Балалар туризмінің бүгіні мен болашағы қандай? | arainews.kz

Балалар туризмінің бүгіні мен болашағы қандай?

398

Таңғажайып табиғаты эпостық дастандар мен көркем шығармаларға негіз, аңыз бен ертегілерге арқау болатын киелі Әулиеата өңірі Ұлы даланың тарихи төрі саналады. Сай саласы сиқырлы сырды, тау-тасы том-том тарихты жасырып жатқан бұл топырақта әлі ашылмаған ақиқат көп. Оны келер күннің еншісіне, өскелең ұрпақтың жауапкершілігіне аманаттайтынымыз тағы бар. Өзінің туып өскен текті топырағының тарихын танып-білуге ынталы жастар да аз емес. Дегенмен өзені тауға қарай ағып, тылсым дүниенің арнасын сан сауалға толтырған өңірімізде Абай хакім айтпақшы «көрсем, білсем» деген жасөспірімдерге қаншалықты қолдау көрсетіліп отыр? Мүмкіндіктердің мөлшері қандай?

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасының артуы» атты Жолдауында «Өз жеріңді танып біл!» атты өзекті бастама көтергені белгілі. Мемлекет басшысы бұл тұрғыда «Бойскаут» қозғалысы сияқты «Сарбаз» балалар-жасөспірімдер бірлестігін құрып, мектептерде әскери-патриоттық тәрбиенің ролін күшейткен жөн. «Өз жеріңді танып біл» жаңа бастамасы аясында еліміздің өңірлері бойынша жаппай мектеп туризмін қайта жаңғырту керек» деп, Ұлы дала ұрпағы үшін ұтымды ұсыныс айтты. Әлем экономикасындағы жоғары табысты салалардың бірі саналатын туризмді дамытуға бағытталған бастамалар өз деңгейінде жүзеге асып жатыр. Алайда өңірімізде балалар туризмінің даму қарқыны дәуірлердің жылдамдығымен қозғалып келе жатқандай. Оған негіз де жоқ емес. Мәселен, осыдан 3 жыл бұрын тұғырлы тәуелсіздігіміздің 25 жылдығында іргелес жатқан шырайлы Шымкент шаһарында алғаш рет балалар туризмі күні аталып өтсе, 2017 жылы Маңғыстауда алғаш балалар туризмі орталығы ашылған. Бүгінде бұл орталық мектеп оқушылары арасында туристік, экологиялық жобаларды ұйымдастыруда. Нәтижесінде қазіргі таңда Батыс Қазақстан облысы балалар туризмі бойынша ел аумағында көш бастап тұр. Ал біздің аймақта мектеп жасындағы оқушылармен санаулы саяхаттар мен арагідік жиындар, аудандарда шағын экскурсиялар ұйымдастырылғаны болмаса осы бағыттағы іс-шараларды жүйелеп, оң істі орталықтандырып отыратын орын жоқ. Айталық, ұзатылған 2018 жылы өңірдегі лагерьлерге жергілікті және ел аумағынан мыңға тарта жасөспірім ат басын бұрып, сауықтыру шараларына қатысқан екен. Дегенмен лагерьге келіп-кету бір бөлек, өлке тарихымен танысып, тағылым көкжиегін кеңейту мүлдем басқа.
– Жалпы балалар туризмі – саланың күрделі тармағының бірі. Себебі қауіпсіздік мәселесі және жауапкершілік он есе үлкен. Мұндағы тағы бір мәселе, бүгінгі күні көпшілігіміз жасөспірімдер арасындағы туризмнің ауқымын лагерьде демалумен ғана шектеп қараймыз. Бала жастан бастау алған туризм әрбір өскелең ұрпаққа азаматтық, отансүйгіштік сезімнің іргесін қалайды. Және нақты осы бағыт жеткіншек ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеудің таптырмас құралы. Себебі шын мәнісінде мұғалімнің сабағы, бейнефильм немесе әдістемелік құралдар еш уақытта да жанды саяхаттың орнын алмастыра алмайды. Сондықтан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында балалар-жасөспірімдер туризмі оқу орындарының жұмысымен ұштасып дамыса, одан ұтарымыз көп. Сонымен қатар бізде балалар туризміне тек жазғы демалыс кездерінде ғана мән беріледі. Оқу процесі кезінде де тақырыптық, кәсіби бағдарлы саяхаттарды, туристік-өлкетанудың басқа да танымдық бағыттарын қолға алуға болады. Бала белгілі бір аймаққа барғаннан кейін ол жердің тарихымен, аңыздарымен, танымды деректерімен де танысып, терең мағлұмат алып қайтуы қажет. Және жастар арасында велотуризм, шаңғы, ұлтымызға жақын атпен серуендеу секілді бағыттарды дамытуға басымдық берілсе, ғаламторға жіпсіз байланған жастарымыз үшін игі іс болар еді. Бұдан бөлек өңірдегі гид мамандарының тапшылығы мәселесі тағы бар. Осы орайда біз оқу орнына қарасты студенттер арасында гид мамандарын даярлайтын шеберлік мектебін қалыптастырып жатырмыз. Себебі әрбір тарихи орынның өзіне тән ерекшеліктері бар. Оны жастарға өз қатарластары таныстырып жатса, істі ілгерілетуге ықпал жасайды деген ойдамыз, – дейді М.Х.Дулати атындағы ТарМУ «Туризм және сервис» кафедрасының меңгерушісі Ғалымжан Жапсарбеков.
Бір анығы, Тараз қаласының сыртындағы оншақты мемлекеттік сауықтыру және сенімгерлік басқаруға берілген лагерьлер 12 күнге 20-45 мың теңге аралығында қызмет көрсеткен. Ал оның нәтижесі қандай? Мәуелі маңызы бар іске мониторинг жасалмапты. Хош, сонымен Елбасы жариялаған жаңа «Жастар жылының» басында жамбылдық жас туристердің жайын білу мақсатымен облыс әкімдігі туризм басқармасының мамандарымен пікірлестік. Алайда мекеменің балалар туризмін ілгерілетуге бағытталған жоспарларын білу мұң болды. Басқармаға қарасты туризм бөлімі бұл іске «Тараз–Туризм» туристік ақпараттық орталығы жауапты десе, ондағылар тек іс-шараларды өткізуге ғана жауапты екендерін жеткізіп, жалпы шаруа мен жоспарларды туризм бөліміне сілтеумен болды. Ақырында «Биылғы жылға балалар мен жасөспірімдер туризмін дамытуға қаражат бөлініп отырған жоқ. Ал қаржы болмаған соң жоспар қайдан болмақ» деген жауап алдық туризм басқармасының бөлім басшысы Жомарт Хажы Жайнақұлынан. Аталмыш туристік ақпараттық орталығы тек жазғы маусымдағы сауықтыру лагерьлерінің тізімі мен демалу құны белгіленген кесте мен 12-16 жас аралығындағы жамбылдық 50 оқушының Астана қаласына барған сапары жөнінде ғана мәлімет беріпті. Жыл сайын жастар арасында ұйымдастырылып келген туриада да ұзатылған жылы ұйымдастырылмапты. Бұл мәселе төңірегінде облыс әкімдігі білім басқармасы мамандарының да өз айтары бар.
– Тәрбие 9 түрлі бағытта болса, соның біреуі осы қоршаған ортаны қорғап, аялаумен, яғни туристік саламен байланысты. Бұл бағытта белсенді жұмыс жасайтын ұйымдар тапшы. Бұрнағы жылдары өңірде алматылық «Гүлзар» қоғамдық бірлестігімен бірлесіп, аталмыш тақырыпта республикалық конференциялар ұйымдастырылып тұратын. Кейін бірлестік жұмысы орман шаруашылығы бағытына ауысып кеткендіктен, соңғы 2 жылда ондай жиын өткен жоқ. Бізде 10 аудан мен қалада экологиялық тірек мектептері бар. Олардан жоспар алып тұрамыз. Бірақ сол тірек мектептердің өзінде экологиялық сауат ашуға бағытталған курстардың сағаты өте аз. Себебі негізгі басымдық ҰБТ-ға енген пәндерге берілген. Жалпы, әрбір мектеп оқушысы сыныбының, мектебінің тазалығынан бастап қоршаған ортаны, туып-өскен өлкесінің тарихын танып-білуі қажет. Сабақтағы интерактивті тақтаның, компьютердің адам денсаулығына қаншалықты әсер ететінін де білуі тиіс. Ол үшін экологиялық сауатты болу керек. Бұған қоса күні бүгінге дейін мектептерден керек емес қағаздарды жинау мәселесі де қолға алынған. Қоқыста, көшеде шашылып жатқан қағаздарды көп өткізген мектеп оқушыларына арнайы сыйлықтар да қарастырылған. Бірақ бұл іске де мектеп басшылары жүрдім-бардым қарап отыр, – деген облыстық білім басқармасының оқу-әдістемелік кабинетінің әдіскері Алтынкүл Жалбасбаева біраз жайттың бетін ашты. Ал аталған оқу-әдістемелік кабинетінің тағы бір әдіскері Ғалия Жатқанбаева.
– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында былтыр Шу ауданында «Менің Отаным – Қазақстан!» атты туристік экспедициялық жасақтардың слеті жоғары деңгейде өтті. Әр аудан мен қаладан 12 команда қатысып, мектеп оқушылары өз өлкелері жайлы слайдтар жасап, тәжірибе жүзінде аудандағы Жайсаң ғұрыптық кешенінде арқан байлау, шатыр тігу, табиғат аясында өмір сүру, географиялық маршруттар жасау секілді туристік сындардан тәжірибе алмасып, шеберлік шыңдады. Оның жеңімпаздарына Бурабайға жолдама берілетін болған, бірақ оған жауапты мамандар тарапынан тендер уақытылы ойнатылмағандықтан кейінге шегерілді. Дегенмен бағалы сыйлықтар табыс етілді. Жалпы шара барысында өңір жастарының туристік салаға құлшынысы мен қызығушылығының зор екендігін байқадық. Өздеріне жүктелген сын мен талапты екі есе артығымен орындап шықты. Осындай шаралар көбірек өткізілсе деген сұраныстарын әлі күнге айтады. Негізінде Қордай, Т.Рысқұлов аудандарында балалардың сауықтырылуына бағытталған шағын ғана орталықтар бар. Бірақ нақты балалар мен жасөспірімдер туризміне арналған арнайы туристік орталық жоқ. Ондай орталық өңір жастарына керек-ақ, – деп ағынан жарылды.
Айта кетсек, өткен жылғы 20-23 қыркүйекте Ақтау қаласында өткен жас өлкетанушылар, экологтар мен табиғат зерттеушілерінің «Табиғатты аяла» атты республикалық форумында Жамбыл облысының командасы бірінші орынды иеленіп, арнайы номинациялармен марапатталған болатын. Бұл шараның облыстық сыны Тараз қаласындағы №30 мектеп-гимназияда өтіп, одан 9 оқушы жеңімпаз атанған еді.
Жалпы, Елбасы атап өткен скауттер ұйымы 1921 жылы Ұлыбритания, Германия, АҚШ, Италия, Франция, Швеция, Үндістан, Ресей секілді 63 мемлекетте белсенді жұмыс жасап, күні бүгінге дейін маңыздылығын жойған жоқ. Бұл күнде алпауыт мемлекеттерде арнайы балалар-жасөспірімдер туризмінің кластері құрылған. Оның құрамында түрлі турагенттіктер, осы салада қызмет көрсететін кәсіпорындар мен нысандар қамтылған. Тіпті әрбір аптаның аяғындағы демалыс күндерді, танымдық саяхаттарды ұйымдастырушы жетекшілер мен мектеп туризмінің нұсқаушыларын даярлайтын жүйе бар. Батыс Еуропа елдерінде қосымша білім беру ұйымдарына 70 пайыз, мектепке 30 пайыз ғана көңіл бөлінсе, бұл жағдай елімізде керісінше өріс алып отыр. Әлемге әйгілі Аристотель шәкірттерін ашық аспан астында серуендете жүріп, дәріс бергені тарихтан белгілі. Сабақ үлгерімі жақсы оқушылар атпен серуендесе, керісінше нашар көрсеткішке ие болғандары жаяу жүріп дәріс алған. Соған байланысты ол қалыптастырған мектеп гректің «perіpatetіkos», яғни серуендей жүріп орындау мәніндегі сөзіне сәйкес «перипатетикалық мектеп» деп аталған. Ал оның әлемді жаулап алған Ескендір Зұлқарнайын секілді шәкірттері болғаны адамзат шежіресіндегі шындық. Біздің өңірде де осындай нақты жүйе жұмыс жасаса, мәселен бастауыш сынып оқушылары ауылдың тарихын, орта топтағылар ауданның, ал жоғары сыныптағылар облыстың және еліміздің басқа өңірлерінің құндылықтарымен сусындаса, руханиятымыздың да келешегі үшін игілігі мол іс болар еді.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.