Сағат Мәдиев пенитенциарлық мекемелердегі жұмысты жандандыруды тапсырды | arainews.kz

Сағат Мәдиев пенитенциарлық мекемелердегі жұмысты жандандыруды тапсырды

31

ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының бірінші орынбасары Сағат Мәдиев жұмыс сапарымен Таразға келді. Сағат Кентайұлы өңірге жасаған жұмыс сапары барысында алдымен түзеу мекемелерін, ондағы тұрғын үй-жайларды, асханаларды, өндірістік аймақтарды және басқа да аумақтарды аралады. Сондай-ақ, пенитенциарлық мекемелерді бейнебақылау жүйелерімен толық қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарға ерекше назар аударды. Бұдан бөлек, еңбекке жарамды жазасын өтеушілерге жұмыс орындарын ұсыну мәселесіне көңіл бөлді.

Нәтижесінде, жабық мекемелерде бейнебақылау жүйесін орнату және сотталғандардың құқықтарын мүлтіксіз сақталуы жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар, жауаптыларға сотталғандар еңбек ететін жұмыс орындарын құру үшін жеке кәсіпкерлерді тарту бойынша жұмысты жалғастыруды жүктеді.

Бұл күні ҚАЖ комитеті төрағасының бірінші орынбасары ел аумағында қауіпсіздігі барынша төмен саналатын түзеу мекемесінде сот үкімімен кінәлі деп танылып, жазасын өтеп жатқан әйелдерді жеке қабылдады. Бұған қосымша, өңірлік ҚАЖ департаменті бастығы мен оның орынбасарларының, түзеу мекемелері сондай-ақ қала мен облыстың пробация бөлімдерінің басшыларының қатысуымен жұмыс кеңесін өткізді.

Жалпы, облыс аумағында әртүрлі мазмұндағы 5 пенитенциарлық мекеме жұмыс істейді. Олардың 4-уі Тараз қаласында, ал 1-уі Жамбыл облысының аумағында орналасқан.

Айта кетейік, Сағат Мәдиев аталған жұмыс сапарының соңында ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Ержан Саденовтың төрағалығымен өткен жиынға арнайы қатысты. Облыстық Полиция департаментінде өткен басқосу барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа арнаған Жолдауында жүктелген міндеттерді тәртіп сақшылары мүлтіксіз орындауы қажеттігі баса айтылды.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.