«Студенттердің құқығын қорғау – басты назарда» | arainews.kz

«Студенттердің құқығын қорғау – басты назарда»

402

«Болар бала он бесінде баспын дер» дейді халық даналығы. Жасөспірім кезінен алғырлық танытып, оқуда озат, еңбекте үздік көрінген өңіріміздің өрендері бүгінде қоғамдық істерге белсене араласып, көптің алғысын алып жүр. Елдің келешек тұтқасын ұстар жастарға мемлекет тарапынан да жайлы жағдайлар жасалуда. Сол мүмкіндіктерді пайдаланып, тәжірибесін толықтырып, іскерлік қырынан танылып жүрген жас азаматтардың бірі, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің студенттер кәсіподағының төрағасы, «Сана» оқыту орталығы» ЖШС-ның директоры Асхат Олжабаев. Конституция күні қарсаңында біз замандасымызбен студенттер құқығының қорғалуы, мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асуы, жаңадан қолға алынған жобалар турасында сұхбаттасқан едік.

– Өзіңізбен еліміздің қастерлі мереке­ле­рінің бірі – Конституция күні қарсаңында әңгімелесудің сәті түсіп отыр. Ата Заңның қадір-қасиетін арттыру үшін оның талаптарын орындау маңызды. Бүгінгі әңгімемізді осы тұрғыдағы ойыңызбен бастасақ…
– Расында, әрбір мемлекет үшін Негізгі Заңы – Конституцияның орны бөлек. Тәуелсіз еліміздің сындарлы жылдардағы сынақтардан сүрінбей, дамудың даңғыл жолына түсуіне Ата Заңымыздың атқарған рөлі зор. Ең бастысы, таңдаған бағытымыздың дұрыс екенін уақыттың өзі дәлелдеді.
Басты құжатқа сәйкес, Қазақстан азаматтары ұлтына, діни нанымына, жасына, жынысына қарамастан тең құқылы. Сонымен қатар, кәсіп түрін еркін таңдауға, толыққанды білім алуға барлық жағдай жасалған. Осы орайда студенттер де оқу орнынан өзіне тиесілі қызметті толық алуына болады. Алайда, кейбір жастар заңның тетіктерін білмегендіктен өз құқықтарын қорғай алмай жататыны рас. Сондай жағдайда студенттер кәсіподағы көмек қолын созуға дайын. Біз мәселенің оңтайлы шешілуіне барынша қолдау көрсететін боламыз.
– Жалпы, жастар саясатына ара­ла­суы­ңыз­ға кім жетеледі? Әлде, бұл бала кездегі арман-мақсатыңыз ба?
– Нақты жетелеген ешкім жоқ. Дегенмен, қатарластарыңа қарап «Маған неге сондай болмасқа» деген оймен алға ұмтылады екенсің. Соған қарағанда, жетелеушім – ынта, жебеушім – Алла.
Әкем Құрышғали құрылыс саласында еңбек етті, анаммен бірге қос ұлды тәрбиелеп өсірді. Оң бағыт көрсетіп, өмірдің қыр-сырын үйретіп, 2015 жылы мәңгілік сапарға аттанды. Артында қалған қос тұяғы әкеміздің ізін жалғап, атына дақ түсірмеуді бір сәтке де естен шығармай келеміз. Анам Нағима математика пәнінің мұғалімі. Сол кісінің тәлімі шығар, ағам да математика мамандығын таңдап, қазір Шымкент қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде еңбек етуде.
Өзім мектепті тәмамдап, «Қай мамандыққа оқуға түссем болады?» деген оймен М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетіне келдім. Менен мұғалім шықпайтынын бірден-ақ сездім. Себебі, үйде анам да, ағам да, жеңгем де математика пәнінің мұғалімдері. Солардан мұғалімнің машақатын көріп жүрмін ғой. Ал, мұнай-газ саласына түссем, ол мамандықпен жұмыс істеу үшін Батыс өңірге баруым керек шығар деп ойладым. Оның үстіне үйдің кішісі болғандықтан, анамның қасында, туған өлкедегі қара шаңырақта қалатын ұлмын. Осы жауапкершілігім өз өңірімізде қызмет ете алатын мамандықты таңдауға түрткі болды. Сол мақсатпен «Көлік қозғалысын ұйымдастыру» мамандығын меңгеріп шықтым. Қолға диплом алғаннан кейін туған ауылым Асада орналасқан Жамбыл ауданы әкімдігінің ұйымдастыру бөліміне жұмысқа орналастым.
Университет қабырғасында жүріп, қоғамдық жұмыстарға араласқанымда ұйымдастырушылық қабілетіммен ұстаздарымның көзіне түссем керек, ректор Махметғали Сарыбековтен шақырту алып, қазіргі қызметіме осы жылдың басында келдім. Алда орындасам деген жоспарларым көп, мақсаттарыма жететініме сенемін. Бұйыртса, алдағы уақытта жаңа жобаларымды көріп қаларсыздар.
– Жалпы, кәсіподақ ұйымына студенттер көбіне қандай мәселемен қайырылады?
– Білесіздер, студенттің басты «жыры» – жатақхана. Сондай-ақ, қазіргі нарық заманына байланысты оқу ақысына қатысты түйткілдерді айтып келеді.
Біздің Тараз мемлекеттік университетінде 840 орындық 3 жатақхана бар. Оның біреуі Қаратау қаласында. Ал, бұл оқу орнында тек өз мемлекетіміздің ғана емес, шет мемлекеттерден келіп, білім алушылар да бар. Сондықтан, жатақханадан орын бірінші кезекте алыс аймақтан келгендерге, сосын 1-2-курс студенттеріне және көпбалалы, аз қамтылған отбасының балаларына беріледі. Студенттер үйінде тәртіп пен тазалықтың сақталуы үшін студенттердің кәсіподағы мен университеттің оқытушылық құрамынан күнделікті кешкі сағат 19.00-ден түнгі сағат 24.00-ге дейін кезекшілік ұйымдастырылған. Жоғарыда айтып өткенімдей, тұрмыс жағдайына байланысты базбір студенттер кешкісін жұмыс істеп, өз шығындарын өтегісі келеді. Бірақ, жатақханаға түнгі сағат 23.00-ден кейін кіруге рұқсат етілмейді. Бұл да студенттердің үлкен мәселесі. Сондықтан да біз жұмыс істейтін жастардың тізімін жасап, олардың оқу үлгерімін зерделеп көрдік. Сабаққа да, жұмысқа да үлгере білетін 20 білім алушыға түнгі мезгілде жатақханаға кіруіне университет әкімшілігінен рұқсат алып бердік. Алайда, кәмелет жасына толмаған студенттердің беймезгіл уақытта ересектердің қарауынсыз сыртта жүруі немесе жұмыс істеуі заңға қайшы. Сол себепті, біз бұл жағын да бақылауда ұстаймыз.
–Оқу орындарында жемқорлық індеті орын алмауы үшін «Таза сессия» акциясы ұйым­дас­тырылып тұратынын білеміз. Бұл шара қаншалықты шынайы өткізіледі?
–Ол акция алғашында Қазақстан студенттер Альянсының бастамасымен қолға алынған болатын. Кейін барлық жастар ұйымдарының ұйымдастыруымен жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Оған өз біліміне сенімді студенттер қатысады. Бұл тұрғыда тиісті тізімдер жасалып, оқу орнының бірінші проректорының қолымен бекітіледі. Сол азаматтың барлық емтиханына біз бақылаушы ретінде кіріп, сынақты қалай тапсырып шыққанын соңына дейін бақылаймыз. Егер сынақ барысында студентке өзіне түскен сұрақтардан бөлек артық тапсырма беріліп, қысым көрсетілсе, сол жерде құқықбұзушылық туралы акт толтырамыз. Мұндай фактілер бірнеше рет кездесті. Акция аяқталғаннан кейін университет басшылығына шараның өту барысы жөнінде бақылаушылар есеп береді. Бастапқыда бұған күмәнді оймен қарағандар да болды. Бірақ, әлгіндей заңға қайшы әрекеттерді әшкерелеп көрсетіп, студенттің құқығын әділ қорғаған жұмыстардың арқасында акция жұмысы жүйелі жолға қойылды. Дегенмен, сыбайластықты түбегейлі жойылды деуге әлі ерте, себебі, адам жүрген жерде айла болатыны белгілі.
Сондай-ақ, біз Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жем­қор­лық­қа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментімен меморандумға қол қойған болатынбыз. Сол департаменттің сыбай­лас жемқорлық профилактикасы басқар­ма­сы­ның басшысы Дәурен Омаров келіп, студенттер арасында түрлі шаралар ұйымдастырып тұрады. Басқарманың қызметкерлері универ­си­те­ті­міз­дің білім алушыларымен дебат, «брейн-ринг», интеллектуалдық ойындар арқылы жемқорлықтың алдын алу жұмыстарын жүргізеді.
– Өзіңіз басқаратын «Сана» оқыту орта­лы­ғы қай бағытта жұмыс атқаруда?
– Орталықтың алға қойған мақсаты айқын. Біз негізінен дәріс беруге дағдыланғанбыз. Аудан­дардағы мекемелер мен кәсіпорындар, мектеп ұжымдары семинарға шақырады. Коучеріміз Данияр Өмірбековпен бірге барып, қалаған тақырыптарына сай семинар өткіземіз. Оған қажетті қаржы әлеуметтік жоба негізінде қамтамасыз етіледі. Ал, қаражаттың мақсатты жұмсалғаны жөнінде тиісті орындарға есеп беріп отырамыз.
Студент кезімнен бастап-ақ қоғамдық жұмыс­тарға белсене араластым. Үшінші курста оқып жүргенімде «Еркін пікір» қоғамдық бірлестігіне жетекшілік еттім. Негізі, бұл дебат қозғалысын 2010 жылы қазіргі Тараз қалалық мәслихатының депутаты Серікбол Берікқожа ашқан болатын. Жастарды ойын ашық та көркем жеткізе білуге үйрету мақсатында шешендік мектеп ретінде қолға алынған жоба болатын. Сол дебатпен тіл байлығын дамытып, көп алдында қысылмай сөйлеуге бейімделген талай жастар қалыптасып шықты. Міне, сол бірлестіктің іс-шараларын ұйымдастыра жүріп, әлеуметтік жобаны жүзеге асырудың, қоғаммен тығыз жұмыс жасау жолдарын үйрендім. Кейін де бірқатар үкіметтік емес ұйымдардың шараларында шыңдалдым. Нәтижесінде біздің қоғамға, әсіресе өз ортамыз – жастарды қандай мәселелер толғандыратынын тереңірек ұғынасың. Осындай ой-тұжырымымыздың нәтижесінде жастарды көшбасшылық қасиетке, іскерлікке баулу негізінде «Сана» оқыту орталығын ашқан болатынбыз. Жаңа ісіміздің жастарға пайдалы болғанын қазіргі жұмыс нәтижелерінен байқап жүрміз.
– «Дебат жастарды ұрысқақтыққа, боссөз­ді­лікке үйретіп жатыр» деген кері пікірлерді де естиміз. Бұл ойынның қаншалықты пайдасы бар деп ойлайсыз?
– Қоғамда қанша адам болса, сонша пікір туатыны заңдылық. Ал, дебаттың пайдасын бұрын сол ойынға қатысып, кейін журналистикада, саясатта, қоғамдық жұмыстарда белсенді қызмет етіп жүрген жас азаматтардың қадамынан көруге болады. Рас, өзім де талай рет «Осы дебат жастарды бәдіктікке тәрбиелеп жатыр» дегенді естігенмін. Бірақ, таяқтың екі ұшы болатыны секілді, кез келген нәрсенің жағымды-жағымсыз жағы бар емес пе?! Ал, дебаттың жақсы жақтарын көп көріп жүрміз. Ол жас жеткіншектің сөйлеу мәнерін жақсартады. Дебаттың да өзіндік шектеулері, белгіленген нормасы бар. Соған сай қатысушыларға алдымен ойын қалай жеткізу керектігін және қанша секундта қандай ойды айтып үлгеруі тиістігін үйретеміз.
Мысалы, біз «Еркін пікір» арқылы тек жастарды ғана емес, мұғалімдерді де қалың көпшіліктің алдында еркін де шебер сөйлеуге оқыттық. Бір сөзбен айтқанда, облысымызда дебат мектебін қалыптастырдық. «Нұр Отан» партиясының ауыспалы кубогы үшін өткізілетін республикалық дебаттан соңғы 4 жыл қатарынан біздің облыстың командасы жүлделі орындардан түспей келеді. Қай өңір бірінші орынды жеңіп алса, келесі жылғы сайысты сол аймақтың өкілдері ұйымдастырады. Біз де өз өңірімізде республикалық дебатты абыроймен өткіздік.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Қамар Қарасаева

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.