Мойынқұм ауданында Ы.Алтынсарин орта мектебінің 40 жылдық мерейтойы аталып өтілді | arainews.kz

Мойынқұм ауданында Ы.Алтынсарин орта мектебінің 40 жылдық мерейтойы аталып өтілді

310

Мойынқұм ауданындағы «Құмөзек» совхозы кешегі Кеңестер Одағы кезінде 12 мың басқа дейін мүйізді ірі қара малын өсіріп, аудандағы ет дайындаумен айналысқан іргелі шаруашылықтардың бірі болған. Алайда ел Тәуелсіздігін алған жылдардағы нарық қыспағы кезінде шаруашылық тарап, елдің жағдайы төмендегені рас. Ауылдан басқа жаққа көшкендерде болды, үйлерде бұзыла бастады. Енді міне кейінгі 4-5 жыл көлемінде бұл ауылдың шырайы кіріп, аудандағы үлгі ауылдардың біріне айналып отыр. Ауылдағы үш қабатты Ы.Алтынсарин атындағы орта мектеп, екі қабатты «Балауса» балабақшасы, орталық Мәдениет үйі, кітапхана күрделі жөндеуден өтсе, дәрігерлік амбулатория жаңа үлгіде салынды. Ауылға таза ауыз су беріліп, жолдар жөнделді, көшеге жарық орнатылды, ұялы байланыс іске қосылды. Ауыл тұрғындары өз үйлерін, қоршауларын жаңалады. Міне мұның барлығы ауылдың үлгілі ауыл болуына жол ашты.
Өткен аптада осы ауылдың 60, осындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің 40 жылдығына байланысты «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Тарихы терең- алтын бесігім» атты мерекелік іс-шара мектеп ауласында жоғары деңгейде өтті. Оған алыс-жақыннан келген қонақтар көп болды. Мектеп ауласына 4 киіз үй тігіліп, мектеп төңірегі, алдындағы алаңқай әсем безендірілген екен. Ертемен мұнда әсем әуен ойнап, ауыл тұрғындары мен қонақтар көтеріңкі көңіл күймен осында жинала бастады.
Мерекелік іс-шараны аудан әкімі Бақытжан Нүркенов ашып, жиналғандарды ауыл мен мектептің мерейтойларымен құттықтады.
— Құмөзек ауылы кейінгі жылдары көркейіп келеді. Ауылдың өсіп-өркендеуіне кешегі шаруашылықта еңбек еткен ата-апаларымыздың еңбегі көп. Сондықтанда бүгінде оларға деген құрмет толастамауы тиіс. Сондай-ақ «Туған жерге туыңды тік» деген бағдарлама бойынша осы ауылдың тумасы, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры, облыстық мәслихаттың депутаты Ерболат Саурықовтың қосып отырған үлесі мол. Ерболат бұл ауыл ғана емес Кіші-Қамқалы ауылындағы Құралай сұлу кесенесінде тұрғызып, халықтың алғысына ие болды,- деген Бақытжан Балтабекұлы еңбек ардагерлері Тұрмағанбет Арыстанбеков, Ұзақ Саурықов, Төлеген Момынқұлов, Төреш Жүнісбеков, Есенаман Абсаматов, Қоштай Ердосов, Сәрсенкүл Жекеева, Майданкүл Жиенбаева, Алтынкүл Сарманова, Рәткүл Көрпебаева, Рәзия Қонысәлиева, Шекер Сатыбалдиеваларға аудан әкімінің Алғыс хаты мен сыйлығын табыс етті.
Бұдан кейін ауылдық округтің әкімі Бағдат Сатыбалдиевте жиналғандарды мерекелерімен құттықтап, шаруашылықта ұзақ жылдар жұмыс істеген еңбек озаттарына Алғыс хат пен сый-сияпат жасады.
Жиында ауыл ақсақалы, осы бас қосуды ұйымдастыру комиссиясының төрағасы, ауданның Құрметті азаматы Байұзақ Саурықов Құмөзек ауылының тарихын қамтыған байыпты баяндама жасады. Онда осы ауылдың өсіп-өркендеуіне атсалысқан азаматтардың аттары аталып өтті. Олардың кешегі шаруашылықта күндіз-түні тынбай еңбек етіп, қоғам малын өсірудегі жанқиярлық еңбектері де айтылмай қалмады.
«Құмөзек» совхозы 1962 жылы ұйымдастырылса, оның алғашқы директоры болған Амансары Әбікеевтің еңбегі мақтауға тұрарлық. Себебі кез-келген жаңадан ұйымдастырылған шаруашылықтың өзіндік қиындықтары болатыны белгілі. Шаруашылықтан бірнеше еңбек озаттары шықса, олардың ішінен аға бақташы болған Тұрмағанбет Арыстанбековке ерекше тоқталды. Тұрмағанбет аға мал басын өз төлі есебінен көбейтуде жоғары жетістікке жетіп, бірнеше мемлекеттік наградаларға ие болған жан. Қазақстан Республикасы Жоғары кеңесінің депутаты болып, ауыл ғана емес, аудан, облыс мақтанышына айналды.
Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебі директорының міндетін атқарушы Қайрат Құрымбаевта ауыл мектебінің тарихы туралы баяндап, мектептің бұрынғы директорлары К.Еркебаев, С.Әшірбеков, Н.Саурықов басқа да ардагер ұстаздарға сыйлық тапсырды.
-Мен ауылымды, оның ішінде өзім білім алған қара шаңырақты ешуақытта ұмытпаймын. Қазір қандай қызметте жүрсем, қандай атақ-абыройға кенеліп отырсам осының бәрі осы мектепте алған білім, тәрбиемнің арқасы деп білемін. Сондықтанда шамам келгенше ауылға, оның ішінде мектепке өз көмегімді аямаймын. Былтыр мектептің күрделі жөндеуден өтуіне ықпал жасасам, артынша мектеп алдындағы осы аллеяны мектепті осыдан 30 жыл бұрын бітірген жастарды ұйымдастырып, іске асырдық. Бұл біздің елімізде қабылданған «Туған жер» бағдарламасы аясында туған ауылымыздың көркеюіне қосқан үлесіміз болмақ. Ал мұндай ілкімді істер алдағы уақытта да жалғасын таба беретін болады. Той құтты болсын, ағайын,- деді Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры, осы ауылдың тумасы Ерболат Саурықов.
Салтанатты іс-шарада білім саласының ардагерлері Сағынбек Әшірбеков пен Сайлаукүл Дулатова да сөз алып, ауылдастарын мерекемен құттықтады. Ұзақ жылдар осы мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып, бүгінде Алматы қаласында тұратын Сайлаукүл мектепке үлкен телвизорды сыйға тартты.
Салтанатты жиын соңы аудандық Мәдениет үйі әншілерінің концертіне ұласты. Мұнда Тараз қаласынан арнайы келген әншілер де жырдан шашу шашып, халықтың ықыласына бөленді.
-Мен совхоз кезінде еңбек ете жүріп, көптеген жиындарға, «Тұлпарсаз», Сарыарқаның «Бөріктал» деген табиғаты тамаша жерлеріндегі малшылардың кеңесіне қатысып тұрушы едім. Шаруашылықтар тараған соң мұндай басқосулар тоқтады ғой. Міне содан бері 25 жыл өтіпті. Бүгінгі ауыл тойы маған сол малшылар кеңесін еске түсіріп тұр. Оның үстіне ауылдан осыдан 20 жылдан аса уақыт бұрын көшіп кеткендер келіп, бір-бірімізбен қауышып жатырмыз. Қандай жақсы. Сый-құрмет жасап жатқандарға да алғыс айтамын. Ауылда осындай ауызбірлік болып, тек жақсы күндер бола берсін. Осы тойды ұйымдастырған азаматтарға да мың алғыс,- дейді байырғы бақташы, ауданның Құрметі азаматы Тұрмағанбет Арыстанбеков.
-Менің ауылдан отбасы жағдайыма байланысты Қарағанды облысының Приозерск қаласына қоныс аударғаныма 20 жылдан асты. Кезінде совхозда автомашина жүргізушісі болып жұмыс жасадым. Бүгінгі той туралы хабар келген соң осында қуанышпен алып-ұшып келдім. Ауылға келмегелі 10 жылдан аса уақыт болыпты. Ауылдағы мектеп, балабақша, дәрігерлік амбулатория, клуб тәрізді сәнді ғимараттар, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған обелиск, асфальт жолды көріп қуанып қалдым. Әсіресе мына мектеп үйі көздің жауын алардай жақсы жөнделген екен. Осында қатар еңбек еткен замандастарыммен қауышып, бір жасап қалдым. Осы тойды өткізуге білек сыбана кіріскен Байұзаққа, оны қолдаған ауыл тұрғындарына алғыс айтамын,- дейді Есенаман Абсаматов.
Түс мезгілінде қаз-қатар тігілген 4 киіз үйде тойға қатысушы барлық азаматтарға ас-ауқат берілді. Көптен бір-бірін көрмеген қариялар дастархан басында біраз қауқылдасып, сағыныштарын басты.
Түс қайта қой, кір тасын көтеру, арқан тартыс, қазақша күрес, ат бәйгесі, салма көкпар, волейбол тәрізді спорттық ойындар болды. Қой көтеруге 10 талапкер қатысса, олардың ішіндегі құмөзектік Бақтияр Амангелді қойды 57 рет көтеріп, сол қойдың иесі атанды. Ал 24 келі кір тасын 50 рет қиналмай көтерген Жамбыл ауылының тұрғыны Мерей Сабырханның мерейі үстем болды. Арқан тартуда құмөзектік 1990 жылы туған жастар командасы барлық қарсыластарын жеңіп, жүлдеге ие болды. Волейбол ойынына 6 команда қатысты. Ойын аса тартысты өтіп, нәтижесінде аудандық мәслихаттың депутаты, Жамбыл мектеп-гимназиясының директоры Нұртас Саурықовтың Құмөзек командасы бірінші орынды иеленді. Ал Мойынқұм, Қарабөгет ауылының командалары екінші, үшінші орындарды бөлісті. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлық берілді.
Түйе палуан жарысына 10 үміткер қатысып, боз кілемде бақтарын сынады. Аса тартысты өткен белдесулерде Мойынқұм ауылынан келген Абай Ерболұлына шақ келер ешкім болмады. Ол барлық қарсыласын алып та, шалып та жықты. Ал бірліктік Ғабидулла Оңалбай екінші, мойынқұмдық Серік Қораласбаевқа үшінші орын бұйырды. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлықты ұйымдастыру комиссиясының төрағасы Байұзақ Саурықовтың өзі табыс етті.
Делебені қоздыратын аламан бәйгесіне 16 ат қосылды. 24 шақырымға шапқан кіл жүйріктер арасынан Қордай ауданынан Зарифулланың тор қасқа тұлпары мәре сызығын бірінші болып қиды. Ал екінші болып мәреге мойынқұмдық Жүгібаевтың «Жұлдыз» атты сәйгүлігі, үшінші болып шулық Штабханның «Алау», ал төртінші болып Жамбыл ауылынан Жұмағұловтың «Қара торғайы» келді. Тай бәйгесі мен тоқ бәйгеде өткізіліп, мұнда да жеңімпаздар тиісті сыйлыққа ие болып жатты. Салма көкпарда әр салымға 10 мың теңгеден жүлде беріліп отырды.
Міне осылайша Құмөзек ауылында ел мерейін тасытқан ерекше той болды. Ал оны ұйымдастырып өткізуде ауыл азаматтары көп жұмыс атқарды. Оларға кезінде осы ауылда басшылық қызмет атқарған, мерекені өткізу жөніндегі комиссияның төрағасы Байұзақ Саурықов көп ақыл-кеңес қосып, елді ұйыта да, ұйымдастыра білгенін ерекше атап өткен жөн.
Құмөзек ауылы халқының бұл ұйымдастырған іс-шарасы басқа да ауылдарға үлгі болуы тиіс.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.