Қызылордада адам өліміне себепші болған қоғамдық көлік жүргізушісі сотталды

28

Қызылордада адам өліміне себепші болған қоғамдық көлік жүргізушісі бас бостандығынан айырылды.

Аталмыш оқыс оқиға былтыр болған еді. Маршруттық көлік жүргізушісі кешкі 19.30 шамасында Қызылорда қаласындағы Сұлтан Бейбарыс көшесі бойында жолды кесіп өтпек болған жаяу жүргіншіні қағып кетті. Салдарынан жүргінші жолдың қарсы бетінде келе жатқан машинаның алдына құлаған. Бұл көлік оны үстінен басып өтіп тоқтайды. Зардап шеккен жан облыстық медицина орталығына жеткізілгенімен алған жарақатынан көз жұмды.

«Осыған орай Қызылорда қаласының №2 соты қоғамдық көлік жүргізушісін ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп таныды. Ол 2 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ, үш жылға көлік құралын жүргізу құқығын шектеу жазасы қолданылды», — деді Қызылорда қалалық №2 сотының бас маманы-сот отырысының хатшысы Мира Жақыпова.

Ол жазасын қауіпсіздігі барынша төмен түзеу мекемесінде өтейтін болды.

Бұдан бұрын Қызылордада алаяқтық жасаған тұрғын 4 жылға сотталғаны хабарланған еді .

inform.kz

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.