№24 мектеп-гимназиясының жаңа ғимараты іске қосылды

177

1қыркүйек — білім күні №24 мектеп-гимназияда екі бірдей қуаныш орын алды. Оның бірі — оқушылар бүгін жаңа оқу жылымен қауышса, екініншісі — мұнда 300 орындық су жаңа ғимарат пайдалануға берілді. Жұртшылықты осындай игі іспен құттықтаған облыс əкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев биыл өңір мектептерінің құрылысына 5 миллард теңгеге жуық қаржы бөлінгенін айтады.
— Елбасымыз Н.Назарбаевтың Жолдауларынан туындайтын міндеттерге сəйкес облыста жаңа білім нысандарын салу бағытындағы жұмыстар облыста қарқынды жүзеге асырылуда. Мəселен биыл 14 білім беру нысандарының құрылысы жүргізілді. Соның арқасында жаңа оқу жылында 9 мектеп пайдалануға берілді. Оның ішінде үшеуі апатты жағдайдағы мектеп болса, тағы осыншамасы үш ауысымдағы, қалғаны оқушы орны тапшылығы бар білім мекемесі болатын. №24 мектеп гимназиясының жанынан жапсарлас соғылған ғимарат құрылысы республикалық бюджет есебінен жүргізілді.
Құрметті ұстаздар, ата-аналар. Жас ұрпақтың сапалы білім, жан-жақты тəрбие алуына жағдай жасау біздің басты міндетіміз. Жыл сайын білім саласын қаржыландыру көлемі артып, мектептердің материалдық-техникалық базасы жақсарып келеді. Бұл Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың тікелей қамқорлығының нəтижесі. Жаңа оқу жылымен тұспа тұс келген қуаныштарыңыз құтты болсын, — деді Е.Дауылбаев.
Салтанатты шарада ғимарат құрылысын жүргізген мердігер компания «Astana UP» ЖШС бас инженері Владимир Понченко құттықтау сөз сөйлеп, аталған мектеп-гимназияның директоры Марина Глатченкоға ғимарат кілтін табыс етті.
Жиын барысында Е. Дауылбаев ғимарат ішін аралап, сынып бөлмелерімен танысты.
Жалпы, мұнда 1403 оқушы екі ауысымда білім алса, оның 175-і білім бағының табалдырығын биыл аттап тұр. Турасын айтқанда жеті бірдей сынып жаңадан ашылып отыр.
Бұрын бұл мектепте асхана деген атымен болмаған екен. Осы мəселе жаңа ғимараттың салынуы есебінен өз шешімін тапқанын айта кетуіміз керек. Спорт залы мен акт залы да заман талабына сай салынып, жабдықталған. Әрбір сынып бөлмелеріне интерактивті тақта қойылған. Орыс тілінде білім беретін мекемедегі тағы бір ауқымды жаңалық — қазақ жəне орыс тіліндегі екі бірдей лингофон кабинеттің ашылуы.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.