Биылғы 2 ақпанда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасында 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат Тұжырымдамасын және оны іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын бекіту туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Стратегиялық құжат халықаралық стандарттарға, үкіметтік емес ұйымдардың, бизнес-қоғамдастықтың, мемлекеттік органдардың, ұйымдар мен азаматтардың ұсыныстарына негізделген.
Бүгін аталған тұжырымдаманы түсіндіру және талқылау мақсатында Жамбыл облысы Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты ЖД-158/2 мекемесінде жиын өтті. Басқосуға мекеме бастығы, әділет подполковнигі Ерлан Оразгелдиев, мекеме бастығының сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру және жалпы сұрақ жөніндегі орынбасары, әділет подполковнигі Бақытжан Қасымбеков және мекеме бастығының режим және жедел жұмыстар жөніндегі орынбасары, әділет подполковнигі Нұржан Күзембаев, мекеменің жеке құрамы, еркін жалдамалы қызметкерлері қатысты. Жиынды ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Жамбыл облысы бойынша Департаментінің превенция басқармасының бас маманы Айбек Әжібаев жүргізді.
Басқосу барысында ҚАЖ қызметкерлеріне сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыру, сыбайлас жемқорлық мүмкіндіктерін болдырмау, жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды жетілдіру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда азаматтық қоғамның рөлін күшейту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды іске асырудың тиімді мониторингін қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның қызметін одан әрі жетілдіру тақырыптарында кең көлемде түініктемелер берілді.
– Сыбайлас жемқорлық – кез келген елдің өркендеп-дамуына кері әсерін тигізетін негізгі факторлардың бірі. Ол мемлекеттік органдардың тиісті қызмет атқаруына кері әсерін тигізіп, беделіне нұқсан келтіреді, заңды қағидаларды теріске шығырып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына түрткі болады.
Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының 22 бабына сәйкес, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды өз құзыреті шегінде барлық мемлекеттік органдар, ұйымдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері мен лауазымды адамдар жүргізуге міндетті.
Жемқорлық – індет, оның алдын алу міндет. Себебі ол, мемлекет пен қоғамның тұрақтылығына, елдің қауіпсіздігіне қауіп төндіріп, жүргізіліп жатқан экономикалық және әлеуметтік реформаларға кедергі келтіреді, – деді А. Әжібаев өз сөзінде.
Сонымен қатар, жиында тұжырымдама зардаптармен күрестен сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарын жүйелі түрде жоюға, жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз етуге, қоғамдық сананы түбегейлі өзгертуге бағытталғаны айтылды.