Шаруаларға жаңа технологияларды үйрету керек — Нұрсұлтан Назарбаев | arainews.kz

Шаруаларға жаңа технологияларды үйрету керек — Нұрсұлтан Назарбаев

170

Қазақстандағы ауыл шаруашылығы мамандарын жаңа технологиялар бойынша жаппай оқыту керек.

Бұл туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арналған Жолдауында мәлімдеді. 2022 жылға қарай еңбек өнімділігін ұлғайтып, өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 2,5 есеге арттыру керек. Мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын заманауи агротехнологияларды тартуға бағыттау керек.

«Мен арнайы Қазақстанда бар тәжірибелерді қарадым. «Бөрте-Милка» ЖШС роботтандырылған жүйелер мен өзге де инновацияларды енгізу арқылы сүт өндірісін 2 есеге көбейткен. «Атамекен-Агро» технологияларды жетілдіру, өндірісті автоматтандыру жолымен 5 жылда астық түсімін 2,7 есеге арттырған. Биылғы түсім 13 процентке артты. Бұған дейін бір гектардан 32 центнер өнім алып көрмегенбіз. Мұның барлығы ғарышта емес, Қазақстанда болып жатыр. «Байсерке-Агро» бәрімізге таныс.Темірхан Досмұхамбетов тамшылатып сурау әдісімен жүгері түсімін 3-4 есеге көбейтті. Ол зейнетке кеткен академиктерді шақырды, олардың білімін пайдаланды. Мұндай кәсіпорындар жеткілікті»,- деп атап өтті Президент.

Сонымен бірге, Елбасы Сингапурдың шетелдік мамандарды шақыру тәжірибесін мысал ретінде келтірді.

«Солтүстік Қазақстанда «Зенченко» шаруа қожалығы жеміс-жидектен бастап, қарбызға дейін өсіріп отыр. Біздің жеріміз жетеді, мамандарымыз жетеді. Бәрін жасайтын мүмкіндігіміз бар. Ыңғайлы стандартты енгізіп, ауыл шаруашылығы саласындағы шетелдік мамандарды шақыру қажет. Бір кездері Сингапур жапондық зейнеткерлерді өздеріне шақырып, олардың білімін пайдаланған. Қазір бәрі қолжетімді, Интернет бар, мамандарды шақырыңдар, ақшасын төлеңдер. Ауыл шаруашылығы мамандарын жаңа технологиялар бойынша жаппай оқыту керек. Осы мақсатта және ғылымға жыл сайын 100 млрд теңгеден кем емес қаржы қарастыруды Үкіметке тапсырамын», — деді Назарбаев.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев  халыққа арналған Жолдауын жыл сайын жариялайды.  Биылғы Жолдау еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелеріне және қазақстандықтардың әл-ауқатын одан әрі арттыру міндеттеріне арналған.

inform.kz

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.