Жамбыл өңірінде жыл санап қант қызылшасының өнімі артып, табыстың қайнар көзіне айналуда. Мемлекет қолдауының нәтижесінде біраз шаруалар жеңілдетілген несие алып, белсене жұмыс атқарып келеді. Шаруаларға мемлекет тарапынан субсидия беріліп, өсімдікті күтіп-баптауға дейін мүмкіндік жасалып отыр. Елбасының жаңа Жолдауы да елімізде агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске асыруға жол ашуда.
Өңірде қант қызылшасын қабылдайтын екі зауыт бар. Оның бірі Тараз қаласында болса, екіншісі Меркі ауданында орналасқан. Жамбылдық диқандар биыл 150 мың тонна қант қызылшасын алуға ниетті. Өткен жылғыдан екі есе өнім алуға талпынған диқандарға облыс тарапынан да үлкен көмек бар. Мәселен, бір килограмм қант қызылшасына зауыт 8 теңгеден төлесе, мемлекет 12 теңгеден субсидия төлейді. Сонда шаруалар үшін бір килограмм тәтті түбірдің құны 20 теңгеден айналып отыр деген сөз.
Қант қызылшасының биылғы қарқынын өз көзімізбен көру мақсатында Меркі ауданына арнайы барып, өңірдегі іргелі шаруашылықтың бірі «Сыпатай батыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен таныстық. Серіктестік басшысы Қанат Шайхиевты да алқап басынан жолықтырдық. Әуелі серіктестік 1 гектар жерден 250 центнер тәтті түбір алуды мақсат етіпті. Уақыт өте келе, бәсекелестікті арттыруға ден қойған шаруашылық мұнымен тоқтамайды.
«Кейін білгенімдей, көрші қырғыз ағайындар 1 гектар жерден 800 центнер қант қызылшасының өнімін алады екен. Тағы бірде алғаш рет мемлекеттік делегация құрамында Қытай мемлекетіне барғанымда, олардың да әр гектардан 1000 центнерден өнім алып отырғанын көрдім. Түркия мемлекетінде болғанымда да осы көрсеткішке куә болдым», дейді Қ.Шайхиев.
Сөйтіп алқапқа ерте көктемде Германия мен Франция мемлекетінен әкелінген «КВС», «Тиссерин» және «Эйдер» сұрыпты жоғары өнімді тұқымдар себіледі. Сонымен қатар тәтті түбір өнімін ұлғайтуды көздеп, жұмыс үдерісін толық автоматтандыру мақсатында өткен жылы 30 миллион теңгеге 11 техника сатып алады. Нәтижесінде «Сыпатай батыр» серіктестігі бір алқаптан 850 центнер өнімге қол жеткізеді. Тұқымды технологиялық дәлдікпен себуді меңгерген шаруашылық төрағасы биыл ешқандай мәселенің жоқ екенін айтты.
«Өткен жылы Францияға барып, олардың мыңдаған гектар жерге қант қызылшасын егетінін көрдім. Оларда қол жұмысы жоқ. Солардан гербицид сатып алдық. Екі агрономы бізге келіп, тәжірибелерімен бөлісті. Ал бізде кішкене болса да қол жұмысы бар. Жыл басында 30 адамды жұмысқа қабылдағанбыз, сол кісілер әлі де жұмыс істейді», дейді Қ.Шайхиев.
Жамбыл облысының жер жағдайы да, климаты да тәтті түбір өсіруге өте қолайлы. Меркі қант зауыты жылына 400 мың тонна тәтті түбір өнімін қабылдай алады. «Сыпатай батыр» серіктестігі биыл 300 гектар жерге қант қызылшасын егіпті. Өнім түсімі жаман болмайды деген үміт бар. Ендігі жоспар биылдыққа 20-25 мың тонна болып отыр екен. Қазірдің өзінде Меркі қант зауытына 20 мың тонна тәтті түбір өткізілген.
«Бүгінде шаруалар үшін мемлекет тарапынан қолдау көп. Облыс, аудан басшылары да тиісті көмегін беруде. Мәселен, мен мемлекеттен екі пайызбен 70 миллион теңге алдым. Екі пайыз деген өте арзан. Нәтижесінде Германия мемлекетінен тәтті түбір жинайтын техника сатып алдық. Бұл техника бір күнде 800 тонна қант қызылшасын тиеп береді. Қуаты 400 гектар жерді қазуға дейін жетеді. Осындай мүмкіндік бар кезде жұмысты жандандыра беру керек. Жалпы, тәтті түбір өнімінен пайда өте мол. Мәселен, бұл мақсатқа 50 миллион теңге салып, 200 миллион теңге алуға болады», деген Қ.Шайхиев келешекте әр гектардың өнімділігін 1100-1200 центнерге дейін жеткізуге болатынын айтады.
Өткен жылы компания күшімен Меркі ауданы, Сұрат ауылындағы «Сыпатай батыр» серіктестігінің 12 гектар қант қызылшасы алқабына азот, фосфор және калийден тұратын нитроаммофос сіңіріліп, далалық тәжірибе жүргізілген екен. Нәтижесінде аталған серіктестік әр гектардан 800 центнер қант қызылшасын алуға қол жеткізген. Бүгінгі таңда әр гектардан 1000 центнерден өнім жиналуда. Биылғы күн райы да шаруаларға қолайлы. Күз мезгілінде жауын-шашын да аз болып, табиғаттың өзі оларға қарасып тұрғандай. Бүгінде тәтті түбір өндірушілерге облыс тарапынан да қолдау аз емес. «Қазір әр тоннасына 12 мың теңгеден төленіп отыр. Облыста қант қызылшасының аумағы жыл өткен сайын ұлғайып келеді. Алдағы уақытта ет, сүт өндіру бағыттарындағы сияқты қант қызылшасын дамыту жолында жұмыс атқаратын бірнеше ірілі-ұсақты қожалықтардың басын біріктіретін қауымдастық құру жоспарда бар. Осындай құрылым арқылы шаруалар қант қызылшасының тұқымын ешбір делдалсыз, бастапқы бағасымен сатып алатын болады. Бұл бастама да жергілікті биліктің жұмысын едәуір жеңілдетуге септігін тигізеді», дейді Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Мәден Мұсаев.
Күз мезгілінің де жуан ортасы болып, тәтті түбірдің жиналу науқаны аяқталуға таяу. Өткен жылмен салыстырғанда өңірде қант қызылшасын егу қарқын алып келеді. Тәжірибе алмасу мақсатында АҚШ-қа кетіп бара жатқан Қанат Шайхиев өндіріске озық технологияны кеңінен енгізу және агротехникалық шараларды қатаң сақтау арқылы мол нәтижеге қол жеткізуге болатынын айтты. Елбасы айтқан бәсекеге қабілеттілік деген – осы.