Салиқалы жиында салмақты ойлар айтылды | arainews.kz

Салиқалы жиында салмақты ойлар айтылды

220

Өткен апта соңында Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында «Eldik elge bailanysty» қоғамдық форумы ұйымдастырылды. Аталған форум спикерлері жаңа технологиялар дәуірінде ұлт болып ұйысу, ынтымақ пен бірліктің бағасын білу,  күнделікті жиын-тойларда  ысырапшылдық пен мақтангершілікке жол бермеу және ұрпақ тәрбиесінің ең өзекті мәселелері турасындағы ойларын ортаға салды.  

Қазақтың арғы-бергі тарихы мен бүгінгі бет-бейнесі, жаңа ғасыр бедеріндегі ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрдің, өмір сүру дағдысының бағыт-бағдары төңірегінде пайымды пікірлер айтылған форумды облыстық мәслихаттың депутаты Масат Берік ашып, жүргізіп отырды.

Форумда алғаш болып сөз алған облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Мейрамбек Төлепбергеннің сана мен мәдениет, ұлт бірлігі, даңғазалық жайындағы оралымды ойлары көпшіліктің көкейінен жол таба алды.

– Қоғам да, адамдар да өзгерді. Сана мен мәдениетке байланысты мәселе көбейді. Сондықтан бүгінгі қоғамдық форум форматындағы басқосу қажет дүние. Келешек қоғам мен ұрпақ үшін ұялмайтын сөз айтуға тырысайық!

Қазақ халқы бар жиделі ғұмырында ынтымақ пен бірлікке ынтызар болып, жалауын төмендетпеген  халық.

Біздің мұхиттың шар айнасындай өмірімізге, күнделікті тірлігімізде, оның ішінде сан белесті бағдары бар болашағымызға – ынтымақсыз, бірліксіз, өзара татулықсыз бара алмайтынымыз ақиқат.

Халқымыздың басынан өткен небір алапат шайқастар, тар жол тайғақ кешулерде – осы ынтымақ пен бірліктің серік болғаны белгілі.

Өйткені, осы асыл дүниелер – кешегі ұлы бабалардан қалған бағасы жоқ теңдессіз аманаттар.

Ал, еліміз Тәуелсіздігін алған шақта бірлік пен ынтымақ ұлттық иделогиямыздың тірегіне айналып, мызғымас құндылық биігіне көтерілгені айқын. Бүгінде «бірліктің жалауын көтеріп, шын жанашыры» болып кейбір егде кісілермен қатар естияр азаматтар кездескен шақта «руың қайсы, ат мінген атаң кім, жерің қайда?» деген сұрақтардың астына алары заманның дертіне айналып бара жатқан қынжылтады, –деді Мейрамбек Мылтықбайұлы.

Мұнан әрі спикер өз сөзін қазақы дәстүрдегі бала тәрбиесі, той мәдениетіндегі даңғазалық туралы ойларымен жалғады.

– Тоқсан тоғыз түйіннің бір ұшы – отбасындағы бала тәрбиесімен өрілмеуші ме еді. Отбасы қалай десек те тәрбиенің негізі қалыптасатын ордалы мекен, киелі орын. Қазақ баласын – ұл немесе қыз деп бөлмеген. Бірақ, дәл өрілген мақал-мәтелдерімен, тағылымы мол аңыз әңгімелерімен ұл балаға бөлек, қыз балаға бөлек тәрбие бере білген дана халық.

Ал, бүгінде осы бір ұлы қасиеттерден арамыз алшақтап бара жатқандай күй кешіп жүрміз.Кейде той мәдениеті туралы сөз қозғап, оның әбден жаттанды,жұртты ығыр қылған жағын айта қалсақ «Қазақ шаршаса тойдан шаршасын, Тәңірім халқымды осындай той-думаннан айырмасын» деп тереңіне мән бермей, көңіл көтеретін тұстарын алдыға шығара саламыз.

         Әңгіме — осы  бізде даңғазалық етек алып бара жатқан жоқ па? деген сауалға келіп тірелетін көп жағдай туралы туралы болып отыр. Иә, біздің бабаларымыз бір заманда атақты байға ас беріліп, 620 жылы, 200 қой жұмсалған екен, деген деректі білеміз. Ат бәйгесіне 100 жылқы тігілген деген сөз де рас. ХІХ ғасырда Ерейментауда өткен Сағынайдың асында жұмсалған шығын әйгілі Тәж Махал мавзолейін салуға жұмсалған қаржымен пара-пар түскендей екен. Қазір де аста-төк дүниені шашып жатқандар аз емес.

Бұл қарапайым халыққа қалай әсер етеді. Мұны да ойлап қою керек шығар, –деді халық қалаулысы Мейрамбек Мылтықбайұлы.

Бүгінде қоғам назарын ерекше аударар мәселенің бірі жастар саясаты екені белгі. Заман ағымымен мың құбылған жастардың ой-өрісі, таным түсінігі тым басқа. Ел ертеңі саналатын өрендердің ертелі кеш смартфондар мен компьютерге үңіліп, тәлім-тәрбиені, үлгі-өнегені ғаламтордан алып жатқаны да жасырын емес. Осы бір өткір мәселеде дәстүрлі қазақ қоғамының айнымас бөлшегі саналғанымен бұл күндері желісі үзілген жастар тәрбиесінде қариялардың ықпалын күшейту қажет-ақ. Форумда сөз алған еңбек ардагері, баталы қария Әбілқасым Ергебековтің де ойы осы төңіректе өрбіді.

–Халқымызда «Қариясы бар үйдің – қазынасы бар» деген даналық сөз бар. Біздің қоғамда жастың да, қарияның да орны ерекше. Елдің келешегі, жастардың дұрыс қалыптасуы орта буынға да, қарияларға да байланысты. Қоғамда қариялардың рөлін көтеру маңызды деп білемін.

Кәрілік адамды қартайтпайды. Адамды қол қусырып отырған қартайтады. Жастар тәрбиесіне мән бермеген, жастарға жол сілтемеген кәрілік –зая кетеді. Бала тәрбиесінде ұсақ дүние болмайды. Балаға ұл, қыз демей өздеріне өздері қызмет етуді жастайынан үйрету керек. Еңбекқорлық содан қалыптасады. «Маңдайы терлемегеннің қазаны қайнамас» деген қағиданы ұғындыруымыз қажет.

Бүгінде мемлекет тарапынан жастарды қолдаудың барлық тетіктері қарастырылған.  Жастар жылында қайтарымсыз несиелердің берілуі, жастар арасында кәсіпкерлікті дамыту бойынша қыруар жұмыс бар. Осы жұмыстың басы-қасында жүрген ақылды, зерек жастардың таудай талабы қуантады.

Десе де бір дүние ғана көңіліме кірбің түсірді. Бұл жастар арасында өз өзіне қол жұмсаудың жоғарылап отырғаны. Бұл не кесапат? Әлде тәрбиенің, баланы қиындыққа төзуге үйретудің әлсіздігі ме? «Сәби таза тақта, сол тақтаға не жазсаң соны оқисың» дейді Аристотель. Сол таза тақтаға ғибрат пен тәлім жаза алмаған қоғамның індеті ма? Расын айту керек бүгінгі қоғамда кейбір ата аналарға да тәлім керек. Осы мәселеге уақыт оздырмай әсер етуіміз қажет деп ойлаймын, –деді қария.

Ал «һибатула Тарази» облыстық орталық мешітінің наиб-имамы Бақтияр Әміреев көпшілікті қайғы қуанышта ас та төк дастархан жайып, қала берді дүниеден қайтқан кісінің басына белгі қоюды бәсекеге айналғандардың әрекетіне тыйым салуға шақырды. Әрі бұл тұрғыда қадым заманнан қолданыста жүрген халқымыздың әдет-ғұрпы мен өмір сүру жоралғысы мысал етіп, құдайы тамақ берудің Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы ұсынған ас мәзірімен таныстырды.

Тағылымы мол жоралғыларды берік ұстанған халқымыз ешқашан ысырапшылдыққа  жол бермеген. Ысырапшылық – Алла Тағаланың сүймейтін іс, оның  зияны мен зардабы көп. Бір өкініштісі, соңғы кезде көптеген салт-жоралғылар мен діни рәсімдер шектен шығып, шариғаттан алыстап барады.

Дүниеден бір кісі өтсе, оны ақтық сапарға шығарып салу –мұсылмандардың міндеті. Бірақ көпшілігіміз мал-дүниемізді қайтыс болған жандар үшін емес, жұрттың мақтау сөзі үшін сарп етіп жатқандаймыз.

Осы ретте Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы садақа, құдайы тамақ берудің ас мәзірін бекітті.

Мәзірге бауырсақ, жеті нан, тары, құрма, қант, кәмпит, сары май, шай, өрік, мейіз, қаймақ, ет пен күріш кіреді.  Бұл жөнсіз ысыраптың алдын-алудың бірден-бір жолы, –деді Б.Әміреев.

Қоғамдық форумда көтерілген мәселелердің негізгі үлесі ұрпақ тәрбиесінің еншісіне тиді. Текті ұл мен қыздың тәрбиесін талбесіктен, отбасы-ошақ қасынан бастау керектігі жайында байламды пікірді ардагер ұстаз Кәмилаш Ахметжанова айтты.

– Әр отбасының алғашқы ұстазы — ол ата-анасы. Ұлын ұлықтап, қызын үкілеп ұлтымыздың асыл дәстүрімен өскен бала, отбасының қуанышы ғана емес, еліміздің зиялы азаматы болып өсуі анық.

Тараз қаласының тұрғыны болғаныма 30 жылдан асыпты. Соңғы екі жылда өзгерген Тараздың сәулеттік келбетіне көз сүйсінеді. Қала ерекше көркейді. Ұлттық нақышы түбегейлі өзгерді. Мен Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында тақталардан Ұлы Отан соғысының құрбаны бауырым мен әкемнің есімін оқығанда, көзіме жас алмай тұра алмадым. Облыс халқына осындай естеліктерді сыйлау,  ұлтын сүйген азаматтың  ғана қолынан келетін игі іс.

   Осы жақсылықты ұзақ мерзімге  сақтап қалу үшін әр адам келеңсіз жағдайдың қасынан үндемей өту ақылға қонбайтын нәрсе. Оны талайымыз көріп те жүрміз. Сондықтан, жастарға жөн сілтеп айта жүрейік.

   Ұрпағымыздың санасына ұлттық рухымызды сіңдірсек, тілі мен дінін қадір тұтар намысты ұл, инабатты қыз тәрбиелесек, ізгілікті қоғам жасай аламыз,–деді ардагер ұстаз.

Ұстаз ойын облыстық мәслихаттың депутаты Асаубай Майлыбаев та құптады. Өз сөзінде спикер ұлт үшін өзекті саналатын ұрпақ тәрбиесін Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен қатар ұштастырудың маңызы зор екендігіне баса назар аударды.

–«Рухани жаңғыру» – өмір сүру дәстүріміздің, елдік шежіренің 62 тамыры. Өкінішке орай бізде осынау терең түсінікті қабылдау жағы әлі де әлсіздеу. Тұтас қоғамның санасына сілкініс әкелуі керек бағдарламаның негізгі мән-мазмұны құр даңғаза, ұранбайшылық, оңды-солды ойқастаған ойын-сауықтардың қалтарысында қалып жатыр.

Жалпы шын мәнінде қай тұрғыда, қалай жаңғыруымыз керек? Бұл бәрімізді ойлантуы қажет. Ең әуелі тарихи тамырымыздың өзі тудырған ерен ерліктердің, жасампаздықтың, пайым-парасаттың пәрменімен жақсылық жасалып, ғасырлардан ғасырларға жалғаған ұлттық рухани құдіреттің жаппай санаға сіңіруімен ғана жаңғыра аламыз. Бұлай болмағанда адамды мезі қылатын айғай сүреңнің айналасында қала береміз.

Біздің Таразда өткенді өмірге әкелудің біраз тамаша үлгілері дүниеге келді. Бір ғана «Даңқ» залын алыңыз еңсесі биік, ерліктің шежіресі. Құрылысы жүріп жатқан «Шахристандағы» облыстық «Руханият» орталығын алыңыз. Облыс тарихының барлық құндылықтарын бойына  сіңірген заманауи сәулет. Міне бұл «Рухани жаңғырудың» ең басты сұранымдарына сай келетін үлкен шаруа.

«Рухани жаңғыру» қоғамның өткеніне  сабақ алып, адамдық тұрғыдан тазаруы. Олай болмағанда адам санасына сыймайтын құбылыстар орын алады. Мәселен 2015 жылғы статистика бойынша Жамбыл облысында 350 қыз бала мектеп партасында отырып ана атанған. Айтуға ауыз бармайтын осы бір мәселеге біз мектепті, ондағы педагогикалық ұжымды кінәлаймыз.  Ал шын мәнінде қазақта «Қызғы қырық үйден тыйым» деген аталы сөз бар емес пе? Ойланайықшы, бір ғана осы мәселеге жол бермеу үшін біз не істедік? Қоғам не істеді? Бұл өте сорақы нәрсе, – деді А.Майлыбаев.

Форум барысында ұлттық құндылықтар, той мәдениетін заман ағымына қарай бейімдеу, әлеуметтік желіні кәдеге жаратудың әдебінен аттамау секілді мәселелер де қаузалды.  Бұл орайда «Асыл арман» ұлттық дәстүр  мен өнерді қолдау» қоғамдық  бірлестегінің төрағасы Ринат Нұрақбаевтың ұсыныстары да қызу қолдауға ие болды.

–Бізде аса көңіл бөлуді талап етіп отырған мәселе ұлттық құндылықтар, соның ішінде, дәстүрлеріміз бен ұлттық санаға деген жанашырлықты күшейту болып отыр. Олай дейтінім, қазіргі өркениттік ағынмен араласып, ұлттық тынысты тарылтатын ақпараттық толқындар, діндегі бұрмалаушылық, тіл мен ділге деген жауапкершіліктің әлсіздігі  тағысы тағы айтарлықтай кемшіліктер бар. Бұл кемшіліктерге тойтарыс беретін төте жол  –ұлттық тәрбиені күшейту деп білемін!

«Той мәдениеті – ұлт мәдениеті». Бұл орайда жүйелі жұмысты қолға алған Меркі ауданын мысал еткім келеді. Өткен жылдың қазан айынан бастап Меркі ауданы әкімдігі той мәселелерін дұрыс жолға қойды. Қазір Меркіде той 19:00-24:00 аралығында ғана болып жатыр. Осы арқылы ең бірінші халықтың қазынасы саналған той берекесін кетірмеу, уақытты тиімді пайдалану, құқық бұзушылықты болдырмау, той қызметкерлерінің еңбегін жүйелеуге қол жеткізілді. Бұл бастаманы баршаға ортақ ету керек. 

Баршаға мәлім XXI ғасыр әлеуметтік желінің ақырған бурадай әбден күшіне мінген кезеңіне айналып тұр.  Осындай өлара кезеңде ұлт болып сақталып қала аламыз ба, жоқ болып жер бетіне тараламыз ба деген сауал, кез келген саналы ұлттың басты проблемасына айналып үлгерді. Ұлттық идеологиясы мықты мемлекеттер етек-жеңін жинақтап, алдын-артын сараптап, сананы жаулаған сиқыршы – күштің алдында қасқайып тұруға әрекет жасауда. Бұл бейберекетсіздікті заңмен тұсауға – демократия деген жалған ұран тосқауыл. Соның салдарынан әлеуметтік желі – үлкен күшке иелік етуде. Сол себептен де әлеуметтік желі арқылы жалған ақпарат тарататындарға, ар-намысқа тиетіндерге, билікке тіл безейтіндерге қарсы бұлтартпас бір заң керек сияқты, –деді Ринат Нұрақбаев.

Ал дәрігер Сағындық Ордабеков ХХІ ғасырдағы әлемге күллі қазақты танытудың тетігі ұлттық құндылық екендігін алға тартады.

– Ұлттық құндылық – ұлттың тірегі! Өз тарихын терең ұғынып, ұлттық құндылықтарын шын бағалай білетін халықтың ғана болашағы мәңгі болмақ. Бүгінгі жаһандану дәуірінде кез-келген ұлтты сақтап қалатын дүниелер — сол ұлттың төл тарихы, мәдениеті мен тілі екені анық.

Ұлттың құндылығының ең маңыздысы, ең қазынасы – тіліміз деп айтсам артық айтпаған болар едім. Тілі жоқ халық, тілін құрметтемеген, білмеген халық – өлі халық. Бұл менің тіл турасындағы өте ащы ұстанымым, –деді С.Ордабеков

Форум спикерлерінің ізін ала сөз тізгіндеген Батырбек Құлекеев те той мәдениеті мәселесіне айрықша тоқталып, ондағы даңғазалық пен бос мақтангершіліктің  дәурені өткенін жеткізіп, заман ағымымен мұндада әлемдік тәжірибенің озық үлгісін мәселесін тілге тиек етті.

Жиынды облыс әкімі Асқар Мырзахметов  қорытындылап, форум қатысушыларының облыс жұртшылығына үндеуін жариялады.

Форумда көтерліп отырған мәселелердің қай-қайсының болмасын өзектілігіне күмән жоқ. Ел боламыз десек осындай айтылған мәселелердің түйінін тарқатуға жұрт болып жұмылуымыз керек. Әрине көтеріліп отырған тақырып баршамызға қатысты. Дегенмен ең әуелі зиялы қауым, елдің ұйытқысы болып жүрген дуалы ауыз ақсақалдар, абыз зияткерлер бүгінгі форумда айтылған мәселелермен ел арасында шындап айналысуы керек. Осындай форматтағы басқосуларды ел ағалары мен ауыл билерінің басын қосып аудандарда өткізген жөн,– деді Асқар Исабекұлы.

Мұнан өңір басшысы көпшілікті форумда көтерілген мәселелерге баршаның назарын аударуға шақыратын үндеу мәтінімен таныстырды.

«Жаһандық әлеммен қабыспайтын, ұлттың дамуына кедергі келтіріп, ел ішіне іріткі салатын өткеннің кейбір кертартпа дағдылары мен әдеттерінен күні бүгінге дейін арыла алмай отырғанымыз жасырын емес. Олар: жең ұшынан жалғасқан жемқорлық, жершілдік, тамыр-таныстық, жүзшілдік пен рушылдық, ысырапшылдық пен астамшылдық, даңғойлық пен кердеңдік, орынсыз салтанат, қанағатсыздық пен үнемсіздік. Өркениетілікке емес өсекке, зиялылыққа емес зияндыққа, парасаттылыққа емес пасықтыққа, ізгілікке емес ібілістікке жетелейтін мұндай «ғұрыптардан» құтылатын кезең келді. «Іргелі елдің іргесін есер ағым бұзар» дегендей, бүгінгі таңда деструктивті діни ағымдардың ел арасына етене еніп, жастардың санасын улап жатқаны да барша жұртты алаңдатып отырған күрделі мәселе. Бұл үрдістің тамырына балта шауып, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеуде зайырлы білімді ұлттық құндылықтарымызбен сабақтастыра отырып түсіндіру – баршамыздың басты мақсатымызға айналуы тиіс»,- делінген үндеуде.

Көп кешікпей алқа мүшелері осы үндеудің негізінде тағы да ой қосатын болып тарқасты.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.