«Сенімге селкеу түсірмеу – асыл борыш» | arainews.kz

«Сенімге селкеу түсірмеу – асыл борыш»

531

«Оқшау ой» айдарының бүгінгі қонағы – «ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының директоры, «Құрмет» орденінің иегері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Қасымхан Төлендиев.

– Қасымхан Естемесұлы, сізді келіп жеткен 70 жас мерейтойыңызбен облыстық «ARAI» газеті ұжымы мен оқырмандары атынан шын жүректен құттықтаймыз! Жетпіс дегеніміз қандай жас екен?
– Күйбеңі көп бүгінгі заманда мен өз жасымды кейде ұмытып кетемін. Үнемі елдің арасында, қоғамдық жұмыстардың ортасында жүріп оны ойлауға мұрша да болмайды. Анығын айтқанда, тіршіліктің тұтқасын ұстап жүріп жетпіске қалай келгенімді білмей де қалдым. Жақында мәңгі сапарға аттанған Шерағамыз «Алпыс – тал түс, жетпіс – жетіп піскен кез» деп 60-қа толған мерейтойында айтып еді. Абыз ағаның осы сөзі менің есімде сақталған. Шынында, сондай секілді. Осы жаста өмірде көрген-білгеніңмен қатар, тәжірибең де толысып, бойыңды күш-қайрат билеп тұрғандай сезінесің. Бір ауыз сөзбен айтқанда, жетпіс деген жауапты жас.
Тұлпардаймын тыпырлап тыншымаған,
Сұңқардаймын сонарда тұмшаланған.
Жылдар жеңіп бүгінде баяуладым,
Айналамда көбейді сыншыл адам, – деп бір өлеңде айтқандай, жасыратыны жоқ, қанша жерден тыңмын деп ойлағаныңмен, қимылың баяулайды ғой. Оның барлығы табиғи құбылыс әрі өмір заңдылығы деп білемін. Бірақ, жас кезімізден еліміздің ертеңі үшін еңбек етіп келе жатқаннан кейін шаршауды ұмытады екенсің. Оның үстіне Құдай берген немерелерім бар. Олардың емірене «ата» деген бір ауыз сөздері шаршағаныңды ұмыттырып, жасартып жібереді. Бұл қатарға балаларымның анасы, немерелерімнің әжесі өз жұбайымды да қосып қойсам болады. Ол кісі де барлық ісін ысырып қойып, мен дегенде құрақ ұшып жүреді. Сол себептен жетпіс жасымда өзімді жақсы сезінемін, әрі қоғамдық жұмыс жасауда шаршамауға тырысамын.
– Жалпы, «70 – қарттық емес, қазына жас» деп жатамыз. Ендігі жерде өткен шаққа шегініс жасап көрсек. Бала Қасымхан қандай болды?
– Балалық шақ – адам өміріндегі ең бақытты кезең. Әрине, бүгінгінің балаларындай жағдай бола қойған жоқ. Дегенмен, әр уақыттың өз қызықшылығы болады. Жалпы, мен Шу өңірінің «Масақ Ақтөбе» ауылында дүниеге келгенмін. Бала кезден апамның тәрбиесінде болдым. Олай дейтінім, әкем жұмыс басты болды да, анам сол әкемнің жағдайына баса назар аударатын. Кейін есіміз кіре бастағанда мен ең пысық адамдар Шу қаласында тұрады деп ойлаушы едім. Неге десеңіз, ол кезде ауданға Мәскеуден тауар әкеп сататындар көп еді. Олар әр жексенбі сайын әкелген тауарларын базарға шығарып, тұрғындарға өткеретін. Сол базарға апам мені де қасынан қалдырмай ертіп баратын. Онда қалаған затымды алып беретін. Былай айтқанда, «қағанағым қарқ, сағанағым сарқ» болды. Мүмкін үйдің тұңғышы болғаннан кейін осылай бетімнен қақпай өсірсе керек. Рас, осынша жасқа келсем де балалығымның қалай өткені әлі күнге дейін көз алдымда. Тағы бір есте қалған нәрсе, 1-сынып оқитын кезімде әкемнің жұмыс бабына орай Мойынқұм ауылына қоныс аудардық. Барсақ, онда неміс, шешен, әзербайжан, орыс ұлтының өкілдері көп тұрады екен. Бірақ, қазақтар аздау. Бір ауыз сөз орысша білместен солармен араласып, ойнап кеттім. Солай жүріп, орысшаға да біраз төселдік. Өз кезегінде бұл менің тіл білуіме жақсы әсерін тигізді. Себебі, ол уақытта орысша сөйлей алатындар озат болып саналатын. Бүгінде көп сыныптастарым Германияда және еліміздің әр түкпірінде еңбек етуде. Әлі күнге дейін бір-бірімізді сағынып, хабарласып тұрамыз. Мектеп кезден бастап шығармашылыққа жақын болып, «Комсомол прожекторы» деген газет шығаратын едім. Оған Узер Багиров деген мектеп директоры да қол ұшын беріп, жәрдемдесетін. Шіркін, ол кезде ұстазға деген құрмет ерекше еді ғой. Қазір ондай емес. Бірақ, Елбасының Жолдауынан кейін мұғалімнің статусы қолға алына бастағаны қуантады.
– Қасымхан аға, айтыңызшы, сіздің қоғамдық жұмыстардың ортасынан үнемі табылатын қасиетіңіз студенттік кездегі белсенділігіңіз арқылы қалыптасты ма, әлде алған біліміңіз жетеледі ме?
– Қоғамдық жұмыстарға белсенді араласуыма әкемнің ұстанымы әсер еткен шығар деп ойлаймын. Әкем Естемес бала күнімнен оқуға талпындырып, білімсіз болсам далада қалып кететінімді санама сіңіріп өсірді. Үйде 7 бала болсақ, мен олардың үлкені болдым. Сондықтан болар, әкем маған ерекше көңіл бөліп, намысты болуға үйретті. Тағы бір айта кететін жайт, республикалық және жергілікті басылымдарға арнайы барып жазылып, барлығын оқып отыратын. Оның ішіндегі маңызды дүниелерді маған айтып, өзінің пікірімен бөлісетін. Тіпті, сол уақытта елімізде жүргізіліп жатқан саясат туралы пікірін айтып, әр нәрсенің ақ-қарасын түсіндіретін. Кейін сол алған тәрбие студент кезімде өз жемісін берді деп айта аламын. Институтта оқып жүріп белсенді студенттердің қатарынан табылдым. Сонымен қатар, еркін күреске қатысып, оқу орындары арасында және қалалық жарыстарда жүлдегер атанып жүрдім. Спортта да біраз жетістіктерге жетуге болар еді. Бірақ, мен оқуды ойлап, біршама жарыстарға қатыспадым. Себебі, әкем менің білімді болуымды қалады. Сондықтан, білімді болуға ұмтылатын орта іздей бастадым. Жанымда Нұрберген Омарқожаев, Омар Байтүгелов секілді үздік студент достарым болды. Қазір екеуі де ғылым докторлары. Осының арқасында қоғамдық жұмыстарға етене араласып кеттім.
– Ғұмырнамаңызға қарап отырсақ, Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын бітіріп, еңбек жолыңызды Торғай өңірінде зоотехник-селекционерліктен бастаған екенсіз. Кейін талай жыл басшылық қызметтер де атқардыңыз. Жалпы, басшы болудың артықшылығы мен кемшілігі қандай?
–Кеңес одағы кезінде облыстық партия комитетіне қызметке алу үшін үміткердің құжаттары толықтай зерттелетін. Мен сол облыстық партия комитетінде жұмыс істедім. Ол заманда партия комитеті қазіргі Тараз қаласының әкімдігі отырған ғимарат болатын. Аталған ғимаратта небары 2 ай ғана жұмыс жасап, қазіргі облыстық әкімдіктің ғимаратына көшіп бардық. Бұл 1981 жыл еді. Өмірбек Байгелді ағамыз алғашқы тікелей басшыларымның бірі болды. Сол кездегі облыстық комитеттің бірінші хатшысы Хасан Бектұрғановқа өзі кіргізіп, жауапты жұмысқа орналасуға себепші болды. Осы азаматтар маған үлкен жауапкершілікті жүктеп, артылған сенімдеріне селкеу түсірмедім. Ол кезде талап қатаң болатын. Өйткені, қазіргідей компьютер жоқ. Әсіресе, арнайы машинкамен жұмыс істейтін терімшілерге жүктелген міндет ауыр. Себебі, оларға қате жіберуге болмайды. Аталған салада қызмет етіп жүргенде қазақы қаймағы бұзылмаған Сарысу, Мойынқұм, Талас аудандарына тексеріске мені жіберетін. Ол жақта бірнеше басшылардың іс-қағаздары мен жұмыстарын зерделейтінмін. Әлі күнге дейін сонда қызмет еткендер маған алғыстарын білдіріп жатады. Себебі, мен әркез адал болуға тырыстым. Сондықтан басшы болудың артықшылығы әділдігінде деп білемін. Амангелді Карентаев, Николай Полищук, Еркін Беркалиев есімді тәжірибелі мамандардан көп нәрсені үйрендім. Сонымен қатар, олармен қатар қызмет ете жүріп, әділетті, заңға сай жұмыс істесең ешқандай қызметкердің ренжімейтініне көзім жетті. Ал, қиындығына келер болсақ, үнемі жауапкершілікпен жүресің. Себебі, қол астыңдағы қызметкердің кәсіби біліктілігі мен жұмыстың орындалуына тікелей басшы жауап береді. Қазір Елбасы қол астындағы қызметкер сыбайлас жемқорлыққа бой алдырса, тікелей басшы да жауап беретіндігін қадап айтып отыр. Бұл өте дұрыс. Өйткені, сапасыз кадрды басшы таныс арқылы жұмысқа алса, обалы өзіне.
Жасыратыны жоқ, бүгінде мықты кадрлар жетіспейді. Білікті кадрлар жалақысы жоғары жерлерде қызмет атқаруға тырысады. Сол себептен, жақсы кадрларға жағдай жасап, ұстап қалуға тырысуымыз қажет. Қазіргі таңда сыбайлас жемқорлыққа қарапайым қызметкерден бастап Үкімет басшысына дейін бой алдырып жатыр. Олар заңды білмейді деп айта алмаймын, біледі. Бірақ, құлқынын артық қаражат тесіп бара жатыр. Түптің түбінде оның зардабын өзі ғана емес, соған сенім артып, қызметке алған адам да тартуда. Ал, сенім деген қастерлі дүние. Оған селкеу түсірмеу – асыл борыш. Әрбір қызметкер осыны түсінсе, біздің қоғам адал қоғамға айналады.
– Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары облыстық ауылшаруашылығы департаменті басшысының бірінші орынбасары қызметін абыроймен атқарғаныңызды жұртшылық жиі айтады. Асыраушы саланың кешегісі мен бүгінгісін қалай салыстырар едіңіз?
– Бұл тұрғыда «шіркін-ай» дейтін тұстарым баршылық. Себебі, ауыл шаруашылығы саласына қазіргідей жағдай жасалғанда сол кездің өзінде-ақ талай тындырымды тірліктердің басын шалып тастайтын едік. Бүгінде мемлекеттік ауыл шаруашылығы қоры керемет деңгейде жұмыс жасауда. Бірақ, «әттеген-ай» дейтін тұстар да баршылық. Ол әуелі қаншама жердің мемлекет тарапынан қарастырылған қолайлы жағдайларға қарамастан пайдаланусыз, бос жатқандығы. Бұл мәселеде басшылық әлі де ойланып, игі шараларды қолға алуы қажет-ақ. Дегенмен, мемлекетке қарамай-ақ сол қиын-қыстау уақытта жұмысын бастап кеткендер баршылық. Соның бірі – Т.Рысқұлов ауданындағы фермер Сайрамбай Дөненбаев. Ол – бүгінгінің батыры. Олай дейтінім, ауылшаруашылығы саласында тынбай еңбек етіп, нәсібін жер мен малдан тауып, қаншама адамды жұмыспен қамтып отыр. Бұдан өзге туған ауылының гүлденуіне өлшеусіз үлес қосып, әлеуметтік саланың дамуына жағдай жасауда. Сондай-ақ, оның Астана қаласының төңірегінде тетігін тапқан тірліктері қаншама?! Осы азамат секілді шаруалар мемлекеттік қолдауды барынша тиімді пайдалануы қажет. Сонда ғана экономика дамиды.
– Бұрынғы Луговой ауданына әкім болып тұрған кезіңізде аймаққа Алаш қайраткері Тұрар Рысқұловтың есімін беруде үлкен шаруа атқарғаныңызды ел ұмыта қойған жоқ. Осы тарихи шешімнің қалай қабылданғанын өз аузыңыздан естісек…
– 1997 жылдың маусым айында мені Луговой ауданының әкімі етіп тағайындады. Мұндай үлкен жауапты жұмысты бастар алдында мен ауданның ақсақалдар алқасының, еңбек және соғыс ардагерлері кеңесінің мүшелерімен және бір топ ауданның Құрметті азаматтарымен кездесіп, ақ баталарын алған едім. Сол кездесуде көп жылдан бері халықтың ойында жүрген, шешімі табылмай келе жатқан бірқатар өтініш-тілектер айтылды. Соның ең бастысы ауданға қазақтың бір туар перзенті, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың атын беру болатын. Жалпы, бұл мәселені 1989 жылы 24 маусымда ХХ шақырылған халық депутаттары Луговой аудандық кеңесінің ІХ сессиясында арнайы қарап, «Луговой ауданы – Т.Рысқұлов ауданы, Луговой поселкесі – Түркісіб поселкесі» деп аталсын деген шешім қабылдаған екен. Және ол кездегі аудан, облыс басшыларынан бұрынғы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің президиумы алдына осы мәселені қою сұралған. Бірақ, Жамбыл облыстық кеңесінің сессиясында бұл мәселе күн тәртібіне шығарылмай, елдің ұсынысы ескерусіз қалып отырған. Ол жайында республикалық газеттерде сол кездегі белгілі журналист Басқар Битановтың бірнеше проблемалық мақаласы жарық көреді. Мен аталған ауданға барғаннан кейін облыс басшыларына халықтың көп жылдан бергі осы арман-тілегін жеткізу, ел қалауын шешу ісі аманат етілді. Осылайша, облыстық «Ақ жол» газетінің 1997 жылғы 16 тамыздағы санында «Облыстық мәслихат назарына» деген айдармен ел ағаларының «Ел қалауы – Т.Рысқұловтың есімін беру» деген көлемді мақаласы шықты. Содан көп ұзамай, аудан әкімінің, аудандық мәслихаттың, кейінірек облыстық мәслихаттың оң шешімдері қабылданды. Ал, 1999 жылы 11 наурызда – ҚР Президентінің Жарлығымен Луговой ауданына Тұрар Рысқұловтың есімі берілді. Осы хабарды естігенде, халықтың шаттанғанын көргенде, қуанышымызда шек болмады. Елдің қалауымен Құлан орталығына Тұрар Рысқұловтың ескерткіші орнатылды. Кейін оны Луговой станциясындағы алаңға көшірді. Ал, ауданның орталығына қазақтың бір туар ұлы, белгілі мемлекет және қоғам қайраткерінің жаңа ескерткіші орнатылды. Халықтың көп жылғы арман-тілегі орындалғаны үшін біріншіден Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа елдің алғысы зор. Сондай-ақ, сол кездегі ауданның ұсынысын қолдаған облыс басшылары Амалбек Тшанов, Сарыбай Қалмырзаев пен Серік Үмбетовке де жұрт дән риза.
– Жасыратыны жоқ, бүгінде қоғамда мемлекеттік қызметкерлер туралы әртүрлі ойлар айтылып жатады. Осы салада талай жыл тер төккен маман ретінде бұған сіздің пікіріңіз қандай?
– 2005 жылы мемлекеттік қызметшілерге байланысты кезекті реформа қолға алынды. Ал, 2011 жылы мемлекеттік қызметтің жаңа тұжырымдасы бекітілді. Осыған орай, көп жұмыстар басталды. Бүгінде А және Б корпусы деп жатамыз ғой. Негізінен, қазіргі жүйе тиімді болып табылады. Мүмкін кей жерлерде кемшіліктер бар шығар?! Мәселен, бір мемлекеттік органда отырып, қызметін ауыстыратын болса, оның орнына конкурс жарияланады. Меніңше, қайта-қайта конкурс жариялай бергеннің орнына рұқсат беру, келісу тәртібін енгізген тиімдірек. Бұл тәсіл бұрын болғанымен, жалпылама өтетін. Қазір сол салада өзгерістер болса, еш конкурссыз-ақ бекітіле берсе деген ұсынысым бар. Мұндай қадам жұмысты жеңілдететіні хақ. Конкурс талаптары жергілікті басылымдарға жарияланады. Құжат тапсырудың да өзіндік мерзімі бар. Сонымен бірге, басшы қол астындағы қызметкердің қарым-қабілетін білетіндіктен, кімнің қай орынға лайық екенін өзі шешсе жөн болады.
– Қазір түрлі қоғамдық кеңестердің мүшелі­гі­нен бөлек, «ЖАҢАРУ» сыбайлас жем­қор­­лық­қа қарсы жалпыұлттық қозғалы­сының облыстық филиалын басқарасыз. Жалпы, жең ұшынан жалғасқан жемқорлық қашан түбегейлі жойылады?
– Статистикалық мәліметтерге қарасақ, былтыр облыста осы бағыттағы қылмыстық істердің саны алдыңғы жылға қарағанда 32 пайызға кеміген екен. Сыбайлас жемқорлыққа жол берген 176 адамға қатысты іс қозғалды. Бүгінде өңірде ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің қызметкерлері ауқымды жұмыстар атқарып жатыр. Қазіргі саясат – осы індеттің алдын алу. Балабақшадан бастап түрлі мемлекеттік органдарға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп отырады. Бұл үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы профилактикалық басқарма ашылды. Әрине, олар жұмыс істеуіндей-ақ істеп жатыр. Бірақ, бұл іспен қоғам болып бірігіп, тірлік қылмасақ нәтиже шығару қиынырақ. Мәселен, еліміз жемқорлық фактілері бойынша өткен жылдың қорытындысымен 122-орында тұр. Оған қалай мақтанамыз?! Дейтұрғанмен, бір жылдың ішінде 9 позицияға жақсарғанымызды жоққа шығара алмаймын. Бұрын мұндай болмаған. Ендігі мақсат осы жолдан танбауымыз керек-ақ. 2016 жылы өткен «Нұр Отан» партиясының съезінде партияның сайлауалды бағдарламасы бекітілген болатын. Аталған бағдарламада 2021 жылға дейін еліміздегі сыбайлас жемқорлық деңгейі жақсарып, 50-орынға тұрақтау керектігі айтылған. Осыны барлығымыз білуіміз қажет. Осы орайда, «ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жалпыұлттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстағы филиалы барша қоғамның белсене қатысуымен ғана жемқорлықтың кез келген көрінісін азаматтардың нөлдік төзімділігі жағдайында ғана жоюға болатындығын алға тартып жүр. Жалпы, бұл қозғалыстың құрылғанына биыл 5 жыл толуда. Қазір бірлестік еліміздегі жемқорлыққа қарсы ықпалды қоғамдық күшке айналды.
– Әрбір адамның өзіне тән ғұмыр жолы, тіршілік баяны бар, бірақ еткен еңбек, көрген бейнет, татқан зейнет, алған асу, жеткен биік әркімнің өмірінде әрқилы. Оны сырт көз өздерінше бағалап та жатады. Сондағы жалпының іздейтіні біреу: ол – кісілік келбет, азаматтық тұлға. Сізді тұлға ретінде қоғамдағы нендей ойлар толғандырады?
–Елбасының «Әлем. ХХІ Ғасыр» манифесінде айтылған тұжырымдар барлығымызды ойландыруы тиіс. Барша қазақстандықтар Мемлекет басшысының осы саясатын қолдап, еліміздің бейбіт заманда өмір сүруіне жағдай жасауы керек. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының құндылығы жоғары. Себебі, қоғам бұзыла бастаған уақытта жарық көріп, осының аясында көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Жалпы, идеология ақсаса, соңы жақсылылыққа алып бармайды. Осы орайда аталған мақаладағы көтерілген мәселелердің маңызы өте зор.
Ал, мені ерекше толғандыратыны – ол әлеумет­тік желідегі дүмпулер. Бұл қорқатын нәрсе. Әлеуметті әлекке салып отырған әлеуметтік желілер жастарды ұлттық болмысымызға сай емес дүниелерге еліктіріп, ұлттық болмыстарынан айыруға әкелуі мүмкін. Өйткені, қазір барлығының ақылшысы сол интернет пен әлеуметтік желі. Сондықтан жастарды бұзатын, жат нәрселер орналасқан желілерді мүлде жауып тастаған жөн. Мысалы, Өзбекстанда бейберкет жұмыс жасайтын сайттардың жолы кесілген. Бұл бастама бізге де ауадай қажет.
– Қазіргі таңда қоғамның басты қозғаушы күші болып табылатын жастарға көңіліңіз тола ма?
– Біздің көзқараспен қарайтын болсақ, бүгінгі жастардың арманы жоқ. Оларға мемлекет тарапынан жасалып жатқан жағдай өте жоғары деңгейде. Тіпті, қазіргі қазақ жастарына әлемнің кез-келген жеріндегі беделді оқу орындарында білім алуларына болады. Бүгінгінің жастарына тек іздену қажет. Бұл үшін оларға мектеп жасынан бастап мүмкіндік берілуде. Мәселен, Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесі мемлекеттік мектептер үшін бірыңғай стандартқа айналдырылмақшы. Балаларды мейлінше сұранысқа ие мамандықтарға бейімдеп, кәсіби тұрғыда бағдарлау орта мектептердің өзінде жүргізіледі. Демек, оларға қолдау артпаса кеміп жатқан жоқ. Дегенмен, олардың еліктеушілігі алаңдатпай қоймайды.
Ал, жалпы жастардың талпынысына көңілім толады. Бір ғана мысал, ауруханаға барсаңыз қолдары алтын, білікті жас дәрігерлер жүр. Сұрай қалсаң, олар мемлекеттік саясаттың шарапатын көріп, шетелде білімдерін жетілдіріп келген мамандар. Осы жағы көңілге демеу береді.
Келесі жылды Президентіміз «Жастар жылы» деп жариялады. «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты мен жастарға сенемін!» деп Мағжан Жұмабаев айтқандай, мен де еліміздің келешегі жастарға сеніп, оларға үлкен үміт артамын.
– «Адам ұрпағымен мың жасайды» дейді дана қазақ. Сөз соңында, отбасыңызға тоқ­та­лып өтсеңіз…
– Уақытында талай жерде басшылық қыз­мет­терді абыроймен атқардық. Осы үшін әке-шешімізден бөлек, елдің алғысын да алдық. Төңірегімде жақсы адамдар болды, қазірде жүр. Бірақ, белгілі биікке шықтым деп айта алмаймын. Есесіне, әке-шешеме жаман сөз айттырмадым. Мен мұны балаларымнан да күтемін. Өзімнің екі балам әкемнің қолында өсті. Ал, кенже балам өз қолымда өсті. Айта кететінім, үшеуі де заңгер мамандығын алып шықты. Екі үлкенім өз салаларында қызмет атқарып жатқанымен, кіші балам кәсіпкерлікке бет бұрды. Қазіргі таңда Алматыда тұрады. Кезінде оларды өсіріп жетілдірсек, қазір немерелерімді ойлайтын халге жеттік. Олардың алды бүгінде Біріккен Араб Әмірлігінде жұмыс жасап жатыр. Оған да шүкіршілік етемін. Енді бірі магистратурада оқыса, тағы бірі стюардесса ретінде ел аралап, халыққа қызмет көрсетуде. Немерелерімнің болашағы жарқын болса, маған одан басқа бақыт жоқ.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.