Қыс айылын жиып, күн жылына бастағанда диқандар жылдағыдай көктемгі далалық жұмыстарға дайындықты бастап кетеді. Жер-ананың бусанып, сай саласы қар суымен құнарланып, жасыл кілемдей жасанған шағында «жерге себілген алтын дәннен несібеміз толыға түседі» деп үміт артқан диқандар тірлігі мамыр айы туысымен қызу қайнайды. Ал, қазіргі дайындық қалай?
Шу ауданындағы 139 706 гектар жер ауыл шаруашылық мақсатындағы егістік жерге тиесілі десек, оның ішіндегі жердің 27 516 гектары суармалы, 112 190 гектары тәлімді егістік жерді қамтып отыр.
Аудан әкімдігінің ауылшаруашылығы бөлімі берген мәліметке сүйенсек, биылғы жылғы дақылдарды орналастыру жоспары өткен жылғы жоспармен салыстырғанда 1490 гектарға ұлғайтылған және 30 606 гектар жерге сүр айдалып, барлығы 138 506 гектар жерді пайдалану жоспарланып, оның пайдалануы 99,1 пайызға жеткізіледі деп болжамдалуда. Яғни, үстіміздегі жылы орақ орып, кетпен түретін шулық диқаншылар 21 640 га жерге жаздық арпа, 1470 га дәндік жүгері, 250 га нут, 9760 га майлы дақылдар (оны ішінде күнбағыс 525 га, мақсары 9235 га) 1500 га қант қызылшасы, 1200 га картоп, 10 180 га көкөніс, 8520 га бақша, 38 610 га мал азығы дақылдарын себуді жоспарлап отыр.
Бөлім мәліметі бойынша, ауылшаруашылығы техникалары да 100 пайызға сақадай сай. Биыл 17 млн.470 мың теңгеге 6 дана ауыл шаруашылық техникасы алынған. Ал, жанар-жағармаймен қамтамасыз ету бағытында төмендетілген бағамен ауданға 2200 тонна дизель отыны бөлінген. Бүгінгі күнге «Шу мұнай базасы» ЖШС-не келген 430 тонна арзандатылған жанармайдың 350 тоннасы ауданның агроқұрылымдарына литрі 176 теңгеден беріліп, олар дала жұмыстарына жеткілікті пайдалануда. Сонымен қатар, биылғы жылы 1 тонна аммиак селитрасының бағасы 78 400 теңге, тасымалдау құны әр тоннасына 5 950 теңгені құрап, барлығы 84 350 теңге болып отыр. Бүгінгі күні аталған тыңайтқышқа «Дулат Жайсан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 30 тоннаға, «Агро Профит» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 20 тоннаға тапсырыс беріпті.
Десе де, егіннің шығымдылығы тек қана егіншінің еңбегіне тәуелді емес екені белгілі. Қамбамыз алтын дәнге толу үшін табиғат-ана да бізге мейірімін төгіп, қолдау көрсетуі тиіс. Сонда ғана жайқалған егіс даласын жайпап кететін қуаңшылықтың беті әрі қарап, жиын-терін мол болмақ.