Сыңғырла, күміс қоңырау! | arainews.kz

Сыңғырла, күміс қоңырау!

Жаңа оқу жылы жағымды жаңалықтарға толы

244

Енді бірер күннен кейін білім беру мекемелерінде «Алғашқы қоңырау» соғылып, жаңа оқу жылы басталады. Ала жаздай алаңсыз демалған оқу­шы­лар алтын ұя – мектептерімен қауышып, ұстаздардың ұлағатымен сабаққа ден қояды. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, жаңа оқу жылының да өзіне тән ерекшеліктері жетерлік.

Осыдан 2 жыл бұрын қолданыс­қа енгізілген жаңартылған білім беру мазмұнымен алдағы қыркүйек­тен бастап 3, 6, 8 сыныптар оқытыл­мақ­шы. Аймақтағы бірқатар мектеп­терде жаратылыстану-матема­тика бағытындағы пәндер ағыл­шын тілінде өткізілетін болады. Елбасы­ның «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақала­сының негізінде дайындалған «Өлкетану» оқулығының да берері мол болмақ.
Өскелең ұрпақты саналы білім, сапалы тәрбиемен қамту бағытында қолға алынып жатқан осы және өзге де жұмыстар «Баласағұн» орталық концерт залында облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты­ның депутаты Абдалы Нұралиевтің қатысуымен өткен дәстүрлі тамыз конференциясында кеңінен айтылды.

Байыпты бетбұрыс – лайықты нәтиже

Биыл білім саласы үшін мерейлі жыл. Қосымша білім беру саласына – 100, «Болашақ» халықаралық бағдарламасына – 25, Назарбаев зияткерлік мектептерінің құрылғанына – 10, «Дарын» мектептерінің ашылғанына – 20 жыл толды. Бұл мемлекеттің, Елбасының ел болашағына деген қамқорлығын байқатады. Ал, жыл сайын осы салаға бөлінетін қаржының артуын келешектің кемелдігіне салынған инвестиция дегеніміз жөн.
Басқосуда баяндама жасаған облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова биылғы жылдың тағы бір ерекшелігі ретінде мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың білім мен дағдыларының дамуын бағалау жүйесінің енгізілгенін жеткізді.
– Өскелең ұрпақты бүгінгі уақыт талабына сай біліммен қамтып, оң тәрбие беру мақсатына биыл 106,1 миллиард теңге бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 8 миллиард теңгеге артық. Оның 7,4 миллиард теңгесі білім беру нысандарының құрылысы мен күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге қарастырылды. Облыстағы 502 мектепке дейінгі ұйымда 54 мыңнан астам бала тәрбиеленеді. Осы жылы 26 жекеменшік балабақша ашылды. Ол бізге қосымша 12 400 орын беріп отыр, – деген Рахия Сейтбекқызы типтік оқу жүйесінің өзгертілгенін айтып өтті.

«Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы»

Биылғы Білім күнінде облыс мектептеріне 215 мыңнан астам оқушы келеді деп күтілуде. Олардың 26 мыңы мектеп табалдырығын алғаш рет аттайтын бүлдіршіндер. Бұл тұрғыда жеткіншектерге тәлім-тәрбие беретін педагогтардың біліктілігін арттырудың маңызы зор.
– Педагогтарды аттестаттаудың жаңа жүйесі іске қосылды. Аттестат­тауға 3 922 мұғалім қатысып, олардың 2 187-сі өтті. Енді сол аттестаттаудың нәтижесімен осы жылдың 1 қыр­күйегінен бастап, мұғалімдер білік­тілік санаттары үшін үстемақы алатын болады. Облысымыздағы 24 мың мұғалімнің 508-і өткен оқу жылында республикалық байқауларда жеңімпаз атанды. Бүгінге дейін
15 633 педагог жаңартылған мазмұн бойынша курстан өтті. 888 мұғалім жекелеген пәндерді ағылшын тілінде оқыту үшін тілдік курста оқыды. Соның нәтижесінде өткен оқу жылында 45 мектеп кейбір пәндерді ағылшын тілінде пилоттық режимде оқытса, жаңа оқу жылында бұл тәжірибе 185 мектепте енгізілгелі отыр. Жан-жақты білікті ұстаздарымыздың тынымсыз еңбегінің нәтижесін оқушыларымыз білім бәйгелерінде көрсетіп жүр. Облыс оқушыларының командасы республикалық пән олимпиадаларынан жетінші жыл және ғылыми жобалар байқауларынан алтыншы жыл 1-орынды иеленіп, «Ең үздік команда» атанды. Дарынды оқушыларымыз халықаралық, дүниежүзілік, республикалық пән олимпиадалары мен ғылыми жарыстарда 143 медальді олжалады. Дарынды ер балаларға арналған «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» мектеп-интернаты оныншы жыл қатарынан «Үздік олимпиада мектебі» атанды.
Биыл TALIS, TIMSS, PISA, ICILS халықаралық зерттеулеріне 61 білім мекемесінен 495 пән мұғалімі, 28 директор, 1 515 оқушы қатысты. Оның қорытындысы 2019 жылдың желтоқсан айында шығады. Оқу жетістігін сырттай бағалау көрсеткіші биыл 11-сыныптарда 66,06-ны құрады, жоспар – 75 балл болатын. Деген­мен, біз республикалық көрсеткіштен 2,22 балға жоғарымыз (республикалық көрсеткіш – 63,84). Бірақ облыстар арасында 6-орындамыз. 9-сыныптарда да нәтиже біршама жақсарған, өңірлердің ішінде бесінші сатыға жайғастық. 4-сыныптарда да солай. Дегенмен, білім деңгейі өткен жылмен салыстырғанда 1,5 балға артқанымен, республикалық көрсеткіштен 0,46 балға төмен (республикалық көрсеткіш – 19,97). Соның нәтижесінде алдымызға 7 аймақты шығарып алдық. Сырттай бағалау бойынша қазақ және орыс тілінде білім алатын оқушылардың білім сапасында алшақтық байқалды. Мысалы, 4-сыныптарда қазақ тілінде білім беретін мектептердің көрсеткіші 1,73 балға жоғары.
Биыл алғаш рет мектептердің оқу жетістігіне «сырттай тәуелсіз бақылау» жүргізілді. 5-10-сыныптардың 90 мыңнан астам оқушыдан гуманитарлық, математикалық және жаратылыстану циклы пәндерінен 2 рет тестілеу алынды. Нәтижесінде мектеп журналдарындағы тоқсандық бағалау мен тәуелсіз бағалауда едәуір алшақтық бар екені айқындалды. Бұл ойланатын нәрсе. Сондықтан, біз төмен білім сапасын көрсеткен сыныптарды мектепішілік бақылауға қойып, әдістемелік көмектер көрсететін боламыз, – деді Р.Тұрмаханбетова.
Өңіріміздегі білім беру саласының жетістіктері мен кемшіліктері талқыланған тамыз конференциясында бірқатар мұғалімдер жарыссөзге шығып, пікірлерімен бөлісті. «Энерджи-Тараз» ЖШС-ның директоры Нұрбол Күздікбаев кәсіби білім төңірегінде ойын жеткізді. Ұстаздардың кәсіби біліктілігін арттыру жөнінде «USTAZ Professional Learning Centre» ЖШС-ның академиялық директоры Нүркен Акимов сөз сөйледі. Өзге де мамандар мінберге шығып, ұтымды ұсыныстарын ортаға салды.

Межелі міндеттер мен маңызды мақсаттар

Дәстүрлі тамыз конференциясында облыс әкімі Асқар Мырзахметов сөз алып, межелі міндеттер мен алдағы мақсаттарға тоқталды.
Балабақшаға орналастыру ісіне сыбайластық араласпау үшін автоматты жүйе енгізілмекші. Биыл бұл жүйе Тараз қаласына енгізіледі, алдағы жылы Қаратау, Жаңатас, Шу қалаларында қолданылады. Электронды формат балабақшаға жолдаманы мобильдік құрылғылар арқылы алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, кезектің жылжуын тездетеді.
Осы оқу жылында 9 мектеп пайдалануға беріледі. 15 білім нысанына күрделі жөндеу жүргізілді. Алайда, демографиялық өсімге байланысты үшауысымды мектептер жұмыс істеуде. Және 14 мектепте орын тапшылығы бар. Жыл сайын облыста 25-26 мың бала дүниеге келеді екен. Яғни, мектептер қатарын арттыру қажеттілігі туындайды.
– Мұның барлығын мемлекет есебінен шешу күрделі мәселе. 2020 жылдан бастап, мектептер жан басына қаржыландыру жүйесіне өтеді. Сондықтан, жан басына қаржыландыру арқылы кәсіпкерлерді жекеменшік мектептерді салу жұмысына тарту қажет. Бұл бойынша нақты жоспар жасауды қабылдауымыз керек, – деді өңір басшысы Асқар Исабекұлы.
Білім беру саласындағы өзекті мәселелердің бірі – шағын жинақты мек­тептердің жағдайы. Облыстағы мек­тептердің 31 пайызы, яғни 140-ы шағын жинақталғандар. Шағын ғана ауылдағы 5-10 бала үшін мектептің болуы экономикалық жағынан тиімсіз. Ондағы кадрдың сапалық құрамы да төмен. Кейбіреулерінің материалдық базасы сын көтермейді. Мысалы, 140 шағын жинақты мектептегі 2 803 педагогтың 106-сы екі пәннен сабақ береді. 106 педагогтың 57-і дипломдағы мамандықтарына сәйкес екі пәннен сабақ берсе, 49-ы апталық жүктеменің жетіспеуінен және қажетті мамандардың тапшылығына байланысты бірнеше пәннен оқытып жүр.
Арнайы пәндік кабинеттері жеткіліксіз, сыныптың балалары топтасып оқитын бастауыш мектептерде жаңартылған мазмұнда білім беруді толығымен іске асыру мүмкін еместігі белгілі. Бастысы – баланың сапалы білім алғаны. Сол себепті, биыл оқушы саны аз 7 бастауыш мектептің қызметі тоқтатылды. Олар Байзақ ауданындағы Тегістік, Ботамойнақ, Жаңасаз, Жамбыл ауданындағы Көлқайнар, Т.Рысқұлов ауданындағы Құмарық, Таластағы Жаңақоныс, Таразда №59 бастауыш мектептер. Мұндағы мақсат қаржыны үнемдеу емес, оқушыларға сапалы білім беру. Жасөспірімдердің заманауи білім алуын қамту үшін мектептермен бірге интернат құрылысын салу да қарастырылмақшы.
Білім беруді дамыту міндеттері цифрландыру жүйесіне көшуді талап етеді. Сондықтан, білім беру мекемелерінің инфрақұрылымына 1,9 миллиард теңге бөлінген.
Сонымен қатар, облыстың 450 мектебі түгелдей «Bilimland» цифрлық білім беру ресурстарын пайдалана алады. Ал, 436 мектеп «Күнделік» жобасына қосылса, 64-інде робототехника кабинеттері жабдықталған. Жыл соңына дейін 30 пайыз мектеп жабдықталады деп жоспарлануда. Барлық мектепте 22 146 дана компьютер оқушылардың игілігіне жарап тұр.
Жаңа оқу жылында ақпараттық технологиялар бойынша мамандандырылған IT лицей-интернат облыс орталығында ашылмақ. Бұл үшін облыс бюджетінен 121 миллион теңге бөлінген. Ондағы көзделгені – математика, физика пәндерін тереңдете оқытып, жастардың IT-технология саласына қызығушылығын арттыру.
Жас ұрпақты оқыту, тәрбиелеу ісін нәтижелі дамытудың бір тетігі бармақ басты, көз қысты әрекеттен арылу екені сөзсіз. Осы бағытта атқарылатын жұмыстарға тоқталған облыс әкімі Асқар Мырзахметов:
– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев білім саласына ерекше назар аударып, үлкен міндеттер жүктеуде. Білім саласындағы өзгерістер – инфрақұрылым, стандарттар, жаңа технологиялар — барлығы жастардың әлеуетін жүзеге асыруға бағытталуда. Өйткені, адами капиталдың дамуы – мемлекет дамуының басты көрсеткіші!
Тараз қаласының мектептеріне балаларды 1-сыныпқа қабылдау да автоматтандырылуда. Ата-аналар енді ашық портал арқылы мектепті таңдай алады, оқушы интернет желісі арқылы қабылданады. Жас ұрпақ тәрбиесі болашаққа жасалатын ең үлкен инвестиция екені белгілі. Бұл ретте қосымша білім беру жүйесін дамыту да маңызды. Бүгінгі күні 22 пайыз ғана оқушы қосымша біліммен қамтылған. Тараз қаласында «Оқушылар сарайын» салу жоспарлануда. Тәрбие жұмысында жастарды патриоттық сезімге баулуды «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүргізуге ерекше назар аударылуы керек. Бұл ретте «Өлкетану. Жамбыл облысы» атты 5-7 сыныптарға арналған оқулық дайындалды. Мектеп оқушыларын өлкетану жобасына тарту, өңір тарихымен таныстыру үшін көрші ауданның мәдени-тарихи орындарына экскурсиялар ұйымдастырылуда. Білім басқармасы, аудан, қала әкімдіктері осы бағыттағы жұмысты нақты үйлестіріп, дамытуы керек. Біздің мақсатымыз біреу – ол оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие беру. Екіншіден, педагогтар мен мектеп басшыларының жауапкершілігін барынша арттыру. Кез келген білім беру мекемесі – бұл балалармен мүғалімдердің, тәрбиешілердің, ата-аналардың мүддесі қиылысатын ерекше әлем, – деп жұмыстың сапасын арттыратын жаңа бастамаларды сөз етті.
Облыста мұғалімді жұмысқа қабылдау 1 қазаннан бастап, автоматты түрде жүргізілетін болады. Үміткер онлайн режимде өтініш жолдап, конкурсқа қатысады. Жергілікті атқарушы органдарға келіп түскен арыз-шағымдар мектепте ақша жинау секілді келеңсіз жағдайларға әлі де жол беріліп отырғанын көрсеткен. Облыс басшысы мұндай олқылық әcіресе, жаңа оқу жылының басында «сағат» бөлуде орын алатынын еске салды. Білім басқармасына мұғалімдердің сағатын бөлу процесін автоматтандыру мәселесін қарастырып, 1 қарашаға дейін Ережесін бекітуді тапсырды. Енді 4 жылдан аса жұмыс істеген мектеп басшысымен келісім шарт қайта қаралатын болады. Қызметін ары қарай жалғастыруы қоғамдық комиссияда қаралатын мектептің білім сапасы мен жетістіктеріне байланысты. Жалпы білім беретін мектептер арасындағы рейтинг Ережесі бекітіліп, білім беру ұйымдарының қызметін бағалау үшін оқушылар мен ата-аналардың онлайн дауыс беруі де ескеріледі. Білім беру процесін тиімді басқаруға білікті мамандарды тарту үшін облыста мектеп директорларының резерві құрылып, Ережесі бекітілген. Резерв мүшелері директорлардың бос вакантты орындарына тұрақты ұсынылады.

Еселі еңбек ескерусіз қалмайды

Маңызды жиында саладағы ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін бір топ ұлағатты ұстаздар марапатталып, сый-құрметке бөленді.
Талас ауданындағы №14 Талас колледжінің директоры Айман Тлеукеева, Тараз қаласындағы №41 «Айналайын» балабақшасының меңгерушісі Жаннат Абдухалықова, №39 орта мектептің мұғалімі Нағима Үсенбекова, Байзақ ауданы, Бурыл орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Макира Рысбаева, Тимофеевтер отбасы үлгісіндегі балалар үйінің тәрбиешісі Наталья Тимофееваға «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісі салтанатты түрде тапсырылды. Ал, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісі Тараз қаласындағы №51 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Рабиға Хайрушеваға, Талас ауданы, Ш.Уәлиханов атындағы орта мектебінің директоры Берік Сыдыққа, осы аудандағы Бозарық негізгі мектебінің мұғалімі Меруерт Зайнишоваға, Тараз қаласы, Төле би атындағы №8 гимназиясының мұғалімі Гүлнар Мустафаеваға, Жамбыл экономика және ақпараттық технологиялар колледжі директорының оқу-өндірістік ісі жөніндегі орынбасары Нұрбақыт Болтаевқа тағылды. Сонымен қатар, бір топ педагог облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Биылғы жылдың «Орта білім беретін үздік ұйым» грантын облыстық дарынды қыз балаларға арналған мамандандырылған «Білім-Инновация» мектеп-интернаты жеңіп алып, 22 млн. 627 мың 200 теңгенің сертификатына ие болды.
«Білім беру ұйымдары қызмет­терінің тиімділігін бағалау» рейтингісінің нәтижесінде ең жоғары көрсеткішке ие болған «Ең үздік қала мектебі» номинациясы бойынша Талас ауданы, Қаратау қаласындағы мектеп-лицей директоры Мақсат Қазанғаповқа, «Ең үздік ауыл мектебі» номинациясы бойынша Жамбыл ауданы, Б.Момышұлы атындағы орта мектебінің директоры Дәметкен Бегмановаға, «Ең үздік шағын жинақталған мектеп» номинациясы бойынша Сарысу ауданы, Ж.Отарбаев атындағы орта мектебінің директоры Дариға Ыдырысоваға 1 000 000 теңгенің сертификаттары тапсырылды.

Қарам Қарасаева

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.