Қызылша шаруашылығы қарқынды дамып келеді | arainews.kz

Қызылша шаруашылығы қарқынды дамып келеді

254

Жамбыл өңірінде жыл санап қант қызылшасының өнімі артып, табыстың қайнар көзіне айналуда. Мемлекет қолдауының нәтижесінде біраз шаруалар жеңілдетілген несие алып, белсене жұмыс атқарып келеді. Шаруаларға мемлекет тарапынан субсидия беріліп, өсімдікті күтіп-баптауға дейін мүмкіндік жасалып отыр. Елбасының жаңа Жолдауы да елімізде агроөнеркәсіп кешенінің әлеуе­тін толық іске асыруға жол ашуда.

Өңірде қант қызылшасын қабыл­дай­тын екі зауыт бар. Оның бірі Тараз қаласында болса, екіншісі Меркі ауда­нында орналасқан. Жамбылдық диқандар биыл 150 мың тонна қант қызылшасын алуға ниетті. Өткен жыл­ғыдан екі есе өнім алуға талпынған диқандарға облыс тарапынан да үлкен көмек бар. Мәселен, бір килограмм қант қызылшасына зауыт 8 теңгеден төлесе, мемлекет 12 теңгеден субсидия төлейді. Сонда шаруалар үшін бір килограмм тәтті түбірдің құны 20 теңгеден айналып отыр деген сөз.

Қант қызылшасының биылғы қарқы­нын өз көзімізбен көру мақсатында Меркі ауданына арнайы барып, өңірдегі іргелі шаруашылықтың бірі «Сыпатай батыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен таныстық. Серіктестік басшысы Қанат Шайхиевты да алқап басынан жолықтырдық. Әуелі серіктестік 1 гектар жерден 250 центнер тәтті түбір алуды мақсат етіпті. Уақыт өте келе, бәсе­­ке­лестікті арттыруға ден қойған шар­уа­­шы­лық мұнымен тоқтамайды.

«Ке­йін біл­ге­німдей, көрші қырғыз аға­йын­дар 1 гек­тар жерден 800 центнер қант қы­зыл­­ша­сының өнімін алады екен. Тағы бірде алғаш рет мемлекеттік делега­ция құра­мында Қытай мемлекетіне барға­ным­да, олардың да әр гектардан 1000 цент­нерден өнім алып отырғанын көрдім. Түр­кия мем­лекетінде болғанымда да осы көр­сет­кішке куә болдым», дейді Қ.Шайхиев.

Сөйтіп алқапқа ерте көктемде Гер­мания мен Франция мемлекетінен әке­лінген «КВС», «Тиссерин» және «Эйдер» сұрып­ты жоғары өнімді тұқымдар себі­леді. Сонымен қатар тәтті түбір өнімін ұлғайтуды көздеп, жұмыс үдерісін толық автоматтандыру мақсатында өткен жылы 30 миллион теңгеге 11 техника сатып алады. Нәтижесінде «Сыпатай батыр» серік­тестігі бір алқаптан 850 центнер өнімге қол жеткізеді. Тұқымды техно­ло­гия­лық дәлдікпен себуді меңгерген шаруа­шылық төрағасы биыл ешқандай мәсе­ле­нің жоқ екенін айтты.

«Өткен жылы Фран­цияға барып, олардың мыңда­ған гектар жерге қант қызылшасын егеті­нін көрдім. Оларда қол жұмысы жоқ. Солардан гербицид сатып алдық. Екі агрономы бізге келіп, тәжірибелерімен бөлісті. Ал бізде кішкене болса да қол жұмысы бар. Жыл басында 30 адамды жұмысқа қабыл­дағанбыз, сол кісілер әлі де жұмыс істейді», дейді Қ.Шайхиев.

Жамбыл облысының жер жағдайы да, климаты да тәтті түбір өсіруге өте қолай­лы. Меркі қант зауыты жылына 400 мың тонна тәтті түбір өнімін қабылдай алады. «Сыпатай батыр» серіктестігі биыл 300 гектар жерге қант қызылшасын егіпті. Өнім түсімі жаман болмайды деген үміт бар. Ендігі жоспар биылдыққа 20-25 мың тонна болып отыр екен. Қазірдің өзінде Меркі қант зауытына 20 мың тонна тәтті түбір өткізілген.

«Бүгінде шаруа­лар үшін мемлекет тарапынан қолдау көп. Облыс, аудан басшылары да тиісті көмегін беруде. Мәселен, мен мемлекеттен екі пайызбен 70 миллион теңге алдым. Екі пайыз деген өте арзан. Нәтижесінде Германия мемлекетінен тәтті түбір жинайтын техника сатып алдық. Бұл техника бір күнде 800 тонна қант қызылшасын тиеп береді. Қуаты 400 гектар жерді қазуға дейін жетеді. Осындай мүмкіндік бар кезде жұмысты жандандыра беру керек. Жалпы, тәтті түбір өнімінен пайда өте мол. Мәселен, бұл мақсатқа 50 миллион теңге салып, 200 миллион теңге алуға болады», деген Қ.Шайхиев келешекте әр гек­тардың өнімділігін 1100-1200 центнерге дейін жеткізуге болатынын айтады.

Өткен жылы компания күшімен Меркі ауданы, Сұрат ауылындағы «Сыпатай батыр» серіктестігінің 12 гектар қант қызыл­шасы алқабына азот, фосфор және калийден тұратын нитроаммофос сіңіріліп, далалық тәжірибе жүргізілген екен. Нәтижесінде аталған серіктестік әр гектардан 800 центнер қант қызылшасын алуға қол жеткізген. Бүгінгі таңда әр гектардан 1000 центнерден өнім жиналуда.  Биылғы күн райы да шаруаларға қолай­лы. Күз мезгілінде жауын-шашын да аз болып, табиғаттың өзі оларға қара­сып тұрғандай. Бүгінде тәтті түбір өн­ді­ру­­шілерге облыс тарапынан да қол­­дау аз емес. «Қазір әр тоннасына 12 мың теңгеден төленіп отыр. Облыс­та қант қызылшасының аумағы жыл өт­кен сайын ұлғайып келеді. Алдағы уақыт­та ет, сүт өндіру бағыттарындағы сияқты қант қызылшасын дамыту жолын­да жұмыс атқаратын бірнеше ірілі-ұсақ­­ты қожалықтардың басын бірікті­ре­тін қауымдастық құру жоспарда бар. Осын­дай құрылым арқылы шаруалар қант қы­зыл­шасының тұқымын ешбір делдалсыз, бастапқы бағасымен сатып алатын болады. Бұл бастама да жергілікті биліктің жұмысын едәуір жеңілдетуге септігін тигізеді», дейді Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Мәден Мұсаев.

Күз мезгілінің де жуан ортасы болып, тәтті түбірдің жиналу нау­қаны аяқталуға таяу. Өткен жылмен салыс­тырғанда өңірде қант қызыл­шасын егу қарқын алып келеді. Тәжі­рибе алмасу мақсатында АҚШ-қа кетіп бара жатқан Қанат Шайхиев өндіріске озық технологияны кеңінен енгізу және агро­техникалық шараларды қатаң сақтау арқылы мол нәтижеге қол жет­кізуге болатынын айтты. Елбасы айтқан бәсекеге қабілеттілік деген – осы.

egemen.kz

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.