«Өнерді шексіз сүйсең, кез келген қиындықты жеңесің»

138

Қазақстан эстрадасы жыл өткен сайын жаңа есімдермен толығуда. Әрине, сәт сайын өзгеріп, түрленіп жатқан шоу-бизнестен өз орныңды табу оңай емес. Десе де, талантымен танылып, әншілік қана емес, кино саласында да өзіндік ізін қалдырып жүрген жас өнерпаздарымыз баршылық. Сондай өнер иесінің бірі — Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әншісі Қарагөз Сағынтаймен сұхбатты оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

Ең әуелі әңгімемізді қасиетті өнерге қалай келгеніңізден бастасақ…
– Жалпы, өнер – әр адамның бойындағы белгілі бір құдірет күші секілді. Кейде көңіл құлазыған сәттерде жаныңа медеу болады. Менің қасиетті өнер табалдырығын аттауыма Серік Әбдрайымов есімді досымның көп септігі тиді. Бойымдағы талантты байқаған ол өзінің жекеменшік мейрамханасында ән салуымды өтінді. Оның осындай қолдауынан кейін облыс орталығындағы демалыс орындарында ән айта бастадым. Жанды дауыста ән шырқайтындықтан, өнерім көптің көңілінен шықты. Біліміме келетін болсақ, негізгі мамандығым ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Әншілікке бет бұрғаннан кейін М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың «Мәдени тынығу» мамандығын да тәмамдап алдым.
– «Өнер жолы – ауыр жол» деп жатады. Яғни, бұл сөздің астарында әртүрлі мағына жатқаны белгілі. Ал, сіз өнерді қалай бағалайсыз?
– Жасыратыны жоқ, бүгінде өнер ақшамен бағаланатын болды. Мәселен, бір жобаға қатысып, бағыңды сынайын десең, барлығы қаржыға келіп тіреледі. Ең болмаса таныс-тамырың болуы қажет. Дегенмен, өмірде әділдіктің бар екеніне сенемін. Мен өз талантымды танытып, кастинг арқылы облыстық филармонияға қызметке қабылдандым. Әрине, өнер жолында небір қиындықтар болады. Бірақ, егер сенің өнерге деген махаббатың шексіз болса, онда барлық ауыртпалықты жеңесің.
– Әр әншінің өзіндік стилінің болатындығы белгілі. Сіздің әндеріңіз көбіне қай бағытта?
– Мен белгілі бір бағытпен шектелген емеспін. Шәмші Қалдаяқовтың лирикалық туындыларын орындай жүріп, шетелдің де әндерін шырқай беремін. Оның ішінде жаныма жақыны шығыстың әндері. Бір сөзбен айтқанда, кез келген тыңдарманның талғамына қарай ән шырқай аламын.
– Қоржыныңызда қанша жеке авторлық әндеріңіз бар? Оның ішінде жергілікті композиторлардың туындылары бар ма?
– Мен өнер жолына ең алғаш түскенімде жамбылдық жас сазгер Самат Тоқпановпен бірге жұмыс жасадым. Осы уақытқа дейін оның біршама әндерін орындадым. Сондай-ақ, Қалия Сейтхалыққызы есімді сазгермен байланыс орнатып, «Ана» атты тамаша әнін жеке репертуарыма енгіздім. Бұдан өзге, Алматы қаласындағы Абылай Белтайдың да әндерін ұнатып, орындап жүрмін. Енді Бауыржан Беймаханның әндерін алуды жоспарлап отырмын. Қоржынымда әзірге 10-ға жуық авторлық әнім болса, алдағы уақытта оның санын арттыруды жоспарлаудамын.
– Күні кеше «Алдамашы» атты алғашқы бейнебаяныңыз жарық көрді. Ол қандай әнге және сюжетке негізделіп түсірілген?
– «Алдамашы» Абылай Белтайдың әні. Сөзін Самат Тоқпанов жазған. Бүгінде жеңіл мінезді, сөзінен тайып кететін жігіттер көбейіп кетті ғой. Олар осындай қасиеттерін болмашы нәрсе деп қабылдауы мүмкін. Бірақ, барлығы содан басталатынын ешкім ескере бермейді. Сюжет осындай жағдайларды бейнелейді. Бейнебаянда екі жастың арасындағы сүйіспеншілік негізгі тұздық ретінде алынып, жігіттің алдап, алайда, соңында қос махаббаттың табысатыны суреттеледі. Қапшағайда түсірілген туындыға Батыржан Садықов режиссерлік етті. Бұйыртса, көрерменнің, тыңдарманның көңілінен шығады деген ойдамын.
– Одан бөлек, әлеуметтік желіден киноға түсіп жатқаныңызды көзіміз шалып қалды.
– Жалпы, мен «біреудің істегенін, екінші де істей алады» деген қағиданы ұстанамын. Сол себепті, неге кинода өзімнің бағымды сынап көрмеске деген оймен, Алматы қаласындағы «Қазақфильм» киностудиясының кастингіне қатыстым. Нәтижесінде, алғаш рет «Брат или брак» фильмінде «массовкада» болдым. Көпшілік жай ғана «массовка» деп айтып жатады. Бірақ, бұл әртістің кино саласындағы алғашқы қадамы. Мен де ондай менсінбеушілік болған жоқ. Керісінше, соның өзінде алға талпынып, көрінуге тырыстым. Бұдан соң «Қарасай батыр» телехикаясында шағын эпизодтарда ойнап жүріп, кішігірім рөлдерді сомдадым. Алдағы уақытта «Томирис» атты тарихи фильмге түспекпін. Бұл бағытта жұмыстар жүргізілуде.
– Адам тағдырының тақтайдай тегіс болмайтындығы белгілі. Өмірде кейіген сәттеріңіз болды ма?
– Адам болғаннан кейін өмірдің ауыртпалығын да, қуаныш сыйлайтын сәттерін де қатар көресің ғой. Менің өмір жолымда да қабырғамды қайыстырған жайттар болды. Оның алғашқысы 2005 жылы туған әпкем өмірден озды. Бұл қаза мен үшін өте ауыр соқты. Артынша анамнан айырылдым. Сол сәтте мен үшін өмірдің еш мәні қалмағандай көрінді. Астана мен Алматы қалаларында болып, жан жарамды емдеуге тырыстым. Әйтеуір, қасымнан жақсы адамдар табылып, бұл қиындықтарды жеңе білдік. Жаратқан Иеміз алдағы уақытта жақсылығымен жарылқаса екен деп тілеймін.
– Алда қандай жоспарларыңыз бар?
– Күні кеше жарық көрген бейнебаянымды барынша танытсам деп отырмын. Ол үшін түрлі телеарналармен келісімшартқа отырып, көп жұмыс жасау қажет. Сондай-ақ, бірнеше киноларға түссем бе деген жоспарым да бар. Одан кейін өнер ордасы саналатын Алматы қаласында шығармашылығымды шыңдасам деймін. Бірақ, барлығын уақыт көрсете жатар.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.