Облыста өнеркәсіптің өрісі өсуде

Жамбыл облысында былтыр өнеркәсіп саласында 396 млрд. 200 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, жоспар 102 пайызға орындалды. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің үлесі 280 млрд.800 млн теңге. Аймақта өткен жылы химия, металлургия машина жасау және жеңіл өнеркәсіпте айтарлықтай өсімге қол жеткіздік. 

Бүгін облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың алдында есеп берген кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Арнұр Мұхамеджанов саладағы табыстар мен кемшіліктерді атап көрсетті. Жиында өңір басшысы кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтудің жолдарын көрсетіп, аймақта әр бизнес субъектілері мен жаңа кәсіп ашуға ниет білдіргендер жайында толыққанды мәлімет базасын жасақтауды ұсынды.

Жалпы алғанда, басқарма тарапынан атқарылған жұмыстар аз емес. Негізгі капиталға салынған инвестицияның көлемі бойынша жоспар 2 млрд 314 млн. теңгеге асыра орындалыпты. Өңдеу өнеркәсібіне тартылған инвестиция 1,7 есеге артқан.

Десек те, салада әкімдік тарапынан берілген тапсырмалардың орындалмағандары да бар. Мәселен, өңдеу өнеркәсібі экспортының өсімі 2018 жылы 80 пайыз деп жоспарланғанымен, небәрі 38,1 пайызды құрап отыр. Яғни, 61,9 пайызға төмендеп кеткен.Барлық сала бойынша өнім көлемін арттыру бағытында белгіленген жоспарды Меркі, Жамбыл, Сарысу аудандары мен Тараз қаласы орындай алмаған. Облыс әкімі бұл ретте ауданның экономикасын көтеріп, межеленген индикаторды орындау үшін ұсынылған жобаның маңыздылығына талдау жасаудың маңыздылығын атап өтті. Ал талдаудың қорытындысы бойынша анықталған жобаларды қаржыландыру жағын қарастыру қажеттігін айтты. Тағы бір назар аударатын нәрсе, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының тиімділігін тиісті деңгейде жүргізе алмай отырмыз. Бизнесін бастаймын дегендерге қаржылай қолдау құралдары бойынша аталған бағдарлама аясында мемлекеттік кепілдік беру арқылы несиелендіру көрсеткіші төмен. Нақтырақ айтқанда, 6 пайызбен кредит ала алмай жүргендерге қолдау жоқ. Нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасының іске асырылу барысы да осыған ұқсас. Мәселен, бағдарлама шеңберінде 105 жоба былтыр жоспарланған болса, оның нақты несиелендірілгені небәрі 46. Жартысына да жетпейді. Асқар Мырзахметов, басқарма басшысына осы аталған кемшіліктерді ескере отырып, биылғы жұмыс жоспарын басқаша қалыптастыру қажеттігін тапсырды.

Сондай-ақ, кәсіпкерлер мен инвесторларға қолдау көрсету орталығының бір жылдық есебі мен алдағы жоспары тыңдалды. Орталық биыл 16 индикатор, 13 бағыт, 17 жоба, 60 бастама және 313 іс-шараларды жүзеге асырамыз деп отыр. Құны 114,1 млрд теңге болатын 22 жобаны іске асырмақ ниетте. Оның үшеуі шетелдік инвесторлардың қатысуымен жүзеге аспақ.

Аймақта индустриалды аймақ құру мәселесі әлі күнге шешілген жоқ. Кәсіпорынның қуаттылығы, мүмкіндігі, проблемасы, оны шешу жолдарына баса мән берілуі тиіс, деді әкім. Ең маңыздысы, облыста кәсіпкерлерге қатысты дерекқор құрып, базасын жасақтау тапсырылды. Онда әр бизнес субъектілері жайында толыққанды мәлімет пен кәсіп бастаймын деушілер жайында деректер қамтылуы тиіс. Осы іспен неғұрлым ертерек айналысу міндеттелді. Базарлар, заңсыз сауда орындары мен қала көшелерінде біртипті дүңгіршектер қою сынды мәселелер күн тәртібінен түспек емес. Бұдан өзге басқарма мен кәсіпкерлік саласына қатысты құзырлы мекемелерге бірқатар хаттамалық тапсырмалар жүктелді.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.