Нұр себеле, Ұлыстың ұлы күні | arainews.kz

Нұр себеле, Ұлыстың ұлы күні

122

Бүгін Т.Рысқұлов ауданының әкімі Е.Садырқұлов ауданның құрметті азаматтарын Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесімен құттықтады. Ұлы Отан соғысының ардагерлері Асубай Сүлейменов пен Шалданбай Шанбаевтың отбасыларына арнайы барып құттықтап, ерліктің елге мұра, ұрпаққа үлгі екендігін айта келе, Отан үшін кеудесін оққа тосып, бейбіт өмір сыйлағандары үшін қарт жауынгерлерге рақмет айтты.
«Күміс алқа» иегері Сағыныш Ыдырысованың және жалғыз басты әке Мұрат Алимхановтың шаңырақтарында болып қайтты. Оларға отбасы құндылықтарын насихаттап, жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтарды, ата — бабамыздың салт — дәстүрін, жас ұрпақтың бойына сіңіріп жүргендері үшін алғыс білдірді.
Сонымен қатар, Көгершін ауылында тұратын 108-жастағы Шарманкүл Шымырбаеваны әз Наурыз мерекесімен құттықтады. Өткен ғасырдағы ашаршылық, қуғын-сүргін, соғыс қасіретін өз көзімен көріп, оған куә болған, ғасырдан да ұзақ жасаған әжеміздің өмірі ұрпаққа үлгі. «Қартың – қазынаң» дейді халқымыз. Көп жасап, көпті көрген Шарманкүл әже тәуелсіз еліміздің берік іргесі сөгілмесе екен деген тілегін білдіріп, ақ батасын берді.
Қазақстанда Наурыз құнарлылықты, достық пен махаббатты білдіреді. Қоғамды қамқорлық, мейірімділік жасауға үгіттейтін Наурыз мерекесі қайырымдылық айы болғандықтан, өңір басшысы Е.Садырқұловтың бастамасымен аудандағы 300-ге жуық аз қамтылған отбасыға Наурыз мерекесі қарсаңында қайырымдылық көмек көрсетілмек.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.