Қымбатшылық қос бүйірден қыспасын десек… | arainews.kz

Қымбатшылық қос бүйірден қыспасын десек…

260

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған былтырғы Жолдауында халықтың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын жақсартуға қатысты нақты тапсырмалар бергені белгілі. Осыған орай, ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап бірқатар салаларда айлық жалақы мен зейнетақы мөлшері өсіп отыр. Алайда өсім болды дегенше, азық-түлік және азық-түлік емес тауарлардың бағасы да бұлқына кететіні бар.

Жалпы бұл «дерт» пе, әлде әдет пе, әйтеуір халықтың табысына қосымша құн қосылды дегенше, баға да бір байламға көнбей кетеді. Ол аз десеңіз, кәсіпкерлер тауарларының бағасын АҚШ долларымен бағамдап, тағы үстемесін арттырып қояды. Сонда жалақы мен зейнетақыға қосылған бұл пайыздық қосымша құт болды ма, әлде?..
Облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы берген мәліметке сүйенсек, өткен жылдың 28 желтоқсанындағы дерек бойынша азық-түлікке жатпайтын 53 тауардың 32-сінің бағасы төмендеген көрінеді. Алайда 12-сінің құны шарықтап, 9-ы алдыңғы жылмен салыстырғанда өз деңгейінде қалған.
– Жалпы аудандар мен Тараз қаласы әкімдік­терінің жіберген мониторинг қорытындысына сүйенсек, ерлердің сырт жейдесінің бағасы 83 теңгеге, ал балалардың сырт киімі 125 теңгеге қымбаттап тұр. Сондай-ақ әйелдер киімінің бағасы 30, балалардың аяқ-киімі 50, кір сабын 1, сусабын 4, тіс пастасы 2, темекі 30, шағын тарелке 10, табақшасымен шай ішетін кесе 9, М400 маркалы цементі 20 және алтыннан жасалған зергерлік бұйымдар 63 теңгеге өскен. Бағалардың бұлайша шарықтауына тауарлардың өңірге сырттан келетіндігі және тасымал құнының АҚШ долларымен бағамдалуы себеп болуда. Ал М400 маркалы цементі құнының артуы өндірілген өнімнің көп бөлігінің Өзбекстан мемлекетіне экспортталуымен бай­ла­нысты, –
дейді облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы кәсіпкерлікті дамыту және сауда бөлімінің басшысы Бақытжан Орынтаев.
Иә, сала маманы жыл бастала сала бағаның бұлқынғанын жасырмауда. Алайда Бақытжан Маратұлы дәрі-дәрмектің бағасын тұрақтандыру мақсатында облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқар­ма­сы, Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің облыс бойынша департаменті, Фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту қауымдастығы арасында үшжақты меморандумға қол қойылғанын айтады. Осы мәміле негізінде дәрі-дәрмектердің 140 түріне шекті бағалар бекітіліпті. Және дәріханаларға бағаны өсірмеу туралы нақты міндеттер жүктелген екен.
Ал ақылы қызметтерге келсек, былтыр өсім 103,3 пайызды құраған. Атап айтсақ, байланыс қызметтері 5,5, денсаулық сақтау қызметтері 6,5, білім беру қызметтері 3,4, демалыс және мәдениет қызметтері 9,8, көлік қызметтері 3,6 пайызға артқан. Биыл бұл көрсеткіштің тағы өсуі мүмкін екендігін мамандар жоққа шығармауда.
Тұрғын үй-коммуналдық қызметтер саласына келсек, кәріз тарифі 0,4 және электр энергиясы 3,1 пайызға төмендепті. Елбасының былтырғы Жолдауынан кейін коммуналдық қызметтерге жүргізілген тексерістер нәтижесінде тариф тағы төмендейді деп күтілуде.
Иә, бұл азық-түлікке жатпайтын тауарларға қатысты бағаның барысы. Ал халықтың тұрмысына ең қажетті азық-түлік құнының жайы қандай?
Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқар­ма­сы бұған қатысты мардымды ақпарат бере алмады. Басқарманың ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, экспорт мониторингі және кооперациялар бөлімінің басшысы Марс Сейдібаевтың айтуынша, олар азық-түлік бағасына болжамды көрсеткіш жасайды екен.
– Бізге сауда нүктелерін тексеруге құқық берілмеген. Сондықтан қалауымызша рейдтік шаралар ұйымдастыра алмаймыз. Бірақ аудан­дар мен Тараз қаласы әкімдіктерінен жіберіл­ген мәліметтер бойынша азық-түлік­тер­дің болжамды бағасын жасаймыз.
Және тауарлардың бағаларын тежеу мақ­са­тында тұрақтандыру қорынан тұрақты интер­вен­циялар жүргізіліп, қырыққабат 80 теңге, нан 55, күнбағыс майы 325 және жұмыртқа 23 теңгеден өткерілуде. Бұдан бөлек қорға пияз, сәбіз және картоптың жеткілікті мөлшері жиналып отыр.
Тағы бір айта кетерлігі, маусымаралық кезеңге қажетті 1 398 тонна көкөніс, 33 тонна сүт өнімдері, 73 тонна күріш, 1 635 тонна ұн, 15 тонна сиыр еті, 337 мың дана жұмыртқа және тағы да басқа әлеуметтік тауарлар қоймаларда сақталуда.
Соңғы шешім бойынша тұрақтандыру қоры­на қосымша 1 450 тонна бірінші сұрыпты ұн және 18,9 тонна қырыққабат сатып алынды. Енді 500 тонна қант алу үшін келіссөздер жүр­гізі­луде.
Дәл қазір тұрақтандыру қорының есеп­шот­та­рын­дағы қаражат көлемі 32 миллион теңгені құрап отыр. Міне, осы қаржының көмегімен қажет болған жағдайда керекті тауарларды сатып алып, бағаны барынша тұрақтандыруға күш саламыз, – дейді бөлім басшысы.
Бұл басқарманың бізге берген ресми мә­лі­меті. Алайда шын мәнінде, бәрі «сұлу» сан­дар сөйлегендей ме? Осы орайда Тараз қала­сын­дағы бірқатар сауда нүктелерін аралап шығып, құзырлы мекемелердің дерегінің «ертегі» екеніне көз жеткіздік. Мәселен, ауыл шаруа­шы­лы­ғы басқармасы 80 теңгеден сатылып жатыр деген қырыққабаттың келісі дүкендерде 140 теңгеден саудалануда. 55 теңге деген нан бағасы 65, кейбір жерде 70 теңгеден тұр. Күнбағыс майына келсек, 325 теңге деген баға атымен жоқ. «Шедевр» майының 500 теңгеден арзанын таппайсың. Жұмыртқаны басқарма 23 теңгеден сатылып жатыр десе, сауда орындарынан 35 теңгеден аласың.
Сатушылардың айтуынша, енді шырынды сулар да қымбаттайды деген хабар келіпті. Мәселен, дәмді сулар 17 теңгеге өсетін болса, газсыз сулар 16 теңгеге қымбаттамақ екен. Сондай-ақ күріш бағасы 20-30 теңгеге артса, бірінші сұрыпты ұнның құны да қалтаға ауыр соқпақ.
Сауда орындарын аралау барысында бірнеше тасымалдаушы компаниялардың өкілдерімен де тілдесіп қалдық. Олардың сөзіне сүйенсек, бірер күнде кір жуатын ұнтақ сынды азық-түлікке жатпайтын тауарлардың да бағасы 20 пайызға өседі екен. Бір сөзбен айтсақ, қай сауда нүктесінің босағасынан аттасақ та қымбатшылық қос бүйірден қысуда.
Демек, қарапайым халық қымбатшылыққа қазірден дайындала беруі керек сияқты. Себебі жур­налистік зерттеу барысында бірде-бір сауда­герден «мына тауар арзандайды» деген сөз естімедік. Міне, сондықтан да бұл мәселемен ба­ғаны тұрақтандыру штабтары шындап айна­лыс­паса болмайды. Әйтпесе жыл бастала кө­теріл­ген баға қалтаны қағудай-ақ қаққалы тұр.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.