Қысқа дайынбыз ба? | arainews.kz

Қысқа дайынбыз ба?

215

«Өңірлік коммуни­кациялар қызметінде» «Қатты және сұйық отынмен жанатын пештерде, жылыту жүйелерінде жылыту маусымында өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау. Улы газдан өлудің алдын алу» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті.

Жиында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өрт саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасының бастығы Мақсат Әкімбаев пен департаменттің төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің басшысы Омар Такеев қысқа дайындық жұмыстарын егжей-тегжейлі баяндады.
Мақсат Әшірбайұлының айтуынша, әсіресе қысқы жылыту маусымында газдан улану оқиғасы күрт артатын көрінеді. Мәселен, 2017-2018 жылыту маусымында газдан улану салдарынан 9 адам қаза тапқан. Сондықтан, қандай да бір төтенше жағдайға жол бермес үшін қазіргі таңда департамент мамандары тарапынан тиісті үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, Мақсат Әкімбаев ағым­дағы жылдың тоғыз айында 531 өрт оқиғасы тіркеліп, 11 адам өлім құшқанын жеткізді. Ал, Омар Такеев жергілікті және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының қысқа дайындығына тоқталды.
– Жалпы, облысымыздағы жолдың ұзындығы 5 187 шақырымды құрайды. Республикалық маңызы бар автомо­биль жолдарына «Қазавтожол» жауап­кер­шілігі шектеулі серіктестігі қызмет көрсетеді. Бүгінде арнайы жол тазалау техникаларының 98 пайызы маусымға сақадай сай. Сонымен қатар, 1 362 тонна тұз, 11 938 текше метр құм, 65 тонна дизель отыны, 25 литр бензин дайындалды. Жол бойында 8 жылыту пункттері және бокстар әзірленді. Қосымша жол бойында жақын орналасқан мектептермен және тамақтану орындарымен келісімшарт жүргізілуде. Автокөлік жолдарының бойында 774 уақытша жол белгілері орнатылды және ұзындығы 800 метр қардан қорғау қалқаншалары орнатылды. Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында орналасқан Шақпақ, Күйік, Қордай, Хантау асуларында кезекшілік ұйымдастырылды. Сол секілді облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бойындағы Қаратау қаласы, Ақкөл, Ойық, Төле би, Қордай, Қоңыртөбе ауылдарына жылыту пункттері орналастырылды, – деген Омар Бекболатұлы қазіргі таңда аудандық төтенше жағдайлар бөлімдері аудан әкімдігінің мамандарымен бірлесіп, аймақтағы дайындық жұмыстарын зерделеп жатқанына тоқталды.
Брифинг барысында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де күн тәртібіндегі мәселеге орай сұрақтарын қойып, баяндамашылар тарапынан нақты жауаптар берілді.

Талғат БЕРІКБАЙҰЛЫ

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.