Біраз жыл бұрын ауыл әкімі мен мектеп директорлары арасында туындаған осы «айтыстың» «жеңімпазы» әлі анықталған жоқ. Талас-тартыстың түпкі себебі – «Түлектердің тартуы». Бірінші тарап азаматтар жақсылықты алдымен ауылына жасасын десе, екіншісі алтын ұя мектепті алға тартады. Екеуіне теңдей бөліп бере салғанға түлектердің барлығының жағдайы бірдей емес. Олардың ішінде жыл бойы жиған-тергенінен жырып, кластастарынан қалғысы келмей, «шықпа, жаным, шықпамен» отырғандар бар.
Құлақтан үні кетпеген соңғы қоңырау
Мамыр келді дегенше, ауылда ерекше бір қарбалас дайындық басталады. Кешкі ас үстінде әр үйде айтылатын әңгіме де биыл елді мекендегі жалғыз мектепке 20-25-30 жылдық кездесуге жиналатын түлектердің қандай тарту жасайтыны төңірегінде. «20 жылдықтар ауылға аллея салып беретін болыпты», «30 жылдықтар ауыл мешітінің жанынан асхана салмақшы» деп басталатын қызу пікірталастың соңы қай жылғылардың, қаншадан қаржы жинап жатқанымен аяқталады.
Сондағысы – қанша жыл өтсе де, құлақтан үні кетпеген «Соңғы қоңырау» салтанаты ғой. Елдің әр қиырында жүрген азаматтарды туған ауылға сол бір сыңғыр үн қайта жетелеп әкелетіні сөзсіз. Алтын ұя мектебіне, ұстаздарына, құрбы-құрдастарына деген сағыныш қой тағат таптырмайтын. Талас та осыдан туындайды. «Түлектер ауылға да, сол ауылдағы жалғыз мектепке де ортақ. Сонда сыйлығын қайсысына арнағаны дұрыс?» дейді екіге жарылған қоғамдық пікір.
Қазір әр аудандағы бірқатар ауылдарда түлектер тарту еткен нысандар бар. Аллея дейсіз бе, шағын саябақ, футбол алаңы, скверлер мен ескерткіштер, аркалар… Тізе берсе, жалғаса береді. Соның біразын облыстық, аудандық, тіпті республикалық басылымдарға сүйіншілетіп жаздық та. Бірақ…
Барлық мәселе осы «бірақ»-та. Уақыт өтті, жылдар жылжыды. Кешегі ауылдан түлеп-ұшқан түлектер салып берген нысандарды күн жеп, жаңбыр мен қардың суы шайып, жел қақтап, тоза бастады. Екі жыл пандемия кезеңінде кешегі тіпті ұмыт қалды. Дерт меңдеп, қос өкпеден қысып, жан алқымға келгенде, дәріхана мен ауруханалардың арасында дедек қақтық емес пе? Ол кезде ескерткіштің жайын ескеру былай тұрсын, есімізді жия алмай қалдық.
Бұл өзі бәсеке ме, жарыс па?
Карантиндік шектеулер алынып, бетпердені тастағалы бері кешегіні ұмыттық. Ауыл-аймақ болып алаңсыз, еш қамсыз той тойлауға кіріскелі қашан. Мектеп бітіргендеріне 20-25-30 жыл болған түлектер де әзірлікке ерте қамданыпты. Қазір қай ауылға бара қалсаңыз да қызу дайындық.
Талас ауданындағы Ақкөл ауылдық округінің әкімі Жандос Ратовтың айтуынша, биыл мектеп бітіргендеріне 30 жыл толған түлектер Ы.Алтынсарин орта мектебінің ауласын 1,5-2 миллион теңге көлеміндегі қаражатқа абаттандыру жұмыстарын жүргізіп береміз деп байлам жасасыпты. Ал 20 жыл бұрынғы түлектер 5 миллион теңгеге жуық қаржыға ауылға түрлі әткеншектері бар балалар ойын алаңын ашып беруді көздеп отыр екен. Алаңның айналасын абаттандыру, көріктендіру ісі де ұмыт қалмайды дейді ауыл әкімі.
– Азаматтар туған жерді көркейтуге көп үлес қосып, демеушілік жасап жатыр. Былтыр 2001 жылғы түлектер 7,5 миллион теңгеге Тәуелсіздік аллеясын салып берді. Ал 10 жылдық кездесуге келген азаматтар 3 миллион теңгеге Түлектер саябағын ашып, айналасын қоршап, абаттандыру жұмыстарын жүргізбекші. 30 жыл бұрынғы түлектер Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің ауласын көріктендіруге 1,5 миллион теңге қаржы жұмсады. Туып-өскен өлкеге деген қолдау-көмектерін осылай көрсетіп жатыр, – дейді Жандос Ратов.
Осыдан төрт жыл бұрын әр жылғы түлектер Ақкөлді көркейтуге 29 миллион теңге көлемінде қаржыға қолдау көрсеткені белгілі. Тіпті кіреберіс жолайрыққа «Бақ құсы» монументі бой көтергенін өңірдегі барлық басылым жарыса жазғаны есте. Сол кезде сонадайдан көз тартып, 7,5 метр биіктікте менмұндалап монумент қазір бастапқыдай жарқырап көрінбейді. Айналасын жарықтандырып тұрған шамдары жанбай қалатын кездер де бар дейді ауыл тұрғындары.
Ауылдың 1981 жылы туған түлектері 15 миллион теңге қаржыға салып берген Ақкөл күрес кешені жабық нысан болған соң әрі салынғанына енді 4 жыл болғандықтан, қазіргі жай-күйі тәуір. Ал 1971 жылғы азаматтар 5 миллион теңгеге салып берген жазғы мәдени-спорттық демалыс алаңына күнделікті күтім керек.
Күтім демекші, кейбір ауылдарда демеушілікпен бой көтерген нысандар ауыл әкімдігінің балансына да берілмей, қараусыз қалған. Жауапкершілік тұрғысынан, күтіп-қарау міндеті ауыл әкімдігіне жүктелген дейді. Бірақ жалаң ұранға салатын мұндай жұмыстарға қазір екінің бірі құштар емес. Тапқан-таянғанын ай сайынғы азық-түлігіне жеткізе алмай жүргенде, ертелі-кеш ақысы төленбейтін жұмысты кім істейді? Амалсыз, ақылы қоғамдық жұмыс- тарға тартылған жұмыс күшін пайдаланады. Ал олар азын-аулақ ақыға жанын салып тазалап, жанашырлықпен қарамайтыны түсінікті.
Жалпы бой көтерген нысандарды ауыл әкімдігінің балансына алу үшін мемлекеттік жер актісі болуы қажет дейді. Ақкөл ауылдық округінің әкімі керегі осы құжат және нысанның техпаспорты екенін айтты. Осы құжаттарды тиісті мекемеге өткізіп, заңдастырған соң, әкімдік балансына берілетін көрінеді. Алайда…
Осы жерде тағы бір мәселенің шеті шығып тұр. Ауылды көркейтіп, аллея салған жақсы-ақ. Оның жерін заңдастырып, ауыл әкімдігінің балансына да беріп қойдық делік. Бірақ оны күтіп-ұстауды әкімдіктің бюджеті көтере ме? Барлық ауылға бірдей дербес «қазына», яғни өз бюджеті бөлінбейтіні тағы бар.
Осыдан біраз жыл бұрын Т.Рысқұлов ауданындағы Көкдөнен ауылында түлектер шағын саябақ салып берген. Қазіргі кейпі мақтан етіп көрсетерліктей емес. Шөбі өсіп, қоршауының сыры кетіп, сиқы қашып тұр. Ары өтіп, бері өткенде байқағанымыз, сол жерді сая тұтып аялдап, демалып отырғандардың қарасы көзге шалынбайды.
Ал жеке кәсіпкер Бақытжан Тойғанбековтің мектеп жанынан ашып берген аллеясында жағдай басқаша. Аллея – ауыл шаруа- шылығы саласына еңбегі сіңген Мүсәтілдә Тойғанбековтің есімімен аталады. Шағын демалыс орнындағы тазалық жұмыстары білім ошағының техникалық қызметкерлерінен де артылмайды.
– Түлектердің білім алған мектебінде кездесу өткізіп, тарту жасайтын үрдіс бұрыннан бар. Өзіміз де бардық. Тарту-таралғымызды жасадық. Бізге де әр жылы мектебімізді бітіріп кеткен шәкірттеріміздің үш толқыны кездесуге келеді. Бұрын біреуі кабинет жабдықтауға көмектесетін. Тағы бір тобы кезінде қат болған музыкалық аппараттарды әперіп, өздерінің ізін басқан жас жеткіншектердің игілігіне сыйлайтын. Үшіншісі мұғалімдер бөлмесіне жиһаз әкеліп, жаңартып кететін. Соңғы жылдарда ауыл әкімдері «түлектер тартуына» ашық таласа бастады. «Жақсылықты туған ауылыңа жаса!» дейтінді шығарды. Мектеп те сол елді мекеннің игілігі емес пе? – дейді Т.Рысқұлов ауданындағы А.Байтұрсынов атындағы орта мектептің директоры Айгүл Қасеналиева.
Мектеп басшысы осындай талас-тартыстан кейін көп ауылда кездесуге жиналған азаматтардың мұрындық болуымен туған жерге аллея, ойын алаңшаларын салып, кіреберісіне арка орнатып беру үрдісі белең алғанын айтады. Кейбіреулері ауыл әкімінің де, ұстаздарының да көңілін жықпай, екі жаққа да болса деп жатады. Сөйтіп, азын-аулақ тарту-таралғыларын қос тарапқа тең бөліп жасап беретіндер де бар.
«Ел жаққа барам жүрегім елжіреп…»
Ел дегенде елжіремейтін жан бар ма?! Ал ауылға барғанда құрықол барғың келмейтіні тағы бар. Кезіндегі жанға жылылық сыйлайтын, балалықтың бал шағын еске салатын түлектердің әдемі кездесулері бүгінгідей бәсекелес- тікке айналмай тұрғанда жақсы еді. «Жұрттың жиып жатқанын шығарып бере алмайтындай не күн туды басыңа» демейтін, сөйтіп кешегі кластастардың да арасына әлеуметтік жік түспейтін. Әркім барын ортақ қазынаға салып, шағын тарту-таралғысын жасап жататын. Қазір жасайтын сый-сияпатыңның мөлшері 1,5 миллионнан кем болса, өзің де қомсынып қаласың. «Азаматтар келеді» деп отырған ауылдағылардың көңілі де қоңылтақсып тұратын секілді. «Аңқылдайды олар, қарамайды олар бар-жоққа» деп әндететіндей, баяғы ауыл жоқ бүгінде.
Жоқ дейтінім, не әкелер деп қолға қарайтын болды ғой қазір ауылдағылар. Ел дегенде елжіреп тұрар көңілді кілкітіп тұрған жай да – осы. Жалпы түлектер кездесуіндегі алтын ұя – мектептеріне арнаған шағын сый-сияпаты, шынайы ізеті қалайша үлкен бәсекеге айналып кеткенін көпшілік түсіне алмай дал бүгін.
Бұған түрткі болған – Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан туындаған «Туған жер» бастамасы. Рухани жаңғырамыз деп ұрандатып, есеп беріп, тізім жасаған жарыс сол кезде басталды. «Ел-жұрт түгел ел дегенде елжіреп тұратын көңілін тұмшалап әзер отырған екен, елге барып, өзінің де, елдің де еңсесін тіктеп, игі істі таласа жасап жатыр» деп көрсету үшін мектепке келіп тұрған игілікті ауылға бұрып жібердік.
Дәлел керек пе? Міне, былай: Бір ғана Талас ауданындағы Ойық ауылдық округі бойынша 1974 жылғы түлектер кіреберіске 1,5 миллион теңгеге арка тұрғызып берді. 1976 жылғылар ағаларының жиғанынан 500 мыңы кем қаржыға ауыл ішіндегі айналма жолға шаңырақ орналастырды. 1989 жылғылар ауыл паспортын, 1991 жылғы түлектер «Жеңіс» саябағына «I love Oiyk» белгісін, 1981 жылғылар осы саябаққа арқалық орнатса, 1987 жылғы мектеп бітіруші түлектер Ә.Тәжімбетов атындағы мәдениет үйінің сыртына қоршау жұмыстарын жүргізіп берген. Сондай-ақ 1975 жылғылар ауыл жастарына кіші футбол алаңшасын (қазіргі таңда кіші футбол алаңшасының құжаттары рәсімделіп, жергілікті әкімшілік теңгеріміне алынуда), 1994 жылғылар елді мекенге кіреберіске киіз үй, 1984 жылғылар «Қойшыбай – Ата» мешітіне әжетхана салып берсе, 1983 жылғылар «Балдырған» саябағына ауыл балалары ойнайтын алаңға қосымша әткеншектер алып, қойып берді. Тізе берсе, бұл тізім біразға барады.
Шу ауданында да әр ауылдың түлектері осындай үлкен бастамаларға мұрындық болған. Ауылды көркейтуге атсалысып жатқан азаматтар Шу жақта да көп. Бірақ ауданда «Жомарт түлек», «Туған жер» бағдарламалары аясындағы атқарылған демеушілік іс-шараларының басым көпшілігі мектептердің материалдық жағдайын жақсартуға бағытталған екен. Рас, ауыл мешітінің құрылысына, көшелерді жөндеу жұмыстарына көмектесіп, елді мекенге аялдама салып бергендер де жоқ емес.
Шу аудандық білім бөлімінің мамандарының сөзіне сүйенсек, түлектер көбіне-көп мектептерге демеушілік жасаған екен. Бір ауылда кездесуге келгендер сондағы білім ошағына су жылытқыш аристон әперсе, тағы бір елді мекенде мектептің жылыту қазандығын жөндеп берген. Спорт залына қажетті құрал-жабдықтар, тіпті оқушыларға ноутбук сыйлаған азаматтар да бар көрінеді. Су құбырына мотор алса да, қажетті жиһаз берсе де, ұялы телефон сыйласа да, ағаш отырғызса да – білім мекемелеріне арналыпты игі істер. Шамасы, шулық кәсіпкерлер қаржыны желге шашпай, инвестицияны болашаққа салғысы келген болулары керек.
Инвестиция интеллектіні көтеру үшін керек
Ауыл мектебінің кітапханасына 100 кітап сыйласаңыз, атағыңызды аспандатып, ә дегенде беделіңізді көтеріп тастамасы белгілі. Түлектердің бір жыл бұрын қаржы жинап, жиғанын миллионнан асырып, ірі демеушілік іс-шарасын жасап тастау- ға ұмтылатыны содан да шығар. Артылып тұрса, мейлі. Бәлкім аш-жалаңаш отырған бала-шағасының аузынан жырып, осыншалықты даңғазалыққа салыну кімге керек? 30 жылда елді мекендерді елсізде қалған қайраңдай күйге түскенін көрсетпей, елдің көмегімен еңсесін түзеп жіберуге тырысқан бағдарламаның айқай-ұранына ілескен қайран аңғал ауыл жұрты-ай.
Нарықтық қатынастардың қатаң талаптары ауыл азаматына кәсіппен айналысуды үйреткенімен, аңғалдығы қалды бәрібір. Себебі ауыл кәсіпкеріне мына іске көмектес, демеуші бол десе, қысылғанынан қол ұшын созады, әйтеуір. Қалада мектепке қолдау көрсетіп, шаһарға тұтас аллея салып беріп жатқан бизнесменді көрмейсің. Түлектер де кездесуге көп жиналмайды.
Ал ауылда бәрі басқаша ғой. Әйтсе де, жұрттан қалмайық деп шашыла бермей, қаржыны пайдалы іске жұмсауды ойлаған дұрыс шығар. Қайбір жылы облыстық дарынды ұлдарға арналған «Білім-Инновация» лицей-интернатына бір түлек тұтас робототехника құрылғыларын әпергенін естігенбіз. Игілікті істің төресі – осы. Балалар болашақта тұрмыс-тіршілігімізге дендеп енетін техниканың тілін үйренеді. Жаңалық ашады. Жоба жасайды. «Жалпы инвестицияны интеллектіні көтеруге жұмсау керек» дейді облыстық мәслихаттың депутаты, «Рысбаева және Ко» компаниясының директоры Сәуле Рысбаева.
– Мектеп бітіруші түлектердің соңғы жылдарда ауылдың кіреберісіне арка жасап, аллея, шағын ойын алаңдарын салып беруі үрдіске айналды. Бұл, бір жағынан, елді мекенді көркейту үшін керек шығар. Бірақ азаматтар ортақ қаржы жинап, туған жерде аты қалатындай қайырымды іс жасағысы келсе, мектептегі жас жеткіншектердің өнер үйреніп, терең де сапалы білім алуына үлес қосқаны дұрыс деп ойлаймын. Мысалы, мектептегі домбыра үйірмесіне он шақты домбыра немесе технология кабинетіне арнап тігін машиналарын әперсін. Соны практикалық сабақтарға пайдаланса, балғындарды өнерге баулып, еңбек етуді үйретсе, пайдалысы осы емес пе?! Жасөспірімдер тігін тігуді, кесте тоқуды үйренгені әлдеқайда пайдалы.
Ауылдың көркейгені жақсы, елді мекенге аллея да, саябақ та керек қой. Бірақ оларды тоз-тозын шығармау үшін күтіп-ұстау деген мәселе бар екенін естен шығармау керек. Ал бұл іс көп қаржыны қажет етеді. Ауыл әкімдігінің бюджетінде бұған қаржы қарастырылмаған, – деген ой-пікірін алға тартты депутат.
Сәуле Мақшанқызы айтып өткендей, әрине, қаржысы көп азаматтар ауылға барып, мәдениет үйі мен спорт залдарын салып берсе, бір ғанибет іс болар еді. Алайда оны белгілі бір мекеменің балансына беру секілді құжаттандыру жайын бірден шешіп алған дұрыс. «Ал шағын футбол алаңы, ойын алаңдарының ертең қараусыз қаңырап қалу қаупі көп. Шалғайдағы елді мекенді былай қойғанда, облыс орталығындағы кейбір шағын аудандарда салынған ойын алаңдары да қирап, бұзылып, қараусыз қалып жатыр емес пе?» – деп тағы бір түйді өз ойын кәсіпкер.
Сәуле Рысбаеваның сөзінің жаны бар. Ең абзалы – инвестицияны балаларға білім және тәрбие беру процесіндегі керекті іске тарту. 30 жылдан бері өзі ісін ілгері басқызып келе жатқан кәсіпкер демеушілік жұмыстарды әрі қарай тағы да қаржы талап ететін нысанға салғаннан гөрі табыс түсіретін іске жұмсаған жөн екенін айтты.
– Мысалы, мектеп жанынан жылыжай салып берсе, оны оқушылар биология сабағында практикалық алаң ретінде пайдаланса, қандай пайдалы іске айналар еді. Сол жерде қызанақ, қияр өсірсе, бір жағынан, теориялық білімді тәжірибемен ұштастырады. Керек болса, өнімді ауыл тұрғындарына сатып, түскен қаражатқа мектеп оқушыларын түгел ыстық тамақпен қамтамасыз етуге жұмсаса болмай ма? Ақша салуды қажет етпейтін, керісінше, табыс түсіретін осындай керекті еңбек алаңдарын ашуды ойластыру керек, меніңше.
Биыл туған ауылына кездесуге келуді жоспарлап отырған түлектердің құлақтарына алтын сырға. Тарту жасаудың жөні осы екен деп қаржыны босқа шығындамай, жас ұрпақтың игілігіне жарайтын бастамаларға жұмсаса, – дейді облыстық мәслихаттың депутаты Сәуле Рысбаева.
Тобықтай түйін
«Соңғы қоңырау» салтанатына бір айдан аз уақыт қалды. Әр ауылда түлектер қызу дайындық жүргізіп жатқаны анық. Ауылға немесе мектепке қандай тарту жасайтынын әркімнің мырза көңілі біледі, әрине. Десе де, мынадай қымбатшылық кезінде даңғазалыққа салына бермеуді де ойланған жөн шығар…