Таласта төрт түлік басы еселеп артуда | arainews.kz

Таласта төрт түлік басы еселеп артуда

1 474

Сауда тауар айналымының ел экономикасында алар орны ерек. Себебі дәл осы қаржылай айналым жүйесі тұрақтылық пен экономикалық өсімге кепілдік береді. Мұны Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің Жолдауларында баса айтқаны ел есінде. Сондықтан бұл жүре қарайтын мәселе емес.

Жалпы Талас ауданында 2019 жылдың қаңтар-тамыз айларына бөлшек сауда тауар айналымы 1 миллиард 142 миллион 800 мың теңгені құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда 110,5 пайызға немесе 109 миллион теңгеге ұлғайған (2018 жылы 1 миллиард 033 миллион 800 мың теңге). Нақты көлем индексі 104,5 пайызды құрады. Соны есесінен ауыл шаруашылық саласында алшаң басушылық бар.

Атап айтсақ, ауыл шаруашылығы өнімі 6 миллиард 608 миллион 900 мың теңгеге өндіріліп, 108,2 пайызға орындалған. Немесе 498 миллион 200 мың теңгеге артып отыр.

Мал басы 2018 жылдың 8 айымен салыстырғанда: мүйізді ірі қара малы 27 769 басты құрап яғни 3,7 пайызға өсті, қой-ешкі 395 650 басты құрап 3,2 пайызға артты, жылқы 10 989 басты құрап 4,1 пайызға көбейді, түйе 2 458 басты құрап 9,9 пайызды межеледі, үй-құстары 34 633 басты құрап 8,3 пайызға өсіп отыр.

Ет және сүт өнімдерін өңдіру бойынша: 2018 жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда ет 8 мың 138,4 тонна құрап, 2,9 пайызға өскен, сүт 6 мың 360 тонна құрап, 2,7 пайызға өскен, жұмыртқа 1 миллион 949 мың дана өндіріліп, 0,4 пайызға артқан және жүн 289,7 тонна құрап, 1,9 межелеген. Бір сөзбен айтқанда барлық бағытта өсім бар, түсім жоқ.

Әрине асыраушы салаға мемлекет тарапынан жылда қыруар қаржы бөлініп, қамқорлыққа алынып жатқандықтан жұмыстың жүйесін тапқаны да жөн. Екіншіден бұл елді мекеннің еңсесін тіктеп, тұрғындардың әлеуметін артыра түседі. Президент Жолдауының басты ұстанымы да осы. Тұрақтылық пен тұрмысы түзелген халық. Әрине әрі бірден болып кетпейтіні де табиғи заңдылық. Алайда көш жүре түзелетіндігін ұмытпаған жөн. Осы қырынан келгенде таластықтардың тындырымды тірлігін бас бармақпен бағалауға тұрарлық.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.