Таразда бұрымдылар байқауы өтті | arainews.kz

Таразда бұрымдылар байқауы өтті

28

«Гүл өссе — жердің көркі, қыз өссе — елдің көркі» деген халқымыз қыздарды қашанда қадірлеп төріне шығарған, ар-ұятының айнасына балаған. Себебі бүгінгі қыз – ертеңгі аяулы жар, ақ жаулықты әже, әулеттің ұйытқысы. Сол үшін қыздың қылығын қырық үй болып қадағалап, ақ арына дақ түсірмеген. Осы арқылы санасына ізгіліктің дәнін сеуіп, жүрегіне иман ұялатқан. Қызына ақылын айтып отырып, келінін де тәрбиелей білген.

Ақындарымыздың «Мен қазақ қыздарына қайран қалам», – деп жырлауы да тегін емес. Себебі иығынан қос бұрымы төгілген әсем аруларымыздың келбеті көрген жан тамсандырмай қоймайды. Сондықтан да он күн тарап, бес күн өретін бойжеткеннің бұрымы әлімсақтан бері бір отбасының ғана емес, тұтас елдің болмысын айғақтайды.
Бойжеткеннің шашын табиғатына қарай қолаң шаш, сүмбіл шаш деп, өріміне қарай жалғыз бұрым, қос бұрым деп атаған. Бұрымның ұшына алтын немесе күміс теңгелер мен моншақтар, қаз-қатар тігілген шашбау тағатын болған. Олар иесі қозғалғанда, әсем дыбыстар шығарып, кермаралдай керілген сұлу қыздың жүрісіне сән қосып, ару сымбатын ажарлай түскен деседі. Қарап отырсаңыз осының өзі тұнып тұрған тәрбие көзі. Ал мұны кеңінен дәріптеу – баршамызға жүктелген міндет.

Осы мақсатта Республика күніне орай Тараз қаласы әкімдігі мен қалалық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен «Қыздарға әсемдік жарасады» атты бұрымды қыздар байқауы өтті.

Шараның ашылуында Тараз қаласы әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов сөз алып, ізгі тілегін білдірді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тарихи шешімімен былтырдан бері азаттыққа алғашқы қадам болған Республика күнін кең көлемде атап өтудеміз. Биыл да ұлттық мерекені ұлықтайтын ұлағатты шаралар легі жалғасуда. Бүгінгі «Қыздарға әсемдік жарасады» атты бұрымды қыздар байқауы – осының айқын көрінісі.
Халқымыз қызды әдептіліктің, әдеміліктің, инабаттылықтың, сұлулықтың белгісі деп таныған. Әсіресе қыз баланың көрікті болып өсуіне анасы ерекше көңіл бөліп, қыздың шашын күтіп өсіруді өнер санаған. Сондықтан да бүгінгі байқаудың тағылымы терең, мәні зор, – деген Дәуір Рысбайұлы қатысушыларға сәттілік тіледі.

«Мен қазақтың қызымын дара туған», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің», «Білікті қыз», «Қыз өссе — елдің көркі» сынды кезеңдерден тұрған байқаудың қорытындысы бойынша Дамира Мейірқұл (Тараз инновациялық көпсалалы колледжі) І орынды, Қарақат Мейрамбек (М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті) ІІ орынды, Бафаруза Балтабай (Ш.Мұртаза атындағы Тараз инновациялық институты) ІІІ орынды еншіледі. Сондай-ақ Әлия Өмірзақ (№29 орта мектеп) «Нәзік қыз», Бибімәриям Нұрадинова (М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті) «Сымбатты қыз», Медина Жұмабек (Керімбай атындағы №12 мектеп-гимназия) «Инабатты қыз», Саида Байсейіт (Керімбай атындағы №12 мектеп-гимназия) «Сүйкімді қыз», Азиза Алзада (Қазіргі заман гуманитарлық-техникалық колледжі) «Шырайлы қыз» номинацияларымен марапатталды.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.