы қайнар бастауларын, Жамбыл Жабаев шығармашылығын зерттеуге мол үлес қосты. Түрік қағанаты кезіндегі Орхон-Енисей жазба ескерткіштерін қазақ ғалымдары арасында алғашқылардың бірі болып жаңаша зерделеп, қазақ тіліндегі аудармасын ғылыми айналымға енгізді. Жамбылдың ақындық мектебін зерттеп, оның тұстастары мен шәкірттерінің туындыларын жан-жақты талдады. “Халықтар достығы”, “Құрмет” ордендерімен марапатталған.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.