«Өнер мен өлең – өмірімнің бөлшегі» | arainews.kz

«Өнер мен өлең – өмірімнің бөлшегі»

313

Елімізде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарла­масы қолға алынғалы бері ұлттық құндылықтарымыз барынша ұлықталып, төл өнеріміздің тынысы ашыла түскендей. Солардың қатарында айтыстың да орны бөлек. Бүгінде сөз барымтасын серік етіп, дарынымен дараланып жүрген жастар да аз емес. Біз бүгін өмірін өнермен өрнектеген сондай замандастарымыздың бірі, жас айтыскер ақын Аруна Керімбекпен болған сұхбатымызды назарларыңызға ұсынып отырмыз.

– Бүгінде айтыс тақырыбы төңіре­гінде әртүрлі әңгімелер айтылып жүр. Дегенмен, дүйім жұрттың алдына шығып, сөз бастау оңай шаруа емес екенін өнер жанашырлары жақсы түсінеді. Ал, сіз айтысқа қалай келдіңіз?
– Мен Т.Рысқұлов ауданы, Тереңөзек ауылының тумасымын. Ең алғаш 7 жасымда «Қуыршағым менің» деп ән айтып, ауылдағы мәдениет үйінің сахнасына шыққаным есімде. Содан ән конкурстарына, мүшәйраларға, театр қойылымдарына, пәндік олимпиадаларға, тіпті, волейболға да қатыстым. Ата-анам бетімнен қаққан жоқ.
Ұстазым Айбек Жайлышұлы менің бойымнан ақындық қабілетті байқап, 13 жасымда алғаш айтыс аламанына қосты. Бірінші рет бақ сынаған додада жүлделі орыннан көріндім. Сол жүлде маған ерекше шабыт берді.
Содан кейін жастар айтысынан мүлде қалмайтын болдым. Бұл жолда Ахметжан Өзбеков, Есет Досалы, Алик Бекмұсаев, Олжас Отар ағаларым жанашырлық танытты. Жылына 16 айтысқа қатысқан кездерім де болды. 9-10 оқитын шағымда республикалық додаларға жолдама алып, жүлделі оралып жүрдім.
2014 жылы оқу бітіріп, Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінде жаңадан ашылған «Айтыс» мамандығына алғашқы студенттердің қатарына қабыл­дандым. Қазақстанның халық артисі Айман Мұсаходжаева басқаратын бұл университетте сахнаға шығатын адам үшін барлық жағдай жасалған. Осы өнер ордасындағы ұстазым Еркебұлан Қайназаровтың ықпалымен 2015 жылы 18 жасымда, бала кезімнен арман болған Жүрсін Ерман ағамыздың үлкен аламанына қосылып, тұсауым кесілді. Содан бері бұйырған додаларда бақ сынап жүрміз…
– «Дәрігерде арыстанның жүрегі, бүркіттің жанары, айдаһардың сұң­ғы­ла­лығы, қыздың саусағы болу керек» дейді Ибн Сина. Ал, өнердің алды – қызыл тіл болса, шыңы – суырып салу. Бүгінгі айтыс ақынын қалай сипаттауға болады?
– Профессор Әуелбек Қоңыратбаев айтыс ақындары жайлы: «Ескі айтыс ақындарында импровизацияның төрт түрлі өнері бар еді. Ол сөз өнері, күйші-домбырашы, ғажап орындаушы, заман, ел жайлы толғайтын үлкен ойшыл, ұстаз болатын» деген екен. Осы төрт қасиет те керек. «Ақын мынандай болу керек» деп ділмарсымай-ақ қояйын, өзімнің де үйренерім әлі көп. Айтысқа шығып отырған кез келген ақынның суырып салып өлең құрауға шамасы жетеді. Осы уақытқа дейінгі тәжірибемнен түйгенім, бірінші орында сөз, сол сөзді жеткізетін мақам, дауыс, әр ойдың мағынасына қарай өзіңді ұстауың, яғни, актерлік шеберлік, сахна мәдениеті, қарсыласыңмен байланыс, халықпен жұмыс, тапқырлық, сән-сымбат, әдемі киім, бәрі де маңызды. Сөзі мірдің оғындай бола тұра, оны жеткізетін дауысы жоқ ақындар да бар. Сондықтан, сахнаға шығатын адам барлық қажеттілікті сайлап, сайдың тасындай болып отырғаны дұрыс деп ойлаймын. Өзімнің мақсатым – айтысты бос әзіл алаңына айналдырып, шоу жасамай, мағыналы, ой саларлық дүние айту.
– Кей-кейде сырға тағып, сы­зыл­­ған қарадомалақтарды көр­ген­де на­мыс­тан жерге кіріп кете жаз­дай­тыны­мыз жасырын емес. Сіздің пайы­мы­ңыз­ша, нағыз қазақ жігіті қандай болуы керек?
– Кей ерде өздігінен үміт солып,
Бүрсиген шуақта да бұғып, тоңып.
Қыз болып туғаным да артық екен,
Жүргенше намысы жоқ жігіт болып, – деген Фариза апамның сөзі ойыма оралып отыр. Кешегі Жанқожа мен Жалаңтөстің, елім деп ет жүрегі езілген Есеттің, қазақтың қайсар ұлы Бауыржан батырдың, қазақтың азаттығы үшін қасық қаны қалғанша күрескен Қайраттардың ұрпақтарына мұндай тірлік жараспайды. Кәрістерге ұқсап шаш өсіріп, сырға тағып, боянып жүрген жігіттер неге өзінің бабаларына еліктемейді екен, неге соларға ұқсағысы келмейді екен? Сондай қызтекелердің әнін тыңдап, шаң жуытпай қорғаштап, ұялы телефонының бетіне суретін қойып жүрген біздің қыздарда да ес жоқ. Өздерінің санасы білсін енді.
Солардың олқылығын толтырып жүр­ген азаматтар да жоқ емес қоғамы­мыз­да. Өз басым жігіттердің бойындағы намысты, ұятты, елге, қыз баласына, ата-анасына деген құрметін, жомарттығын, кеңдігін, бірсөзділігін, уәдеге беріктігін жоғары бағалаймын. «Біздің елдің жігіттері – жігіттердің төресі» деген Есенқұл ағамыздың сөзіне лайық болса екен, біздің елдің жігіттері.
– «Адам өзгерді ме, әлде заман өзгерді ме?» деп өз-өзімізге сұрақ қойып жатамыз. Қоғамды реттеу үшін бізге не керек? Әсіресе, кейінгі кезде белең алған ажырасуды қайтсек тоқтатамыз?
– Адам – қоғамның айнымас бір бөлшегі. Қоғамды реттеу үшін әр адам алдымен өзін жөнге келтірсін. Қоғамда нені өзгерткісі келсе, сол нәрсені алдымен өзі бастасын. Қазақтардың орысша сөйлегенін қаламай ма, өзі таза қазақша сөйлесін. Көшелердің таза болғанын ұната ма, өзі қоқыстарын жинап жүрсін. Қоғамдық көліктерде өзіне жастардың орын бергенін қалай ма, әуелі өзі осылай ілтипат танытсын. Оның осындай істерін көрген жастар немесе өз баласы оны міндетті түрде қайталайды.
Дана халқымыз жетімі мен жесірін жылатпаған халық еді ғой. Әмеңгерлік, төсек жаңғырту деген салты да сол ұрпақтың қамын ойлағандықтан шыққан. Бүгінгі қоғамдағы ерлі-зайыптыларда сыйластық жоқ сияқты, менің ойымша. «Екі алақаның бір-біріне соғылғанда ғана шапалақтың даусы шығады, демек ұрыс та, жанжал да екі жақтың ықпалымен болады» деген сөзі бар еді белгілі жырау, профессор Алмас Алматов ағамыздың. Расында, ажырасу мәселесінде ердің де, әйелдің де кінәсі бар. Олар бір сәттік өздерінің ашуларымен ажырасты да кетті, зардапты балалары шегіп жатыр. Қоғамда әкесіз өскен, отбасында ұрыс-жанжал көп көрген бала бірден байқалып тұрады. Алмас ағамыздың тағы бір сөзі: «Баланың есікті қағып, амандасқанынан – ақ оның қандай отбасынан шыққанын, қандай тәрбие алғанын аңғаруға болады». Сондықтан, шешім қабылдар алдында жанары жәудіреген, жазықсыз балаңыздың алдағы өмірін ойлаңыз. Әкесі мен анасының дастархан басындағы кішкене ғана кикілжіңі баланың психологиясына әсер етеді.
Ал, орамал біздің қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі де бірегейі деп айта аламын. Ақ жаулық қазақ үшін қашан да қадірлі. Алайда, бұрын біздің тұрмыс құрмаған қыздарымыз оранып, жамылып жүрген жоқ қой. Шашбау таққан, бұрымын бес күн өріп, үш күн тараған, тақиясын киіп, ортаның сәні болды. Тарихта болған апа­ларымыздың суретін көрсек те, келін болмайынша орамал тағып тұрғанын байқай бермейміз. Ал, бүгінде намаздың не екенін білмейтін, оразаның қадірін ұғынбайтын кіп-кішкентай бала­пандарымызды қымтап тастағанымыз дұрыс па? Қыз баланың ақ босағасын аттап, келін атанып таққан жаулығы, ол басқа әңгіме. Оған қос қолымды көтеріп келісемін.
– «Қыз мұраты – кету, жол мұраты – жету». Бұйырса, тұрмысқа шыққаннан кейін өнер жолын жалғастырасыз ба?
– Қыз баланың мақсаты – сыйлы келін, адал жар, аяулы ана болу. Барған жеріңді бақытты ету. Ал, енді айтыскер екенмін деп, қырыққа келгенше сахнада жүремін деп айта алмаймын. Алла біледі. Бірақ, өнер мен өлең – менің өмірімнің бір бөлшегі. Тұрмыс құрсам да, бала сүйсем де өнерімді түсінетін азамат жолықса, сахнада айтысып жүргім келеді. Қазіргі айтыстарымда аузыма сыйған сөздерді шамам жеткенше айтып жатырмын. Әр сахнаға көтерілгенімде мән-мағынасы бар ойлар айтуға тырысамын. Орта жасқа келіп, кемелденгеннен кейін не айтатынымды уақыт көрсете жатар.
– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Мақсат БЕГІЛДАЕВ

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.